Ресми атауы Халықаралық әйелдер күні болғанымен, бұл мерекені алдымен ананы құрметтеу, қарындасты қадірлеу, аруларды аялау рәуішінде атап өтіп келеміз. Осы күні адамзаттың нәзік жаратылысы арқасүйер азаматтардың шын жүректен шыққан лебізіне, сый-құрметіне бөленеді.
Біз әрісі «Батырлар жыры», берісі қазақ әдебиеті классиктерінің шығармалары арқылы ардақты ана, ақылды әйел, асыл жар бейнесіне қанығып өстік. Ерін «пірім» деп сыйлаған үлкендер ұлағатын көрдік. Сондықтан бұл – ең біріншіден, Аналар мерекесі. Осы күні бізді тоғыз ай құрсағында көтерген, өмір бақи жүрегіне сақтаған жандардың алдында өтелмейтін парызымыздың бір мысқалын болса да орындауға тырысамыз. Әсілі анаға ризашылықты жыл он екі ай айтса да, артық емес.
Бұл – қамқоршы қарындастың мерекесі. «Тар қолтықтан оқ тисе, шығады сүйеп қарындас» деп ағалары арқа сүйеген жандардың жөні бөлек. Ата-ана мен бауырларының тілеуқорына айналған қыз баласы жат жұрттық болса да, осы мерекеде жақынынан жылы сөз күтеді.
Бұл – әр үйдің шырайын кіргізген, шамшырағын жаққан қыздардың мерекесі. Дүниеге қыз келгенде босағаны құт пен береке қоса аттайды дейді. Қыз қуанса, адамның берекесі артады, ырысы көбейеді, несібесі молаяды екен.
Бұл – асыл жардың мерекесі. Азаматының жанына жылу беретін, қиналса, қасынан табылатын, жабықса, демеу болатын жандар қандай құрметке де лайық.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<