Тұтас бір дәуірдің тынысы

778

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай «Астана Опера» опера және балет театрының ғимаратында өткен салтанатты іс-шараға қатысты.

Қазақстан Президенті барша қазақстандықты ел Тәуелсіздігінің мерейтойымен құттықтап, жиналған қауым алдында сөз сөйледі.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөйлеген сөзінде Қазақ мемлекеттілігінің ғасыр­лар бойғы тарихының ең маңызды кезеңдеріне, Тәуелсіздік алған сәттен бастап Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық, сыртқы саяси, мәдени, ғылыми салалардағы маңызды жетістік­теріне назар аударды. Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Егемен Қазақстанды құру ісіндегі ерен еңбегіне арнайы тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөзінің соңында мінберге ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты шақырды.

Салтанатты жиын мерекелік концертке ұласты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзі

Тұтас бір дәуірдің тынысы

Құрметті отандастар!

Ардақты ағайын!

Баршаңызды қастерлі Тәуел­сіздігіміздің мерейлі белесімен шын жүректен құттықтаймын!

Біз осыдан отыз жыл бұрын бабалар арманын ақиқатқа айнал­дырдық. Жаңа Қазақ мемлекеті құрылғанын дүние жүзіне паш етіп, Тәуелсіздігімізді жарияладық. Бірнеше ғасырдан бері үзіліп қалған дербес мемлекеттілік дәстүрімізді қайта жалғадық.

Шын мәнінде, егемендік – елдің бәріне бұйыра бермейтін бақ. Әлемде сан миллион халқы болғанымен, ұлтарақтай жері жоқ қаншама ұлт бар. Ал қазақтың пешенесіне өз мемлекетін құру бақыты жазылды. Бұл – ұлы бақыт, ұлттың бақыты! Бұдан асқан қуаныш, бұдан биік мәртебе бар ма?!

Тәуелсіздік – ең қасиетті, қастерлі құндылығымыз, ең бас­ты байлығымыз. Халқымыз еге­мендіктің қадір-қасиетін жан-жүрегімен сезінеді. Өйткені біз азаттықтың құны қандай екенін жақсы білеміз.

Бостандық жолында талай батырларымыз құрбан болды. Қаншама қиын күндер басымыздан өтті. Бірақ халқымыз барлық сынақты қайыспай көтерді. Тағдыр тауқыметі ұлтымыздың жүрегінен азаттық рухын өшіре алмады. Қазақтың қайсар ұл-қыздары қашанда елді бостандыққа үндеп, жігерін жани білді.

Біздің мемлекеттілік тарихымыз көне заманнан бастау алады. Бір кезде бөрілі байрақ көтерген көк түріктер мәңгі ел болуға ұмтылды.

Күлтегін мен Білге қаған туралы тастағы жазулар тарихымыздың тереңдігін танытады. Батыр бабаларымыз бүкіл Еуразияда ат ойнатқан қуатты мемлекеттер құрды. Сайын далада теңдесі жоқ көшпелілер өркениетін қалыптастырды. Алып құрлықтың саяси-экономикалық даму барысына орасан зор ықпалын тигізді. Олар ұрпаққа асқақ рухын және өр намысын мирас етті. Баға жетпес мәдени мұрасы мен жауһар жәдігерлерін табыстады.

Тұтас бір дәуірдің тынысы

Алтын Орда орта ғасырдағы алып мемлекет ретінде белгілі. Қазақ халқы осы ұлық ұлыстың тікелей мұрагері болып саналады. Одан кейін тарих төріне Қазақ хандығы шықты. Қазіргі таңда Қасым ханның қасқа жолын, Есім ханның ескі жолын, әз Тәукенің Жеті жарғысын білмейтін қазақ кемде-кем.

Мемлекеттілігіміздің берік тұғыры болған дала заңдары ел жадында сақталып, бүгінгі күнге дейін жетті. Төл тарихымыздағы ең күрделі сәттерде халқымыз жұдырықтай жұмыла білді. Бұланты, Орбұлақ және Аңырақай шайқастары – осының айқын дәлелі.

