Тірлікке тірек болған теңіз маржаны

634

0

Биыл тұтас бір елді аштықтан аман алып қалған Арал балықшыларының ерлігіне тура бір ғасыр, яғни, 100 жыл толады. Осынау тарихи оқиғаға Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы В.Ульянов (Лениннің) өтініш хаты себепші болды.

Онда қысқаша былай делінген: «Арал теңізінің балықшыларына, жұ­мыс­шы жол­дастарға. Халық комиссарлары Сове­тінің шақыруы. 7 қазан 1921 жыл.

Қымбатты жолдастар! Сіздерге бүкіл Поволжьені және Приуральенің бір бөлігін аса зор бақытсыздық – бұрын-соңды болып көрмеген аштық жайлағаны туралы хабар, әрине, жеткен шығар. Астрахань мен Пермь губерниясына дейінгі құрғақшылық барлық жерде егінді де, шөпті де түк қоймай күйдіріп кетті. Миллиондаған адам, еңбекші шаруалар мен жұмысшылар, миллиондаған мал қырылайын деп тұр және қырыла бас­тады.

Орыстар мен мұсылмандарға, отырық­шылар мен көшпелілерге, бәрінен де, егер олардың жағдайы жақсы жерлердегі жолдастары – жұмысшылар, еңбекші шар­уалар, бақташылар мен балықшылар көмекке келмесе, оларды қайырымсыз өлім күтіп отырғаны ақиқат. Қазандық, уфалық, самаралық және астраханьдық ашығушылардың бар үміті – олардың өздері сияқты ешкімнің қанын сормайтын, өз еңбегімен күн көретін, күсті қолды еңбекші адамдардың пролетарлық ұлы ынтымағына (келісуіне) негізделіп отыр. Сіздердің Арал теңізіңізде балық аулау жайы жаман емес және сіздер онша жаман тұрмайсыздар. Сіздер аулаған балықтарыңыздың бір бөлігін аштықтан ісініп кеткен кемпір мен шалдарға, бір жыл шамасы бойы жер өңдеуге байланысты барлық ауыр жұмыстарды ашығуына қарамастан атқарып жүрген 8 миллион күйзелген еңбеккерге, ең ақыры, бәрінен де бұрын қырылып кетуі мүмкін
7 миллион балаға беріңіздер.

Қымбатты жолдастар! Арал балық­шылары мен жұмысшылары, жомарт көмек­теріңізді аямаңыздар! Сіздер тек адам арына ғана тиісті іс істемейсіздер, сонымен бірге сіздер жұмысшы революциясының ісін нығайтқан боласыздар. Сонымен, сіздер бүкіл дүние жүзіне, тіпті бәрінен де бұрын бүкіл еңбекшілерге бір-бірінен ең алыс мекендерде тұратын пролетарлардың бірінен-бірі аса кең көлемде көмектесуі негізінде құрылған жұмысшы совет мемлекетінің қуаты тойтарылмайтынын көрсетесіздер».

Ал, балық аулау – өзіндік тарихы бар кәсіп. 1901-1904 жылдары «Орынбор-Ташкент» темір жолын салу балық шаруашылығының дамуына кең мүмкіндік ашты. Аралға Волга бойынан, Астрахань өңірінен балық аулауды, өңдеуді білетін, оны мамандық етіп иеленген балықшылар келіп қоныстана бастады. Көшіп келушілердің көпшілігі Аманөткел және Бөген елді мекендеріне қоныстанды. 1904-1910 жылдары Аманөткелге бірден оралдық 40 отбасы көшіп келген. Балық кәсібін жақсы меңгерген орыс көпестері жергілікті халықты  оның қыр-сырына үйретті. Екінші жағынан оларға аз мөлшерде жалақы беріп, қанады да.

1921 жылдары Арал төңірегінде балық аулаумен айналысатын бірнеше серіктестік құрыла бастаған-ды. Алғашқы серіктестіктер Бөген, Аманөткел, Қара­шалаң, Қаратерең, Ұялы, Ауан, т.б. елді мекендерде құрылған еді. 1920-1930 жылдары балық артеліне айналған.

