Тәуелсіздік бағалаған адамның, аялаған қоғамның қолына тұрақтайды

433

0

Тәуелсіздіктің 30 жылдық  мерекесі Сыр елінде апта басынан бері ерекше сән-салтанатпен атап өтілуде. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевтің қатысуымен өткен іс-шаралар – осының бір парасы.

Мерейлі мерекеге арналған іс-шаралар легі кеше де өз жалғасын тауып, «Достық үйінде» «Жасампаздыққа толы жылдар» тақырыбында республикалық ғылыми-практикалық конференциясы өтті. Оған облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Ғалым Әміреев, облыстық мәслихат хатшысы, тарих ғылымдарының кандидаты Наурызбай Байқадамов, Ұлттық Ғылым академиясының академигі, облыстық мәслихат депутаты Қылышбай Бисенов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қалқазбек Әжібеков, ақын, облыстық мәслихат депутаты Шәкизада Әбдікәрімов, басқа да облыстық, қалалық мәслихат депутаттары, жоғары оқу орындарының оқытушылары, үкіметтік емес ұйым өкілдері, облыстық этномәдени бірлестіктер мен жастар ұйымдарының жетекшілері және онлайн байланыс арқылы аудандардағы зиялы қауым өкілдері қатысты.

Конференцияны  облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова ашып, жүргізіп отырды.

Тәуелсіздік бағалаған адамның, аялаған қоғамның қолына тұрақтайды

– Тәуелсіздік – ата-бабаларымыздың аңсар арманы, даналарымыздың үзілмес үміті, Алаш ардақтыларының жаны пида болған қастерлі де қасиетті бағымыз. Тұңғыш Президентіміздің батыл қадамдарының, тарихи шешімдерінің  және оған қолдау көрсеткен халқымыздың бірлігі мен қажырлы еңбегі нәтижесінде ауқымды экономикалық, саяси және әлеуметтік реформалар жүргізілді. Шекарамыз бекіді, әлем мойындаған мемлекетке айналдық. «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласында бұл жылдарға баға берген Елбасы: «Мен отыз жыл бойы халқымды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, қайраңға қалдырмай, әлемдік өркениеттің алдыңғы шебіне, дүниедегі ең дамыған 40 елдің қатарына қостым. Осы жылдар ішінде әлемдік ғылым мен мәдениеттің ең үздік жетістіктерін меңгерген жаңа ұрпақ қалыптасты. Жаңа елордамыз салынды. Ең үлкен табысым да, ең үлкен бақытым да осы деп санаймын», – деді.  Астаналар мекені атанған, Алаш зиялылары мен ардақтыларының арманын тоғыстырған, қасиеті қымбат, көмбесі асыл Сыр өңірі тәуелсіздік жылдарында зор табыстар мен жасампаз жетістіктерге қол жеткізді, – деген облыс әкімі жиналғандарды мерекемен құттықтап, конференция жұмысына сәттілік тіледі.

Қазақстан тәуелсіздігін  аз уақыт  ішінде әлемнің көптеген беделді мемлекеттері таныды. Еліміз халықаралық қатынастардың заңды субъектісі ретінде, шет мемлекеттермен дипломатиялық байланыс орната бастады. Әлемдік саясат аренасында Тәуелсіз Қазақстан пайда болды. Конференцияда «Қазақстан – әлем мойындаған мемлекет» тақырыбында ҚР Парламенті Мәжілісінің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Ғалым Әміреевтің баяндамасы тыңдалды. Ол мемлекетіміздің әлем елдерімен байланысы, әлемдік саясаттағы рөлі туралы жан-жақты баяндады.