Қазақтың елдік жолындағы ерлігі отаршылдыққа қарсы ұлт-азаттық қозғалыстарда айқын көрінді. Алаш арыс­тары дербес мемлекет құру үшін жанын пида етті. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде ел азаматтары майдан даласында ерлікпен шайқасты. Кеңес заманында зия­лыларымыз тіліміз бен ділімізді сақтап қалу үшін аянбай еңбек етті.

Алпысыншы жылдарда төл мәде­ниетіміз ерекше дамып, қазақ әдебиетінде таланттар шоғыры қалыптасты, біре­гей туындылар дүниеге келді. Көркем шығар­малар ұрпақ санасын оятып, жақсылыққа жетелейтін тәрбие құралына айналды. Кешегі Желтоқсан қаһармандары Тәуел­сіздікті бір табан жақындатқаны анық.

Асқар тау алыстаған сайын асқақ көрінеді. Біздің бабаларымыз қазақтың дербес мемлекет құрып, еркін өмір сүруге құқылы екенін тарих алдында дәлелдеді. Осылайша, мыңжылдықтар тоғысатын тұста азаттық туы көгімізде желбіреді.

Ұлттың ең ұлы мұраты – Тәуелсіздікке қол жеткіздік. Сол сәттен бастап Қазақ елінің ұлы көші болашаққа бет түзеді. Халқымыз өз мемлекетін құруға кірісті. Бұл – тарихи әділдіктің орнауы.

Мүлдем жаңа геосаяси ахуалда мемлекет құру оңай шаруа емес, нағыз көшбасшының ғана қолынан келетін іс. Ең күрделі, бұлыңғыр кезеңде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтай дара тұлға тарих төріне шықты. Анығын айтқанда, Тәуелсіздік шежіресі Елбасының қолымен жазылды.

1991 жылы 1 желтоқсанда халқымыз оған бірауыздан дауыс беріп, сенім мандатын тапсырды. Ал 16 желтоқсанда Президент Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы Конституциялық заңға қол қойды. Ақиқатын айтсақ, бұл халқымыздың тарихындағы ең қуанышты әрі бақытты сәт болды. Сол сәттен Қазақ елінің жаңа дәуірі – Тәуелсіздік тарихы басталды. 17 желтоқсанда Елбасы Алматыдағы алаңға келіп, елдің ортасына шықты. Тұңғыш Президент «Халқымыздың билігі толық өз қолына тиді. Азат күн туды» деп халықтан сүйінші сұрады. Оның тебіреніске толы сол сөзі жұрттың жадында жатталып қалды.

Бәлкім, бүгін бәрі оңай көрінер. Тіпті кейбір адамдар тәуелсіздіктің құндылығын жете түсінбеуі мүмкін. Ал аға буын оның қандай қиындықпен келгенін жақсы біледі. Тарихи күндердің әрбір минутын тек Елбасы ғана жан-жүрегімен сезініп, басынан өткерген деп айтсақ, артық емес. Тұңғыш Президент өзінің бір сұхбатында азаттықтың алғашқы әсерін еске алғаны бар. Онда: «Жұрттың бәрі мәз-мейрам болып жатты. Менің де қуанышымда шек жоқ еді. Бірақ қатты қобалжыдым. Өйткені әрі қарай не боларына алаңдаулы едім», деген болатын. Бұл – шүбәсіз ақиқат. Елбасы айтқандай, «Тәуелсіздікті алу бір басқа, оны сақтап қалу бір басқа».

Президенттің алдында жаңа мемлекет құру міндеті тұрды. Бірақ, сонымен қоса, өзіне сенім артқан халқын қиындықтан алып шығуы керек болды. Елдегі сан түрлі мәселені шешудің басты жауапкершілігі Мемлекет басшысына жүктелді. Соның бәрін Тұңғыш Президентіміз абыроймен еңсере білді. Түптеп келгенде, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев халқымыздың ұлы перзенті екенін өз еңбегі арқылы толық дәлелдеді. Жұртымыз оның дара басшылығымен кедергінің бәрінен сүрінбей өтті.

Бүгінгі мерейлі мемлекетіміз – Елбасымыздың ерен еңбегінің жемісі, көзсіз ерлігінің жеңісі! Ол Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаған тұлға ретінде әлем тарихынан мәңгі орын алады. Тұңғыш Президентіміз жаһан жұртының алдында ұлт мүддесін қорғай білген көреген саясаткер. Қиыннан қиыстырып, тосын шешімдер қабылдай алатын жасампаз реформатор. Осындай бірегей қасиеттің бәрі бойына тоғысқан біртуар тұлғасы бар қазақ – бақытты халық!