Балықшылардың ерен еңбегі туралы кезінде Шарап Қуанышбаев, Бұхарәлі Үйсінов, Дүйсен Прекешов, Тұрғанбай Жолаев, Жетпісбай Байбосынов ақсақалдардың 1921 жылдың 15 қазанынан 20 желтоқсанына дейінгі аралықта даланың үскірік аязы, теңіз үстінің сұрапыл дауылымен арпалысқа түсіп қатысқан басқа да балықшылардың есімін атаған. Бұл артель болып құрылып, қолдан қайық соғып, бірлесіп аулауға енді-енді беті бері бұрылған кез болатын. Киім де, тағамның түрі де тапшы. Міне, осындай қиыншылыққа қарамастан Арал балықшылары өшпес ерлік көрсеткен. Осының барлығын біз құлағымызбен естіп, шет-жағасын көзімізбен көрдік. 

Мысалы, ол кезде ешқандай көлік жоқ, балықты бір жерден екінші жерге апару үшін керуен ұйымдастырады. Қамыс марданынан қап жасайды, шана дайындайды. Көсем хаты балықшыларға қазанның он бесі шамасында жетіпті. Теңіз жағасында күз айларында жел болмай тұрған ба? Көл жиегі қабыршақтанса да, бірде-біреуі суықтан тайсалып үйде отырып қалмаған. Кермеше тартты, сүзекі сүзді, қаза басты, ау салды, қабадан құрды, кім қайсысына маман, сонысын қалап алысты. Бәрінде де бір мақсат болды. Көкейлерінде – көсем үшін, туысқандар үшін, ашыққан балалар үшін тездетіп көмек беру.

Сыр бойындағы қазіргі мұғалімдер мен дәрігерлер, инженерлер мен мәдениет қызметкерлері, құрылысшылар мен балық­шылар, кешегі ауданның әр саласын басқарған қайраткер азаматтар Әуелбек Медетбаев, Алданазар Баймағанбетов, Алтыбай Құмаров, Сағи Абатов, Тілес Бохаев, Әріп Өксікбаев, Шәкірат Дәрмағанбетов, Сайлаубай Жұбатыров, Мұхамедияр Қаратаев, Ағыбай Орынбаев, мен де – жетпіс күн, жетпіс түннің арпалысына белсене қатысқан аталардың ұрпақтарымыз. Сондықтан осы азаматтардың ерлігін дәріптеп, болашақ ұрпаққа тарихи ескерткіш есебінде кітап жазылды, «Суреттер сыр шертеді» деген тарихи музей ашылды. Бұл да – 10-15 жылдың еңбегі.

«Суреттер сыр шертеді» тарихи музейін ұйымдастыру барысында негізгі мән бергенім – Арал теңізі. Теңіздің  оңтүстігі мен солтүстігін, шығысы мен батысын түгел аралағанмын. Оқырманға, жастарға түсінікті болуы үшін айтайын, 1990 жылдары облыстық табиғат қорғау, экология басқармасының басшысы Қуанышқали Шапшаңов інімізге хат жазып барып, өзім жасаған Арал теңізінің картасын көрсеттім. Онда Арал теңізінің тасып тұрған кезеңі және қазіргі уақыттағы көрінісі. Соның ішінде «Аралрыбпромның» көрсеткіштері. Мұны жас ұрпақ білуі керек екенін түсіндірдім. Қуанышқали – облыстың қайраткерлерінің бірі ғой әрі Арал теңізінің патриоты. Сондықтан «Құдайберген Саржанұлы, бұл бастамаңыз келешек ұрпаққа өте керек» деп, кей жеріне өзгеріс енгізіп, қатты қағазға (ламинирование) бастырып, басқарманың қаражатына жасатып берді. Бұл құнды деректер еш жерде жоқ, тек біздің музейдің көрнекті жерінде тұр.

