Тәрбие әлсіреген жерде қылмыс өршиді

1389

0

«Біреудің ала жібін аттама!» деп бала кезінен санасына сіңіріп өсірген бұрынғылардың тәлім-тәрбиесіне қайран қаласың. Ал қазір ашықтан-ашық өзгенің затына қол сұғып не біреуді тонап, кісі өліміне дейін баратындар қатары сиремей тұр. Кейбірі  бесіктен белі шықпай жатып темір торға тоғытылуда. Қоғамды қатыгездік жайлап бара ма деп қорқасың. Бұлай айтуымыздың себебі, қылмыстың кейбір түрлері  көбейіп тұр.

–    Өмір болған соң, жаза басып, тура жолдан таятындар бар. Алайда кейбіреулер бір басқан «шоқты» қайта басып, маңдайын тасқа ұрады. Облыстық прокуратура қызметкерлері қылмыс жасауға бейім 10 мың адамды тәуекел тобына жатқызып отыр. Олармен жұмыс жасау нәтижесінде қылмыс 9 процентке төмендеді. Алайда, Жаңақорған, Жалағаш, Аралда керісінше қайта өскен. Бұрын сотталған 301 адамның қылмысқа қайта баруы қолданылған шараның тиімсіздігін байқатады. Олардың 277-сі жұмыссыз болғандықтан сол баяғы  «үйреншікті» әдетіне басқаны түсінікті жайт, – дейді облыстық прокуратураның басқарма басшысы Батырбек Нұрмағанбетов.

Бұған қоса тиісті міндет жүктелген қылмыстық атқару жүйесі қызметкерлері сотты болғандарды қоғамға бейімделмек түгілі, екінші рет қылмыс жасауға итермелеуі жағдайды одан әрі ушықтырып тұр. Дәйекті дәлел­демеге жүгінейік. Жала­ғаштағы орталық саябақ жанында бұрын сотты болған азамат өзінің бөтел­келесін пышақтап, қайта сотталған.

Бұл азамат өткен жылы сот үкімімен 3 жыл шартты жаза арқалап, пробациялық бақылауда екен. Тағы бір дерек тіпті жаға ұстатады. Әлеуметтік желіде өзінің әрекетімен танылған ЗК-164/9 мекемесі бастығының орынбасары сотталғандарды үйіне апарып, жеке жұмысына салғанын көпшілік ұмытпаған болар. Ал ЗК-169/5 мекемесінің сотталғандар арасында әлеуметтік-психологиялық және тәрбие жұмысын жүргізу міндеті жүктелген жасақ басшысы заңмен тыйым салынған затты кіргізіп беруге уәде беріп, сотталған адамды екінші рет қылмысқа итермелеген. Погондылардың екеуі де қамауға алынған.

Аса ауыр қылмыс, кісі өлтіру, алаяқтық, зорлау сияқты тұла бойыңды тітіркендірер қылмыс түрлерінің артып бара жатқаны кім-кімді де ойландыруы тиіс. Әсіресе, Байқоңыр, Сырдария, Арал, Қазалы, Шиеліде мұндай қылмыстар саны жоғары. Ай мен күннің аманында қолына қару алып жүретін жасөспірімдер көбейді. Мүмкін олар өздерін «бейбіт заманның батыры» санайтын болар?  Биылғы жылдың тамыз айында Шиелі кентінде орын алған 1998-2003 жылы туылған балалар арасындағы топтық төбелес естігеннің төбе шашын тұрғызары анық.  Бір-бірін аяусыз соққан қарадомалақ қазақтың баласы екеніне сенгің келмейді. Амал қанша? Нақты деректер осы төбелес салдарынан 2 адамның атыс қаруынан жараланғанын айғақ­тайды. Ауылдың өзінде  топ­тық, тіпті рулық төбелестердің тізбегі кемімей тұр.

Ал, қаланың қақ ортасында «Ваз» маркалы автокөлігімен «Ақмешіт» шағын ауданы №9 үйінің алдында отырған  3 адамға бірнеше рет оқ атып, одан   әрі қалалық паркке келгенше арттарынан қуып, тағы да тапаншадан оқ жаудырған. Бейнекамералардың  түсіру сапасының нашарлығы енді келіп ауыр қылмыстардың дер кезінде ашылмауына себеп болуда. Соның салдарынан жедел ақпарат та зерделенбей, күдіктілер ұсталмай, кәнігі қылмыскерлер бостандықта сауық-сайран құруда. Жалпы облыс орталығында 221 көпқабатты үйдің ауласы бейнека­мерамен және 917 подъезд бейнебақылаумен қамтылып, 157 аула жарықтандырылған. Бұл жерлерде құқық бұзушылық сирек тіркелгенін талдау нәтижесі көрсетіп отыр.