Тәуелсіздік күні – бұл мемлекеттілігі­міз үшін болған көпғасырлық күресіміздің жемісі, халық тұрақтылығының келбеті, оның болашаққа деген ұмтылысының жарқын көрінісі саналатын ұлы мереке.

Егемендік бізге сыйлық ретінде бұ­йырған немесе кездейсоқ уысымызға түсе салған жоқ. Тәуелсіздік құндылықтары ұлттық тарихымыздың сан ғасырынан тамыр тартады. Халқымыз мемлекеттілік идеясына әрқашан аса мұқият қарап келді. Өйткені тәуелсіз мемлекеті бар ұлт тарихи тұрғыдан қарағанда жетістікке жеткен халық саналады. Мұндай халық даму жолын таңдау құқығына ие. Бұл іргелі принципті тұрлаусыз уақыттың өзі бірнеше рет дәлелдеді.

Қазақстанның әрбір азаматы бізге жеткен ежелгі дәуір тарихынан да, біздің көз алдымызда жасалып жатқан тарихтан да өзінің бір бөлшегін байқайды. Сол арқылы тәуелсіздіктің мәнін терең түсініп, жан-жүрегімен қабылдайды. Бүгінде кейбір адамға еліміздің жеткен жетістігі бұған дейін айқындалған болып көрінуі мүмкін. Алайда осыдан 30 жыл бұрынғы Қазақстанның бастапқы жағдайы аса күрделі еді. Экономика дағдарысқа тап болды. Әлеуметтік сала тұралап тұрды. Геосаяси жағдай мен әлемдік нарықтардан оқшау орналасқанымыз да көңіл көншіте қоймады. Ұзағынан созылған шекарамыз заңды түрде реттелмеген еді. Ал бүгінде Елбасының стратегиялық идея­лары мен оның мызғымас саяси ерік-жігері осы қолайсыз факторлардың бәрін еңсеріп, Қазақстанның орнықты дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді деп нық сеніммен айтуға болады. Тәуелсіздік алғаннан кейін еліміз экономика, мәдениет немесе қоғамдық-саяси өмір болсын, іс жүзінде барлық салада даму жолына түсті.

Тәуелсіздіктің отыз жылы – біз үшін тұтас дәуірге бергісіз мерзім. Оны үш белеске бөліп қарастыруға болады. Әр онжылдық ғасырдың жүгін арқалап тұр.

Алғашқы онжылдық – жаңа Қазақстанның негізін қалау кезеңі.

Осы жылдарда мемлекеттік нышандарымыз белгіленіп, билік жүйесі қалыптасты. Төл теңгеміз айналымға қосылды. Айбынды армиямыз құрылды. Ата заңымыз қабылданды. Ана тілімізге мемлекеттік тіл мәртебесі берілді. Ата дініміз оралып, салт-дәстүріміз жаңғыртылды. Бірлігіміздің бастауы болған Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Әлем елдерімен дипломатиялық қатынас орнықты. Қазақстан беделді халықаралық ұйымдарға мүше болып қабылданды. Стратегиялық даму бағдарымыз айқындалды. Шекара мәселесін заң тұрғысынан шегендеу үрдісі басталды. Қасиетті жеріміз атом қаруынан тазартылды. Елордамыз Есілдің бойына көшірілді. Экономиканы өркендету үшін ауқымды реформалар қолға алынды. Жеке кәсіпкерліктің дамуына жағдай жасалды. Жастарымыз әлемнің үздік университеттеріне оқуға жіберілді. Қазыналы Ұлттық қорымыз құрылды. Ұлы көшке жол ашылып, шетте жүрген қандастарымыз атамекеніне қайтарылды.

Екінші онжылдық – Қазақ елінің өрлеу кезеңі.