1980 жылдары Д.Қонаевқа, Н.Назар­баевқа аралдық­тар, Арал теңізінің  жағдайы туралы айтқандарым кітапта толық жазылды. 1975 жылы «Аралрыбпромның» бас директоры болып, Арал мәселесін нақты көтеріп жүргендіктен, обком хатшысы А.Шевцов, қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы В.Ковалев, облыстың атқару комитетінің  орынбасары Е.Көшербаев және мен Алматыға Үкіметтің Арал проблемасы бойынша жиналысына шақырылдық. Онда баяндама жасадым. Осыдан кейін Орталық партия комитеті мен Үкіметтің бірлескен Арал туралы  қаулысы шықты. Осының арқасында су, жарық, жол, т.б. инфрақұрылым салынды. Сол кезде Д.Қонаев: «Мен Арал мәселесін талай рет Мәскеудегі басшы орындардың үлкен-үлкен съездерінде көтеріп жүрмін ғой, ал сендер төменгі жақтан қарап отырмай, реті келгенше мәселе етіп қоя беріңдер» деген. Осылайша Арал, Қазалы, Шалқар балаларына көмек көрсету мақсатында қоғамдық «Шапағат» ұйымын құрдық. Уақытында оның жемісін балалар көрді. Сонымен қатар «Арал-Балқаш» Халықаралық қоғамдық ұйымының да пайдасы Аралға тиді. Қазіргі 50% экологиялық үстеме – соның арқасы.

Содан Кіші Аралды сақтау мәселесін көтеріп, соның арқасында 1995 жылы Қызылордаға Орта Азиядағы бес мемлекеттің басшылары жиналды. Аралды сақтау қоры құрылды. Осындай жұмыстардың  нәтижесінде «Көкаралдағы» ұзындығы 14 шақырым бөгет, 42 метр биіктікте шлюз салынды. Әрине, мұнда жіберілген кемшіліктер көп. Дегенмен, Кіші Арал сақталып, бұрынғы көшіп кеткен ағайын қайта оралып, 10-15 жылдың ішінде балықшылар қауымының әл-ауқаты көтерілді. Енді САРАТС-тың екінші кезеңі тұр. Дұрыс шешілсе, Кіші Арал сақталып қалар еді. Дегенмен бұл жобаға қатысты көп нәрсе әлі іске асқан жоқ. Шынында «Көкарал» бөгеті жөнделіп, су жіберетін шлюз 46 метрге көтерілсе, Кіші Арал толса, Шевченко қолтығының  астындағы бұрынғы Ақбасты мен Ауан зауытының ортасындағы өзектен артық су Тұщыбасқа құйылса, оны САРАТС-тың жемісі деп ұрпаққа  айтуға болар еді. Біріншіден, Кіші Аралды, екіншіден Тұщыбас түбегін сақтап қаламыз.

2003 жылы «Қызыл кітапқа» енген Арал теңізі қаязындай  балық (дәмді, сапасы, майлылығы) еш жерде жоқ. Балықтың Әмудария мен Сырдарияны өрлеп теңізде жайылатынын дәлелдедік. Қаяздың облыстың қай жерінде бар екенін анықтап, бұл жұмысқа Аралдағы Балық шаруашылығы институты филиалының қызметкерлерін қосып үлкен жоба жасадық. Осы жобамен бармаған жеріміз, баспаған тауымыз қалмады, яғни, Үкімет, халықаралық ұйымдар, ең аяғы облыстың басшыларына дәлелдедім. Осындай инемен құдық қазғандай жұмыстардың арқасында ең алғаш  2007 жылы Арал қаяз балығының  2000 майда шабағын аулауға рұқсат алдық. 2010 жылы  бұл жұмыстар нәтижесі, аулау әдістері, тасу, өсіру, т.б. жұмыстарды фильм­ге түсіріп, бірнеше рет газетке шығардық. Бұл жұмыстың дәлелі балықшылардың ауларынан көрінді. Өкінішке қарай балықшылар оны қайтадан  суға жібермеді, қуырып же­генді мән көрді. Бұл жұмыстың жалғасы қаражатқа байланысты. Кейде бір-екі жыл қаражатсыз жұмыс тоқтап та қалады. Бірақ ізінен қалмай келеміз. Бұдан бұрын 1989 жылы одақтық басшы орындарынан рұқсат алып, Аралға сонау Азов теңізінен камбала балығының да майда шабағын алдыртып жібергенбіз. Бұған да Аралдағы Балық шаруашылығы институты филиалының араласуы нәтижелі болды. Жұмыстың нәтижесін Арал балықшылары көрді.  Осындай елге, теңізге болсын деп айқайламай-ақ көмек жасағанымызға тарих куә.

