«Мен сингапурлықтардың жаңа ұрпағы тәрбиеленіп жатқан атмосфераны мақтан тұтамын… Біз осының барлығына үздік түйсіктерімізді басшылыққа ала отырып, өзіміздің мәдениетімізге сүйену арқылы және ықтимал қателерге жол бермеу үшін өз жолымызды үнемі түзету арқылы қол жеткіздік» дейді Ли Куан Ю.
Иә, әр кезеңнің өз қоғамының осындай кемеңгер, данышпан ұрпақтары болды. Осындай ұлдар Қазақ қоғамында да өз заманында болған. Олар әр кезеңнің қиын-қыстау шағында үздік түйсіктерін басшылыққа ала отырып, ұлттық дәстүрлі мәдениетімізге сүйеніп, қоғамымыздың рухани әлеуетін арттыру және болуы мүмкін қателіктерге жол бермеу үшін үнемі жаңа реформалар арқылы алға ұмтылған.
Ұлы Абайдың қара сөздерінің түпкі төркіні – Отансүйгіштік. Абай атамыздың айтуынша, Отансүйгіштік – Отанға қызмет еткен адам, ал Отан дегеніміз – ең әуелі халық.
Әсіресе, қоғамымыздың бірден-бір қозғаушы күші ретінде танылған жастардың бойында патриоттық құндылықтарды қалыптастыру қазіргі таңда аса өзекті мәселеге айналып отыр.
Қазақстандық патриотизм идеясының қамтылу керектігі даусыз іс. Ол – білім берудегі мемлекеттік басты мәселе. Көпұлтты мемлекетімізде халықтар арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастықты нығайтуда мектептегі ұлтжандылық тәрбиенің қызметі аса маңызды. Оның өзі ұлт мектебінің басты белгісі де. Мектептегі білім беру «ұлт» пен «ұлыс» өкілдерінің этностық мәдениетін қамтып, оларды ортақ Отанының болашағын дамытуға үлес қосатын азамат етіп тәрбиелеу – қазақстандық ұлтжандылықтың басты мазмұнын құрайды. Итальян данышпанының «Біз Итальяны жасадық, енді италияндықтарды жасауымыз керек» деген сөзі қазақстандықтарды да ойландыруы қажет сияқты. Ендігі басты мәселе – жаны мен тәні қазақ деп тұратын қазақстандықтарды тәрбиелеу.
Сонымен қатар елін сүйетін, елім-жерім дейтін азаматтарға жерлесіміз Әлия Өмірзаққызы Ибрагимованың аудармасымен жазылған Григорий Петровтың «Финляндия – ақ лала гүлдер мекені» атты шығармасын оқып шығуды ұсынамын. Патриоттықтың үлкен таптырмас туындысы, ұлтты сүюдің нағыз үлгісін осы еңбектен көре аламыз.
Тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуы жастарымыздың отансүйгіштігі мен ұлтжандылығында. Қазіргі кезде республикамыздың егемендігі мен бейбітшілігін сақтауда қазақстандық патриотизм арқылы жастардың бойында патриоттық құндылықтарды қалыптастыруға үлкен мән беріліп отыр.
«Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдаудағы басымдықтар өз уақытында жасалған қадам деп білемін. Елбасымыздың ұстанған маңызды бағыттарының бірі – білімді дамыту, заманауи біліммен қаруланған білімді жастар қоғамын құру. Өйткені заман талабы солай, әрбір минут сайын өмір мен ғылымда жаңалықтар болып, кешегі жаңашыл болған дүниең бүгін ескіріп қалып жатыр. Сондықтан білім берудің барлық саласында да ескі жүйені үздіксіз жаңғыртып отыру қажет деп түсінемін. Мысалы, мектептегі он бір жылғы, жоғары оқу орнындағы төрт жылғы алған білімі ол бітіріп шығамын дегенше өзгеріп, заман талабы жаңашылданып кетуі ғажап емес. Осы ретте Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті әр жылдарда білім беру саласындағы реформалардың талабын ескере отырып, мамандықтар дайындайтын кафедралардың стратегиялық жоспарларын жаңғыртып, заман талабына сай білімді жастарды тәрбиелейді.
Біз кадрларымызды қазіргі күннің экономикасына емес, болашақта құратын экономикамызға бейімдеп, дайындауға тиіспіз. Бізге керегі – қажет уақытында, қажетті орында, қажетті дағдыны меңгерген адамдардың табыла білуі деген қағиданы ұстана білуіміз қажет.
Біз бүгінге дейін, әлі де, сападан гөрі санға қарап жарысып келе жатырмыз. Алмастыратын уақыт келді. Сөзден гөрі іске көшкеннің дұрыс екеніне көзіміз жетті.
Соған қарамастан, бүгіндері әлі де болса сөздің адамдары көп пе деп те ойлаймын. Уәде бере салу, біреудің міндетін мойнына алып орындамау, жақсыны көре тұра өтірік сынау, жалпақтау секілді әдеттерден арыла алмай отырмыз.
Біздің мемлекетіміз енді өрге басып келеді. Ал оның қасында алпауыт мемлекеттер бар, олар өз ірілігін жасайды, өктемдігін жүргізгісі келеді, әсіресе саясатты құйтырқылыққа салады.
Ұлтжанды азаматтарды қалыптастыру үшін елімізге елеулі еңбек еткен тұлғаларды жастарға көбірек үлгі ету қажет деп білемін.
Ал «Жастар ресурстық орталығының» жұмысын жандандыру, тереңдету пайдалы болмақ. Кешегі карантиндік кезеңдегі жастардың жанкешті еңбектері көпшілігіне үлкен өнеге болды. Оларды көптеп насихаттаған абзал.
Оразхан АЙДАРОВ,
Қорқыт ата атындағы
Қызылорда университетінің
аға оқытушысы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<