Біз керегемізді кеңейтіп, тұғырымызды нығайттық. Халықтың әл-ауқатын арттыра түстік. Төл тарихымызды түгендеп, рухани мұрамызды жаңғырттық. Көптеген халықаралық бастама көтердік. Елге қомақты инвестиция әкелдік. Ұлы Жібек жолының бойында ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырдық. Заманауи өндіріс орындарын салып, сан түрлі жаңа өнім шығара бастадық. Тұрғын үй құрылысының қарқынын күшейттік.

Үшінші онжылдық – Қазақстанның кемелдену кезеңі.

Осы уақытта абырой-беделі артқан мерейлі мемлекетке айналдық. Шекара мәселесін біржола шештік. 2050 жылға дейін стратегиямызды қабылдап, дамыған елдердің қатарына қосылуды межеледік. Түрлі бағыттар бойынша ауқымды бағдарламаларды жүзеге асырдық. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы арқылы ұлттың жаңа болмысын қалыптастыруды қолға алдық. Тұтас түркінің алтын бесігі атанған Түркістанды түлеттік. Саяси реформаларды тың қарқынмен жалғастырдық. Халқымыздың саны 19 миллионнан асты. Осылайша, Қазақстан тұғыры берік, мықты мемлекет болды.

Мемлекеттік құру ісіндегі, халықтың әл-ауқатын арттыру жұмысындағы жемісті жетістіктерімізді нақты сандар мен фактілер айқындап тұр. Ауқымды реформалардың нәтижесінде отандық экономиканың көлемі 2,5 есе артты.

Халықтың жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім долларлық баламада 13 еседен астам өсті және елімізге Орталық Азиядағы көшбасшылықты қамтамасыз етті. Қазақстанға 370 миллиард доллардан астам тікелей шетелдік инвестиция тартылды. Бұл көрсеткіш бойынша жан басына шаққанда біз барлық посткеңестік кеңістік пен бірқатар Шығыс Еуропа елінен басып оздық. Қазақстанның халықаралық резервтері 90 миллиард доллардан асады. Еліміз өңірлерді, көлік инфрақұрылымын, әлеуметтік саланы дамытуда елеулі табыстарға қол жеткізді. 13 мың шақырым автожол мен 2500 шақырым теміржол салынды және қайта жаңғыртылды.

 «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» күре жолының еліміздегі бөлігі іске қосылды. Каспий теңізінің жағасында Құрық айлағы ашылды. Өндіріс саласына серпін берілді. Аумағы 180 миллион шаршы метрден астам үй салынды. Соның нәтижесінде бір жарым миллион азаматымыздың тұрғын үй жағдайы жақсарды. Балаларды балабақшамен қамту көрсеткіші 1999 жылдан бері 10 есе өсті. Тәуелсіздік кезеңінде 1800-ден астам мектеп салынды. 21 Назарбаев Зияткерлік мектебі ашылды. Біз кадр даярлаудың жаңа тәсіліне көштік. Мемлекеттік білім беру тапсырысы жыл өткен сайын көбейіп келеді, соңғы 20 жылда оның саны 5 есе өсті. Күрделі кезеңге қарамастан «Болашақ» бағдарламасы жүзеге асырыла бастады. Білім беру саласының ең озық мекемесіне айналған Назарбаев Университеті құрылды. Ғылым саласын дамытуға арналған қаржы көлемі бірнеше есе артты. Соның арқасында жаңа институттар мен ғылыми орталықтар ашылуда, жас ғалымдардың қатары көбеюде. Денсаулық сақтау – ұлттың бәсекеге қабілетін арттыратын маңызды саланың бірі ретінде жаңа деңгейге көтерілді. Тәуелсіздік кезеңінде 1800-ден астам аурухана мен емхана салынды. Елордамызда медицина кластері құрылды. Қомақты инвестицияның арқасында фармацевтика саласында маңызды қадам жасалды. Халықтың орташа өмір сүру ұзақтығы 71,4 жасқа жетті. Коронавирус індетіне қарсы отандық вакцина жасап шығарылды. Бұл жетістік ұлттық медицина ғылымының әлеуеті зор екенін көрсетті.

Медицина қызметкерлерінің әлеу­меттік жағдайын жақсартуға, қоғамдағы мәртебесін көтеруге баса мән беріліп жатыр, олардың жалақысы және қосымша төлемақысы көбейтілуде. Ал ұлт саулығын сақтау үшін мемлекетімізде бұқаралық спортпен және дене шынықтырумен айналысуға жағдай жасалуда. Елімізде 38 спорт нысаны бой көтерді, 8 мыңға жуық спорт алаңы салынды.