Ұлы Отан соғысынан кейінгі жылдары одақта балық өндірісіне байланысты үлкен реформалар жасалды. Мәскеуде жоғары техникалық балық шаруашылығы институты, теория мен практиканы ұштастыру мақсатында Каспий теңізі жағалауындағы Гурьев (Атырау) қаласында төрт жылдық бүкілодақтық балық шаруашылығы техникумын ашты. Жоғарыдан тәртіп болғандықтан қысқа мерзімде таңға­ларлықтай  екі қабатты оқу ғимараты, студенттер жатақханасы, Мәскеуден шақы­рылған оқытушы-профессорларға ар­налған үй, студенттер клубы, асхана, тағы с.с. инфрақұрылым толығымен салынды. Сырттан қызығып қарайтын бөлек қалашық пайда болды. Мамандар дайындауға басқа да  қаражат бөлінді. Тікелей одақтық Ба­лық шаруашылығы министрлігіне қарай­тын. Сондықтан  оқуға түскен абитуриент­тер, осы министрліктің бөлінісімен келіп, емтихан тапсыратын. Осындай нұс­қаудың арқасында 1952 жылы біз – Аймағамбетов Дәуқара, Әлімбетов Жанәлі, Медетбаев Сырғаш және мен студент болып қабылдандық. Жоғарыда аталған жолдастарымның барлығы о дүниелік болды. Топырақтары торқа болсын! Кезінде елге аға болып, балық шаруашылығында колхоз, заводтарды басқарды. Техникумда екі факультет бар еді. Балық өңдеу (технолог) және балық аулау (добыча рыбы). Мен екіншісін қаладым. Себебі елде жүргенде ағалардан еститінбіз, «ана бригада пәлен балық аулап келіпті, түген қайық капитандары соншама балық аулап келіпті» деп. Тек балық аулағандардың аттары аталып, өңдеушілердің, сапасын сақтайтын мамандар айтылмайтын. Сол ойымда қалған. «Келешек атым аталып, бригадир капитан болсам» деген арманым бар. Оған қоса оқуға, мамандық алуға деген талабымыз бар. ­Сонау Мәскеуден үлкен жауапкершілікпен келген, оқытушы-профессорлардың әр пәннен сабақ беру тәсілдері бөлекше екені осы кезге дейін естен кетпейді. Мысалы, қай теңізде қандай балықтың болатыны, олардың жүретін жері, қай мезгілде аулауға болатыны, оларды аулайтын ау-құралдың түрлері, есептері, құрылысы, табиғат байлығына зиян келтірмеу жайлы айтылатын. Құралдардың, ау-жылым көздерінің, жоғарыдағы қалқының  есептерін үйрететін. Арал, Каспий, Азов, Балтық, Қара теңізде ауланатын балықтардың түрлеріне қарай, жеріне сәйкес теңіз кемелері де ауыстырылып тұратын. Мысалы Қара теңізде үлкен, орташа, кіші сейнерлермен балық ауланады. Бізге келешек осы кемелерді басқарып жүргізу үшін балық аулау қабілетін, құрылымдарын, басынан аяғына дейін қандай материалдардан жасалғанын, якорьдан болтқа дейін үйрететін. 