–    Тәуелсіздік таңында Қазақстан орталықтандырылған жоспарлы экономикадан қазіргі заманғы еркін нарықтық жүйеге, басқарудың тоталитарлық моделінен көппартиялық демократияға трансформациялауға бағытталған реформаларды іске асыруға кірісті. Отыз жыл ішінде 186 елмен дипломатиялық қарым-қатынас орнатты. Еуразияның қарқынды дамып келе жатқан экономикаларының біріне және халықаралық аренадағы беделді дауысқа айналды. Күрделі кезеңді абыроймен еңсерген Қазақстанның жетістігі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың елімізді дамыту жолын нақты таңдауының нәтижесінде болды. Бүгінде еліміздің ішкі жалпы өнімі 180 млрд АҚШ долларынан асады. Бұл – Орталық Азиядағы ішкі жалпы өнімнің жартысынан астамын құрайтын ірі экономика.  2015 жылы еліміз Дүниежүзілік сауда ұйымына кірді. Тәуелсіздік алған уақыттан бері 330 млрд доллардан астам тікелей шетелдік инвестиция тартты. Электронды үкіметтің даму деңгейі бойынша Біріккен Ұлттар ұйымының рейтингінде 193 елдің ішінде 29-орында. Ол – ТМД елдері арасындағы ең жоғары көрсеткіш. Қазақстан биылғы экономикалық еркіндік индексі бойынша 180 мемлекет арасында 34-орынды иеленді. Еліміздің үлесіне Орталық Азияға тартылған тікелей шетелдік инвестициялардың 70 проценті тиесілі. Инвестициялардың шамамен 50 проценті  Еуропалық одақтан тартылды. Кейінгі жылдары елімізде инвесторларды қорғауды күшейту, бюрократияны қысқарту, салық салудың ашықтығын арттыру және кәсіпкерлікті қолдау үшін ауқымды реформалар жүргізілуде, – деді Ғ.Әміреев.

2018 жылы Астана халықаралық қаржы орталығы құрылды. Ол – Нұр-Сұлтанды өңірдегі қаржы хабына айналдыруға бағытталған жоба.

Баяндамашы сонымен бірге еліміздің халықаралық саяси аренадағы рөліне де жан-жақты тоқталып өтті. Баяндамада айтылғандай, Қазақстан – ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз ету қозғалысының жаһандық көшбасшысы. 1991 жылы 29 тамызда Семей ядролық полигонын жауып, әлемдегі көлемі жағынан төртінші ядролық арсеналдан бас тартты. Еліміз бүгінде өңірлік ынтымақтастық жобаларына, соның ішінде Шанхай ынтымақтастық ұйымының, Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің тең құрылтайшысы ретінде белсенді қатысады.

Тәуелсіздік бағалаған адамның, аялаған қоғамның қолына тұрақтайды

– Бір ғана мысал келтірейін, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Сириядағы қақтығысушы тараптар арасындағы ұрыс қимылдарын тоқтату туралы келіссөз жүргізу үшін Астана алаңын ұсынғанын атап өту керек. 2017 жылы қаңтар-қазан аралығында Сирия дағдарысын  реттеу бойынша 7 халықаралық кездесу өтті. Қақтығысты дипломатиялық диалог арқылы реттеуге бағытталған ұмтылысты Біріккен Ұлттар Ұйымы және көптеген әлемнің көшбасшылары мойындады, – деп атап өтті Ғалым Махмұтбайұлы баяндамасында.

Келесі кезекте «Тәуелсіздік тағылымы: Елбасы және Сыр өңірі» тақырыбында ҚР ҰҒА академигі, облыстық мәслихат депутаты Қылышбай Бисеновтің баяндамасы тыңдалды.  Баяндамашы   Елбасының «Тәуелсіздік тағылымы» мақаласының маңызы мен  Сыр еліне деген қамқорлығын жан-жақты саралап, жастарға тәуелсіздіктің қадірін ұғындырды.