Тәуелсіздік кезеңінде төл мәдениетіміз жаңа сапалық деңгейге көтеріліп, қайта өрлеу кезеңіне қадам басты. Ауқымды «Мәдени мұра» бағдарламасы жүзеге асырылды. Көптеген құнды жәдігеріміз елдің игілігіне айналды. Тарихи-мәдени мұралар инфрақұрылымы біртіндеп кеңейтілуде. 9 мемлекеттік қорық-музей құрылды. Үздік әдеби туындыларымыз алғаш рет әлем тілдеріне аударылды. Егемендік жылдарында Қазақстанда 20 театр ашылды. Ұлт киносы әлемге таныла бастады. Қазақ мәдениетінің жаңа шоғыры әйгілі сахналарда өнер көрсетуде. Армиямыз қазіргі заманғы қару-жарақпен қамтамасыз етіліп, еліміздің қорғаныс қабілеті нығая түсті. Сот және құқық қорғау жүйесінде маңызды реформалар жасалып, азаматтардың құқықтары тиімді қорғалуда. Олардың құқық қорғау органдарына сенімі арта түсті. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыс белсенді жүргізілуде, тиісті заңнамаларды жетілдіру үшін нақты шаралар қолға алынды.

Біздің жетістіктеріміз теңгерімді, прагматикалық, көпвекторлы сыртқы сая­сатпен тығыз байланысты. Қазақстанның халықаралық стратегиясының іргелі негіздері өзгеріссіз қала береді. Бұлар егемендікті және мемлекетіміздің аумақтық тұтастығын қорғау, ұлттық мүдделерді әлемдік аренада ілгерілету сияқты мызғымас басымдықтарға сүйенеді. Мемлекеттік шекараны заңдық тұрғыдан ресімдеу Қазақстанның және оның Тұңғыш Президенті – Елбасының тарихи мәнге ие жетістігі болып саналады. Осы халықаралық акті еліміз Тәуелсіздігінің сенімді заңнамалық және саяси кепілдігіне айналды. Қазақстан халықаралық ұйымдар аясында және екі жақты деңгейде де өз міндеттемелеріне берік. Мұндай қадамның тиімділігінің жарқын айғағы – Елбасының жаһандық антиядролық қозғалыстағы көшбасшылығының мойындалуы.

Түрлі мемлекетаралық және азаматтық қақтығыстарды реттеудегі ілкімді араағайындық халықаралық қоғамдастықтың жоғары бағасын алды. Елбасының Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездерін өткізу жөніндегі бас­тамасы жаһандық деңгейде қажеттілікке айналды. Бірегей форум – Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі де қазақ дипломатиясының өзіндік визит карточкасына айналды. 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық және 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне тұрақты емес мүше болу Қазақстанның сыртқы саясатының нәтижелілігін көрсетеді. Нық сеніммен айтуға болады: Тәуелсіздік жылдары Қазақстанда жаңа тарихи және геосаяси жағдайларда әлеуметтік-экономикалық дамуға қажетті берік негіз қалыптасты. Соңғы онжылдықта әлемдік қаржы-экономикалық сілкіністерін еңсеріп, бұған дейін көрмеген пандемияға сәтімен қарсы тұрған біздер, Қазақстан Республикасының азаматтары, алға жүруді жалғастырып, болашаққа сеніммен қараймыз.

Тәуелсіздіктің отыз жылы – бұл тұтас дәуір. Бұл әлі танып білмеген жаққа апаратын ұзақ әрі азапты жолмен салыстыруға болатын ауыр қиындықтар мен сынақтарды табанды түрде еңсеру дәуірі. Бұл өзіндік жетістіктерімен халқымыздың тарихында бетбұрысты мәнге ие болған жасампаздық дәуірі. Сондықтан еліміздің азаматтары атынан Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа Тәуелсіз Қазақстанды құру ісіндегі қажырлы еңбегі үшін шын жүректен ризашылық білдіргім келеді!

