Ұлтжанды азамат – ел айбыны

783

0

Ұлан-ғайыр даланы көзінің қарашығындай сақтау міндеті жүктелген жастарды патриотизмге тәрбиелеу – аса жауапты міндет.  Ел ертең саналатын бүгінгі буынды тәрбиелеу жұмысына үлес қосып, Отан алдындағы борышын адал атқарып келе жатқан азаматтардың қатарында Марат Измағамбетов бар.

Марат Сағиұлы 1976 жылы Қазалы ауданында дүниеге келген. 1992 жылы Қазалы ауданындағы №17 орта білім беру мектебін тәмамдап, Алматы политехникалық институтының инженер-механик мамандығына оқуға түсті. Оқу жылдарында әскери кафедраға қабылданып, 1997 жылы институтты аяқтады. Еңбек жолын 1997-2000 жылдары Отар поселкесіндегі «21742» әскери бөлімінен бастап, взвод командирі, бөлімше бастығының аға көмекшісі болып қызмет атқарды.

2000 жылы Қызылорда мемлекеттік университетінде «Әскери кафедра» ашылып, әскери стажы бар офицерлерге қабылдау жүргізілді.  Осы орайда жауапкершілігі мол, тапсырмаға тиянақты Марат Сағиұлы жас мамандар тәрбиелеу ісіне бет бұрды.  Сыр өңіріндегі мәдениет пен өнердің орталығы, іргелі білім ордасы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетіне «Әскери кафедра» және «Денешынықтыру және бастапқы әскери дайындық» кафедрасында аға оқытушы қызметіне қабылданды. Алға қойған міндеттерді орындау барысында өз ісіне аса жауапкершілікпен қарайтын ол ұжыммен тез тіл табысып, әріптестерімен бірге жас ұрпаққа білім мен саналы тәрбие берді. 

Марат Сағиұлы университет қабырғасындағы жастарды отансүйгіштікке, патриотизмге тәрбиелеуде тынбай еңбек атқарды. Студенттердің әскери парадтарға, әскери патриоттық тәрбиелік бағыттағы шараларға, мектептердегі әскери патриоттық клубтарға, жарыстарға қатысуына тікелей ықпал жасап, білімдерін шыңдады.

Мұғалімдердің білімін жоғарылату мекемесінде әскери жетекшілерге дәріс өткізді. Шәкірттері қазір республикамыздың  түкпір-түкпірінде (ҚР Қарулы күштерінде, төтенше жағдайлар министрліктерінде) қызмет атқарады. Ол 2005 жылы Қызылорда облысының әскери полигонында взвод командирі, 2006 жылы Жамбыл облысында орналасқан әскери полигонда рота командирі болып, әскери жиындарда жетекшілік жасады. 

Жастардың мықты ерік-жігерін қалыптастыруда әскери-патриоттық ұйымдардың маңызы жоғары. Марат Сағиұлы университетте студенттерді патриотизмге тәрбиелеу бағытында қызмет атқара жүріп, университет ұжымының қолдауымен 2010-2012 жылдары Қызылорда облысының Сырдария ауданы Қорғаныс істері жөніндегі бөліміне шақырту алды. 

          Әскери қызмет – мемлекеттің Қарулы Күштері жүйесінде атқарылатын қызмет. Бұл бірқатар мемлекеттерде, оның ішінде Қазақстанда да Отан алдындағы қасиетті парыз саналады.

Ел қауіпсіздігін нығайту жолында еңбек еткен Марат Сағиұлы 2012 жылы Атырау облысының Қызылқоға ауданының Қорғаныс істері бөлімінің бастығы, 2014 жылы Атырау облысының Қорғаныс істері жөніндегі департаментіне бөлім бастығы болып тағайындалды.

Ел үшін еткен қажырлы еңбек ескерілетіні белгілі. Ол 2020 жылы ҚР Тәуелсіздік күніне орай «Мінсіз қызметі үшін» медалімен марапатталды. Сондай-ақ, ҚР Қарулы Күштерінің 10 жылдығы, 20 жылдығы және ҚР Тәуелсіздігіне 25 жыл, Атырау облысының Қорғаныс істері жөніндегі  Департамент бастығының және Батыс Әскерлер Қолбасшылығының «Алғыс хат» марапаттарымен  марапатталды.

Жастарға патриоттық тәрбие беру, аймақта әскери-патриоттық жұмыстарды жетілдіру қызметіне атсалысқан азамат қазіргі таңда құрмет демалысы деген кезеңге жетті. Еткен еңбектің еленгені кімге де болса қуаныш, көңілге үлкен медет. Бүгінде ол  жары Сымбат Әбілқызымен бірге 3 бала тәрбиелеп отыр.

Алдағы уақытта да Марат Сағиұлы әскери салаға баулыған «Бастапқы әскери дайындық» мамандығының студенттері Қазақстан Республикасының азаматы ретінде әскери қызметшінің міндеттерін қатаң сақтап, талғамы биік, талабы зор, нағыз патриот болып еліміздің өркендеуіне ат салысады деген сенімдеміз. 

Шеризат ҚУАТБЕКОВ,

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті «Денешынықтыру және бастапқы әскери дайындық» кафедрасының аға оқытушысы, педагогика магистрі 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<