Бірде Қара теңізде балық аулап жүргенде, қатты жел болады деген хабар берілді. Бұндайда теңіз тілінде «SOS»  делінеді. Жүзіп жүрген аймағымызда 10-15 шақты кеме болатын. Капитан дереу курсты желден ықтайтын бухтаға қарай бұрды. Жүзіп келеміз, кейде толқынның үлкендігінен 100-150 метр қашықтағы қатарласып келе жатқан кемелер көрінбей кетеді. Не деген қорқынышты! Осындай кереметтің куәгері болғандықтан, ойыңа XIX ғасырдың орта шенінде салынған Айвазовскийдің керемет суреті – «Девятый вал» түседі. Егер ұлы суретші осындай оқиғаны өз басынан өткізбесе, әлемді таңғалдырған ­туын­ды шығар ма еді? Сонымен теңізде балық аулайтын қайықтардың жүзу мүмкіндіктерін теорияда да, практикада да толық біліп алдық. 1954-1955 жылдары практикада Қара теңізде, Керчь бұғазынан өтіп Азов теңізінде, Каспий теңізінде кемемен де, теңіздер жиегінде, Жайық өзені бойында да балық аулау тәсілдерін үйрендік. Осындай тәжірибенің арқасында, «Помощник капитана дальнего плавание» атағымен қоса, «Техник-механик по добыче рыбы и морского зверя» деген дипломға ие болдық. 1976 жылы Арал балық өндірісі бірлестігінің бас директоры болып жүргенімде мамандықты жаңғырту біржылдық курсында Калининградта (Кинс­берг) болдық. Сонда Балтық теңізіндегі тәжірибемен таныстық.

Әлемге  белгілі  көбісі,  мұхитпен  шек­тесіп жатқан, сегіз ұлы теңіздің – Балтық, Қара, Азов, Арал, Каспий, Қытай, Охот және Жапон теңіздері байлығының арқасында 1980 жылдары Одақта  жан басына 18,5 келі, ал Қазақстанда 12,5 келі балық пайдаланды. Осының ішінде тұщы көлдердің балығының көлемі 30% құрайтын, яғни мұхиттық және пресноводный деп бөлінетін. Осындай байлықтың арқасында 80-жылдары тамақтандыру орындарында  әр аптаның төртінші күнін балық күні деп те атағанбыз.

Жоғарыда көрсетілген сегіз теңіздің ішінде Арал теңізін 28 жылдай қызмет бабымен тегіс араладым. Елу жылдай әлем назарында болып келе жатқандықтан оқырмандарға қысқаша мәлімет берсем деймін. Сонау 60-жылдары Арал теңізінің ұзындығы 420, ені 284 шақырым, ең терең жері 68 метр болған. Аулаған балықтың көлемі 424 200 центнердей.

Осы жылдары мұздатылған, тоңазы­тылған, тұздалған, ысталған, кептірілген балық өндірілді. Жылым, ау, қабадан қайықтар, қыс, жаз, күз жылымдары, кермеше, ахан, сазан, тыран, торта, шемая аулар пайдаланылды. Шығыр, ескек, таяу, желқом, су төккіш, сүймен, прогон, багор, арқан, шыжым, инелік, қалқы, түрлі ине, тас, шонтай, ау жібі, жылым жібі, ат шана, ат-түйе таға, ат-түйе қамыт, терте, таға шегелері, сүзгі сияқты қосымша құралдар қолданылды.

2005-2020 жылдар аралығында ұзын­дығы 14 шақырым «Көкарал» бөгеті арқылы Кіші Арал теңізін сақтап келеміз. Көлемі 330 мың гектар, тереңдігі орта есеппен 9-11 метр­дей. Ауланған балықтың көлемі 60-70 мың центнер.

Егер, Кіші Арал теңізін сақтап, «Көкарал» бөгетінің жобасы іске асса, ауланатын балық көлемін 10 мың центнерге жеткізуге болады.

Құдайберген Саржанов,

мемлекет және қоғам

қайраткері, бұрынғы

Балық шаруашылығы   министрі,

Қызылорда облысы мен Арал ауданының Құрметті азаматы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<