Тәуелсіздік нығайып, дамыған сайын халқымыз да оның баға жетпес киелі мән-маңызын мәңгілік құндылығымыз ретінде терең тани түсуде. Біздің қасиетті борышымыз – біздің жетістіктерімізден асып түсетін келешек ұрпақ үшін Тәуелсіздікті сақтау. Елдің қазіргі буын басшылары бірінші кезекте жастарға қоғамдық өмірдің түрлі салаларында жан-жақты өсудің кең ауқымды мүмкіндіктерін ашу үшін барлығын жасайды.

Құрметті қауым!

Біз жаңа Қазақстанның негізін қалап, іргесін кеңейтуге бүкіл халық болып жұмылдық. Еліміздің өсіп-өркендеуіне әрбір отандасымыз өз үлесін қосты. Біздің барлық жетістігіміз – түрлі кәсіп иелерінің ерен еңбегінің жемісі. Ұстаздарымыз ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беріп, жаңа белеске жол ашты. Дәрігерлеріміз ұлт саулығы үшін барлық күш-жігерін салып еңбек етті. Әсіресе, пандемия кезінде адам өміріне араша түсіп, індетпен аянбай күресті. Әскери қызметшілер ел шебін қас қақпай күзетті. Тәртіп сақшылары тыныштығымызды, қауіпсіздігімізді қорғады. Төтенше жағдай қызметкерлері қатерден қаймықпай, талай жанды аман сақтап қалды. Зиялы қауым мәдениетімізді байытып, ғылыми әлеуетімізді арттырды. Мемлекеттік қызметшілер халыққа қызмет етіп, елдігіміздің тұғырын бекіте түсті. Құрылысшылар миллиондаған шаршы метр үй, мыңдаған шақырым жол салып, өрісімізді кеңейтті. Диқандар дән егіп, шопандар төрт түлігін өргізіп, ырысымызды көбейтті. Мұнайшылар қара алтын өндіріп, қазынамызды байытты. Кеншілер жер қойнауын игеріп, игілігімізді еселеді. Өнерпаздар әлемді мойындатып, Тәуелсіз Қазақстанды жер жүзіне танытты. Спортшылар дүбірлі додаларда туымызды желбіретіп, әнұранымызды әуелетті. Кәсіпкерлер өндіріс орындарын ашып, жұртты жұмысқа тартты. Еңселі ел болуымызға барлық саланың, түрлі мамандықтың өкілдері және барша азаматтарымыз бір кісідей атсалысты. Түптеп келгенде, Тәуелсіздікті нығайту дегеніміз – елге пайдасы тиетін нақты жұмыстарды жүзеге асыру. Қазақстан сіздердің жасампаз еңбектеріңіздің арқасында зор жетістікке жетті. Мен осы мерейлі сәтте Тәуелсіздігімізді нығайтуға қосқан үлесі үшін дүйім жұртқа алғыс айтамын!

Қадірлі отандастар!

Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойы – бұл қорытынды шығаратын және жүріп өткен жолдың сабақтарын байыптайтын уақыт. Қазақстан халқы тарихи мүмкіндікті толыққанды жүзеге асырып, егемен мемлекетті табысты құра білді. Алайда жаңа жаһандық және өңірлік сын-қатерлер жағдайында Тәуелсіздік табыс­тарын көбейту үшін бізге күш-жігерді екі есе, тіпті үш еселеген жөн. Басқаша айтсақ, масаттануға ешқашан болмайды. Әлеуметтік-экономикалық өмірдің барлық саласында күн сайынғы қауырт еңбек күтіп тұр.