Қолдағы деректер жас­өс­пірімдер арасында жантүршігер оқиғалардың жиілеп баратынын  дәлелдейді. Он екіде бір гүл ашылмаған бойжеткен түнгі уақытта таныс жігітімен серуен құрып, ертесіне қала сыртындағы фазендаға барып жақын қарым- қатынаста болған. Ал қыздың анасы екі күн өткеннен кейін қызының хабарсыз кеткеніне арызданған.

Түнгі мезгілде ата-анасының қарауынсыз жүрген балаларды анықтау міндеті жүктелген полиция мен білім беру ұйымдары тарапынан жүргізілетін рейдтік іс-шара тек формальді түрде іске асқанын облыстық прокуратураның бас­қарма басшысы да жоққа шы­ғармайды. Мұндай акцияның айына бір-ақ рет өткізілуі де жасөспірімдер арасындағы қыл­мыстың артуына себеп болатын секілді.  Үйінен қашып, жалдамалы пәтерге емін-еркін барып, алкогольдік ішімдік ішіп, таңға дейін ойына келгенін істейтін ұл-қыздардың тірлігіне кімді кінәлаймыз? Отбасында мықты тәртіп болса, жастар жүгенсіз кетпес еді. Пәтерін жалға беретіндер ақша үшін жастардың келешегіне балта шаппаса дейсіз. Мына бір дерек барлық ата-ананы ойлантуы тиіс. Облыстық прокуратура мамандары «Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына» жүргізген тексеру нәтижесінде мекемеге орналастырылған қыздардың арасында 16 жасқа толмаған адаммен қатынасқа түсудің 2 дерегі, кәмелетке толмаған адамға соз ауруын жұқтырудың 3 дерегі анықтаған.  Демек, медициналық тексеру мен психологиялық көмек қағаз жүзінде іске асатыны белгілі болған.

Бала тәрбиесі – ананың құрса­ғынан басталады. Бұл ұстаным ертеңгі күні «Қолымды мезгілінен кеш сермедім…» дегізбес үшін, бала тәрбиесін өсе келе емес, ананың бойына біткеннен бастауға үндейді. Өйткені, бала тәрбиесінде жіберген кішкентай қателігіміз, ертеңгі күні орны толмас өкінішке апарып соқтыруы ғажап емес…

Қылмысқа қатысты тағы бір мәселе. Елдегі карантиндік жағдай алаяқтардың арам ісін іске асыруға таптырмас «мүмкіндік» болғандай. Олай деуіміздің сыры, алдап-арбау, алаяқтықтың тең жартысы ғаламтор арқылы жасалып, ол өткен жылмен салыстырғанда екі есе көбейген. Ал олардың ашылу көрсеткіші өте төмен.

–    Онлайн несие рәсімдеу ар­қылы жеке мәліметтерін ғаламтор арқылы ұсынып, өзге біреудің атынан құжаттар рәсімдеу жиіледі.  Бұл ретте әр адамның құқықтық білімін арттыруда ақпараттық-насихаттық жұмыстар жүргізіліп тұруы керек,– дейді Батырбек Нұрмағанбетов.

Мал ұрлығы бойынша да елді мекендерде орын алып отырған мәселе жетерлік. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері барлық ауыл тұрғындарына пада арқылы мал бағудың тиімділігін айтып түсіндіре алмауда. Бұл мал ұрлығының азаюына себеп болар еді. Қазіргі күні ауылда мал бағатын адам сирек, болса да оларға ақша беріп баққызамыз деген әңгіме әлеуметтік желіде біраз талқылауға түсіп еді. Әр үйдің тіршілік көзіне айналған төрт  түлігін ит-құстан бөлек адамның «қасқырына» жем  қылмасын. Қараусыз жүрген мал жол-көлік оқиғаларының арт­уы­на да себеп болатынын егелері білуі тиіс. Мәселен, мұндай оқиға  өткен жылмен салыстырғанда 17 процентке төмендегенімен, шы­ғын 27 процентке өскен. Оның ішін­де қалада 50, Қазалыда 75, Қар­мақшыда 33, Сырдарияда 50 процентке артқаны мамандарды алаңдатуда.

Күн сайын құқық қорғау ор­гандарының базасына түр­лі қылмыстық оқиғалар тізбек­теле­тінін біле бермейміз. Оның бар­лығы көпшілікке ашық айтылмайды. Тек арнайы рұқсатпен ақпарат беттерінде жазылып, теледидарда көрсетіледі. Ал біз білмейтін қылмыс қаншама? Сондықтан қыл­мыссыз қоғамның өрісін кеңей­ту әрбіріміз үшін жауапты дер едік. Өйткені, қазіргі уақыттың қай­шы­лықтары тым күрделеніп барады.

Айсәуле Қарапаева,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<