– Елбасы егемендіктің алғашқы күндерінен бастап береке-бірлік пен ынтымаққа, дінаралық келісім мен ұлтаралық татулыққа негізделген саясатты қолға алды.  Жаңа Конституция қабылданды, шекарамыз шегенделді. Тұңғыш Президентіміздің тарихи ерлігі – Сарыарқаның төріне, Есілдің бойына ел қондырып, жаңа да әсем елорда салғаны. Сайын далада самаладай жарқыраған сұлу шаһар орнайды деген кімнің ойында болды дейсіз?! Елорданы республиканың дәл географиялық кіндігіне көшіру идеясы Елбасының кемел саясатынан туындаған.  Осының бәрін аз уақытта жүзеге асыру оңай болған жоқ. Нұрсұлтан Әбішұлының азаттықтың абыройын асқақтатқан ойлы тұжырымы тәуелсіздіктің  тағылымын, қазіргі қазақ елінің береке-бірлігін, тұрақтылығын, жарқын болашағын тарихымыздың әрбір кезеңін талдай отырып түсіндіреді. Сондықтан тәуелсіздікті сезіну, оны түсіну – біздің парызымыз. Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап Арал теңізі экологиялық апатының зардабын шегіп отырған Қызылорда облысының дамуын ендігі жерде әкімшілік деңгейде шешу мүмкін еместігі анық байқалды. 1993 жылдың наурызында Қызылордада Елбасының қатысуымен Арал теңізінің проблемаларына арналған халықаралық конференцияда Арал теңізі мен Арал аймағы проблемаларын шешу, экологиялық сауықтыру, әлеуметтік-экономикалық дамуды қамтамасыз ету жөніндегі біріккен іс-қимыл келісіміне қол қойылды. 1995 жылы бүкілхалықтық референдум алдында Н.Назарбаев 12-13 сәуірде іссапармен келді. Елбасының сапарын экономикалық дағдарыс пен экологиялық  дағдарыстың ащы дәмін татып отырған  өңірден бастауы бекер емес еді, – деген Қылышбай Алдабергенұлы Елбасының өңірімізге деген шексіз қамқорлығы аясында атқарылған ауқымды жұмыстарға тоқталды.

Отыз жыл бұрын біз саналы түрде өз болмысымыздың негізі ретінде бостандық пен азаттыққа таңдау жасадық. Бұл мерзім адамзат тарихы үшін қас-қағым сәт болғанымен, тәуелсіз Қазақстан үшін үлкен белес екені белгілі.  Конференцияда сонымен қатар облыстық мәслихат хатшысы, тарих ғылымдарының кандидаты Наурызбай Байқадамовтың «Тәуелсіздік – ұлттың тарихи тағдырында» тақырыбындағы баяндамасы тыңдалды.

– Біздің тәуелсіздігіміз басыбайлық санадан құтылудың барлық мүмкіндіктерін жасауда. Елбасының да, Президенттің де түсіндіріп жатқаны осы мәселе. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Елдіктің жеті тұғыры» және «Тәуелсіздік тағылымы» атты үндеуі мен мақаласында тәуелсіздік қадірі туралы айтты. Адамзат жаратылғаннан бері бірі бағынышты, бірі үстемдік етуге бейім болған. Содан бері тәуелсіздік пен тәуелділік адамзат таразысының екі басында тұр. Бүкіл түркі дүниесінің мұрагері – қазақ халқы да өзінің қалыптасу жолында таразының екі басын кезек алмастырып келген.  Тәуелсіздік жолы – ғасырларға созылған ұзақ жол, ерлердің қаһармандық жолы, ұлттық рух жолы, азаттық үшін арпалыс жолы, ата-бабамыздың жолы, яғни, қазақ халқының бүгінге дейінгі тарихи жолы. Тәуелсіз қазақ елінің тарихы Еуразия кеңістігіндегі Ұлы дала империялар тарихын қамтитын үш мың жылдық жылнамасы бар ұлы тарихтың жалғасы, – деген баяндамашы тәуелсіздіктің қадір-қасиетін терең талдап, оған жету жолындағы ата-бабаларымыздың тынымсыз күресін тілге тиек етті.

Елбасының егемендіктің елең-алаң шағындағы «алдымен  экономика, сонан соң саясат» деген өміршең тарихи қағидаты мен сындарлы саясаты еліміздің экономикалық кемелденуіне, терезесі тең, керегесі кең мемлекетке айналуына жол ашты. Жиында сөз алған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қалқазбек Әжібеков «Қызылорда облысының экономикасы – дағдарыстан тұрақты дамуға дейін» тақырыбындағы баяндамасында тәуелсіздік жылдарындағы аймақ экономикасының ахуалын саралады.