Біздің күш-жігеріміз жемісті болуы үшін ұлт дамуының көкжиегін кеңейтуге және мемлекетіміздің болашақ перспективаларын айқын елестетуге тиіспіз. Бұл ретте өз мүмкіндіктерімізді шынайы бағалау, елдің іргелі мүдделерін ескере отырып, барынша прагматикалық әрекет ету маңызды. Алдымызда азаматтардың өмір сапасын көтеруге қатысты жаңа міндеттер тұр. Біз «адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» негіз қалаушы қағидатын берік ұстанатын боламыз. «Еститін мемлекет» тұжырымдамасын қоғам үлкен үмітпен қабылдады. Сондықтан әрбір азаматтың үмітін ақтап, қалауын ескеру үшін мемлекеттік қызметшілер бар күш-жігерін салуға тиіс. Атқарушы билік өңірлердің, қалалардың, аудандардың басшыларын қоса алғанда, халық игілігі үшін табанды әрі жемісті еңбек етуге міндетті. Біздің басты мақсатымыз – Қазақстанның барлық азаматы экономикалық дамудан іс жүзінде пайда көруін қамтамасыз ету, өйткені адамдар үшін нақты игіліктер маңызды. Елдің табыстылығы оның әрбір азаматының табысты болуынан құралады. Ал әлемнің түпкілікті өзгерістер дәуіріне аяқ басқаны мәлім. Геостратегиялық турбуленттіліктің, сыртқы ықпалдар қысымының өсуі жағдайында бізге ең ұлы қазынамыз – халық бірлігін сақтау және нығайту қажет. Біздің халқымыз барша әлемге өзінің діни, мәдени, тілдік тұрғыдан толеранттылығымен танылған. Мемлекеттің міндеті – осы баға жетпес қасиеттерді жастарға сіңіріп, оларды шынайы патриоттық, интернационалдық рухта тәрбиелеу.

Қазақстандағы тыныштық пен тұрақтылық үшін, ең алдымен, ел иесі – қазақ халқы – жауапты. Осыны жете түсінетін кез келді. Біз әрдайым кеңпейіл болып, өзге этнос өкілдеріне қамқорлық танытуымыз керек. Сонда ғана берекелі бірлігімізді сақтап, тату-тәтті өмір сүреміз.

Қазақстан ешқашан бір орында тұрған жоқ. Еліміз әрқашан қажетті қайта құрулар мен реформаларды жүзеге асыра отырып, ұдайы даму жолында болды. Енді біздің алдымызда болашақ экономиканы жедел құру міндеті тұр. Оның негізі жаңа технологиялар, жасанды интеллект, жоғары еңбек өнімділігі, шығармашылық бастама болмақ. Бұл жұмыста шешуші қадам жастарға тиесілі. Мемлекет әрқашан қоғамдағы сындарлы диалог пен ынтымақтастықты мақсатты түрде дамыта отырып, жауапты азаматтарға арқа сүйейтін болады. Біз дәйекті саяси жаңғыртуды ұдайы жалғастыратын боламыз. Бірақ әлеуметтік антагонизмге, популизмге, ішкі ахуалды тұрақсыздандыруға жол бермейміз. Елімізде үйлесім мен тәртіптің берік негізі ретінде заң үстемдігі салтанат құруға тиіс. Алдағы онжылдықта мемлекет саясатының негізгі басымдығы экологияны жақсарту мәселесіне бағытталады. Қазақстан цифрлы технологияларды жан-жақты енгізуді күшейтеді. Біз қоғамда кәсіпкерлік рух пен тәжірибені сөзбен емес, іспен нығайта беруіміз керек.

Қазақстанның жиырма, отыз жылдан кейінгі болашағы еліміздің әрбір азаматына, яғни әрқайсымызға тікелей байланысты. Бұл – айрықша тарихи маңызы бар мәселе. Алдағы онжылдық Отанымыздың жаңа белеске көтерілетін кезеңі болады деп сенемін.

Бүгінгі ауқымды жоспарларымыз жүзеге асып, толағай табысқа жетеріміз анық. Тұңғыш Президентіміз ұзақмерзімді стратегиясында еліміздің бағыт-бағдарын айқындап берді. Біз осы бағдарды ұстанып, Ұлт жоспарын жүзеге асырып жатырмыз. Мұның бәрі мемлекетімізді түбегейлі жаңғыртуға, экономикамызды жан-жақты дамытуға және жалпыұлттық бірегейлігімізді нығайтуға арналған.

Жақында Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Елдіктің жеті тұғырын» өте ауқымды тұжырымдады. Ұлтымыздың бұл өзіндік құндылықтар матрицасы әрбір азаматқа жақын әрі түсінікті. Ұсынылған іргелі қағидаттар жиынтығы халқымыздың жаңа жетістіктерге жету үшін шоғырлануына қажет маңызды іске қызмет етеді.

Елбасымыз жуырда жариялаған мақа­ласында Тәуелсіздіктің мән-маңызы мен қадір-қасиетін барынша ашып көрсетті. Егемендік жолымыз бүгін де жал­ғасуда. Осы күрделі жолда кедер­гілер, қиыншылықтар аз болмасы анық. Оны еңсеруге бәріміз әрқашан дайын болуы­мыз қажет. Осы тарихи шындықты, жауапкершілікті терең сезіне білуіміз керек. Бұл ұстаным мемлекеттік стратегия­мыздың өзегіне айналуға тиіс. Сонда ғана ел бірлігі, татулығы нығая бермек.

Біз тек бірлесіп қана тиімді мемлекет пен әділетті қоғам құра аламыз. Тек жұмылған кезде ғана барлық азаматтың әл-ауқатын арттыруды қамтамасыз ете аламыз. Біз тек бірлесіп қана қасиетті Тәуелсіздігіміздің абыройын асқақтатып, жылдам өзгеріп жатқан әлемге ықпал ете аламыз.

Құрметті қауым!

Тарихи уақыт өлшемімен қарағанда отыз жыл деген – қас-қағым сәт. Ал өткен оқиғалар тұрғысынан бағаласақ, ғасырларға татитын мерзім. Қазақстан халқы үшін бұл – азаттық жылнамасының тұтас дәуірі.

Жарқын болашағымызға жол салған ұлы жетістіктер кезеңі. Енді Тәуелсіздіктің төртінші онжылдығына қадам басқалы тұрмыз. Бұл кезең бізге жаңа міндеттер жүктейді. Мемлекеттігімізді одан әрі нығайтып, халқымыздың әл-ауқатын арттыра түсуіміз керек. Сондықтан барлық саладағы реформаны міндетті түрде жалғастыра береміз. Ең бастысы, бейбіт өмірді, тыныштық пен тұрақтылықты сақтай білуіміз қажет. Сонда азаматтарымыз Тәуелсіздіктің игілігін әрдайым сезінетін болады. Біздің мақсатымыз – осы.

Бабаларымыз ғасырлар бойы Тәуелсіздікке жету үшін күрессе, ендігі ұрпақ Тәуелсіздікті қорғап, нығайту үшін күреседі. Біз бүгінгі елдік істерді жастарға аманаттаймыз. Қазіргі ауқымды жұмыстың бәрі жарқын болашақ үшін жасалуда. Егемендік кезеңінде ойы азат, рухы биік Тәуелсіздік перзенттері өсіп-жетілді. Шын мәнінде, олардың әлеуеті өте зор, мүмкіндіктері орасан. Өскелең ұрпақ аға буынның тәжірибесін пайдаланып, біздің үмітімізді ақтайды деп сенемін. Жолдарыңыз кедір-бұдырсыз болмайды, сондықтан көп білім алып, рухани жағынан байып, нағыз азамат ретінде қалыптасу керек.

Уақыт тынысын дөп басып, заман талабына бейімделе білген жұрт ешқашан ұтылмайды. Кез келген сынаққа дайын тұрады. Біз күш-қуаты мен қарым-қабілеті сай кемел халық болуымыз керек. Күнде өзгеріп жатқан құбылмалы кезеңде бұл мақсатқа жету күрделі екені анық. Қазір әлемге тұрақсыздық факторлары әсер етуде. Оның үстіне, пандемияға байланысты жаңа сын-қатерлер пайда болды. Бірақ жұртымыз қиындықтың бәрін еңсере алатынына сеніміміз зор. Себебі тұғыры мызғымас мықты мемлекетіміз бар.

Даму жолымызды нақты нұсқап тұрған стратегиялық мақсаттарымыз бар. Еліміз өзінің сара жолынан айнымай, алға қадам баса береді. Біз үшін Тәуелсіздік бәрінен қымбат. Осы баға жетпес құндылығымызды қастерлеп, қуатты Қазақстанды дамыту үшін бәріміз жұмылып, бір ел болып аянбай еңбек етейік.

Жалпыұлттық мерейтойымыз құтты болсын!

Еліміздің абыройы асқақтап, беделі биіктей берсін!

Елбасымыз аман болсын!

Қазақстанымыз мәңгі болсын!

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<