– Тәуелсіздік жарияланған 1991 жылы 16 желтоқсанда  мен Қазақстан банкирлерінің құрамында Нидерланды елінде жұмыс сапарымен жүр едім. Кешкі ас үстінде  Қазақстан тәуелсіз ел болды деген қуанышты хабарды естігенде қатты толқығаным есімде. Осы өткен отыз жылдағы экономикамызға көз салсақ, ғасырға бергісіз жұмыстардың атқарылғанын байқаймыз. Тәуелсіздіктің алғашқы сегіз жылында өздеріңіз білесіздер, экономика құлдырады, бұрынғы байланыстар ажырады. Жағдай қиын болды. Сол кезеңде инфляция көрсеткіші 21,5 есеге дейін жетті. Ішкі жалпы өнім көлемі 1990 жылмен салыстырғанда  60 процент деңгейінде ғана болды. Балабақшалар, мәдени ошақтар жабылды. Жұрт 5-6 айлап айлық, зейнетақы, жәрдемақы алмады. Сол кезде тәуелсіздігімізге күмәнмен қарағандар болды. Бірақ 1999 жылдан бастап тарихи байлығымыз бен мүмкіндіктерімізді пайдаланып, алға ұмтылдық. Онан кейін 2007-2009 жылдары да әлемдік ипотекалық дағдарысқа байланысты біршама экономикалық, қаржылық қиындықтар кездесті. Сонымен қатар  2014-2015 жылдары да экономикамыз баяулау болды. Енді міне, әлемдік пандемияға байланысты дағдарысты бастан кешірудеміз. Отыз жылда жалпы осындай үш-төрт қиын кезеңдер болды.  Былтыр елге келген инвестицияның 19 проценті өңдеу өнеркәсібіне бағытталды. Ал 2010 жылы 10-ақ процент еді. Халықтың әл-ауқатының өсуі де үнемі алға басуда. Жан басына шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейі 1997 жылмен салыстырғанда он есе көбейді. 1997 жылы 3305 теңге болса, қазір 34307 теңгені құрайды. Зейнетақының орташа мөлшері 24 есе өсті, айлық жалақы да орта есеппен 233 мың теңге немесе 2019 жылмен салыстырғанда 14 процентке көбейді. Осы орайда Сыр елінің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші де жақсарды. Отыз жылда облысқа 4 трлн теңгеге жуық инвестиция тартылса, өнеркәсіп өндірісі 1990 жылдары 11 процент болса, қазір 30 процентке жетті. Ауыл шаруашылық өнімдері 3,9 процент болса, қазір 6,3 процентке артты. Күріш өнімділігі 1,5 есеге көбейді. Төрт түлік малдың ішінде қой мен ешкіден басқасында өсім бар. Тұрғын үй салу 260 мың шаршы метрден 600 мыңға дейін өссе, тұрғындардың 65 проценті газбен қамтылды. Екі күн бұрын елімізде теңдесі жоқ шыны зауыты іске қосылды. Шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының саны 3,6 есеге өсті, яғни, 13 мыңнан 51 мыңға жеткен, – деп атап өтті Қ.Әжібеков.

Конференцияда сондай-ақ, «Тәуелсіздік тұғырында тұрған ел» тақырыбында ақын, облыстық мәслихат депутаты Шәкизада Әбдікәрімовтің, «Тәуелсіздік жылдарындағы азаматтық қоғам және БАҚ» тақырыбындағы «Ақмешіт ақшамы» газетінің бас редакторы, облыстық мәслихат депутаты Сәрсенкүл Биқожаның баяндамалары тыңдалды. Сонымен бірге Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Уәйіс, үш дүркін Алтын домбыра иегері, ақын Мұхтар Ниязов, Әлем чемпионы Илья Ильин тәуелсіздік туралы пікірін білдірді.  Конференцияны қорытындылаған облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова тәуелсіздіктің баға жетпес байлығымыз екенін айтты.

– Расында, Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде еліміздің барша өңірі өсіп-өркендеді. Осы орайда, Қорқыт бабамыздың «Жер қадірін ел біледі, ел қадірін ер біледі» деген жақсы сөзі бар. Бұл жетістіктеріміздің барлығы – Елбасымыздың дара жолымен, Президентіміздің басшылығымен елдің бүгіні мен болашағы үшін еңбек етіп жүрген отандастарымыздың, сіздер мен біздің бірлесіп атқарған істеріміздің нәтижесі, халық артқан сенімнің жемісі. Тәуелсіздік те бақыт сияқты, бағалаған адамның, аялаған қоғамның қолына тұрақтайды, – деп аймақ басшысы конференцияны қорытындылады.

Айнұр Батталова,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<