Утилизация: халыққа әділетті жол, қолжетімді баға керек

1337

0

Сейсенбі, 11 қаңтарда Мәжіліс отырысы кезінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Оператор РОП»-қа төленетін утилизация алымын алып тастауды тапсырды.

– Кәсіпкерлер мен жалпы қоғамда «Оператор РОП» компаниясының қызметі көптеген сұрақ туындатып отыр. Тіпті, осы жеке компанияға қарсы қоғамдық қозғалыс та ұйымдастырылды. Мен Үкіметке «Оператор РОП»-тың утильдік алым жинауына тыйым салуын тапсырамын. Мұнымен шет мемлекеттердегідей мемлекеттік ұйым айналысуы керек. Алымдардың өзіне келсек, олардың ставкасы қайта қаралуы керек, – деді Президент.

Сондай-ақ, Президент автокөлік өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы машиналарын құрастыру мемлекет функциясы екенін, бұл мәселені бизнеспен және қоғаммен конструктивті түрде талқылау керек екенін мәлімдеді.

– Сатып алушыларға утиль алымы есебінен ваучер арқылы отандық автокөліктер мен ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алу мәселесін қарастыру керек. Ондағы қаражатты пайдаланудың басқа да қоғамға пайдалы тәсілдерін әзірлеңіздер, – деп тапсырды Мемлекет басшысы.

Президенттің утилизациялық төлемді алып тастау туралы тапсырмасы көпшіліктің көкейінде жүрген мәселе еді. Халық тарапынан «оператор РОП» компаниясына қатысты қоғамдық қозғалыстың да ұйымдастырылғаны рас. Демек, Мемлекет басшысы қоғамдағы мәселелерге ерекше маңыз беріп отыр.

«Оператор РОП» қандай мекеме?

Жалпы, 2016 жылдан бастап Қазақстанда көлікті импорттау үшін утилизация алымы алынып келді. Ол АЕК-ке байланысты болғандықтан, жыл сайын өсімі жалғасып келеді. Қозғалтқыштың көлеміне және көлік түріне қарай утилизация көлемі өзгере береді.

Бұл төлем түрін төлеуге автокөлік өндірушілер, ресми импорттаушылар және Қазақстанға көлік әкелгісі келетін жеке тұлғалар міндетті. Төлем көлікті бастапқы тіркеуге дейін жүзеге асырылатындықтан, бұл бағаны айтарлықтай арттырады.

2020 жылдың басындағы дерек бойынша, үш жылда «Оператор РОП» ЖШС шотына 220 миллиард теңге түскен. Оның ішінде ең көп қаржы – 75 миллиард теңге автокөлік өндірісін ынталандыруға жұмсалған.

«Тәуелсіз автобизнес» одағының төрағасы Берік Зайыров халық автокөлікті Қазақстанда емес, Ресейден сатып алуға мәжбүр екенін айтқан болатын. Қазақстанда утилизациялық алым жеңіл көлікті тіркетейін дегендерден 3,5 миллион теңгеге дейін төлеуді талап ететін. Ал жүк көліктерінен 6 миллион теңгеге дейін талап етеді. Тіпті, ауыл шаруашылығы техникасын әкелу үшін алынатын утилизациялық алым сомасы 14 миллион теңгеге дейін жетеді. Ал, негізі утильсбор халық баяғыдай, сырттан арзан да сапалы автокөлік тасып әкеле бермесін, отандық автоөндірушілерді қолдайық деген оймен дүниеге келген.

Бірақ утилизациялық алым пайда болғаннан бергі бес жылдың ішінде автокөлік бағасы екі есеге қымбаттады. Елдегі көліктер паркі ескіре бастады. Жаңа көлік те удай қымбат, ескі көліктің бағасы да аспандап кеткен. Елдегі автокөліктерді жаңарту үшін енгізілген алым түрінің салдарынан іс жүзінде Қазақстандағы автокөліктердің 63 процентінің шыққанына он жылдан асқан.

Утилизациялық алымды «Оператор РОП» деген жеке меншік ұйым алады. Қазақшасы – ӨКМ операторы (өндірушінің кеңейтілген міндеттемелері). Утилизациялық алым – салықтың бір түрі. Бірақ салықты мемлекет жинаса, бұл алымды Экологиялық кодекске еніп үлгерген жекеменшік компания жинап келді.

Төлем 2015 жылдан бері қайта қаралмаған

Өткен жылдың соңында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов көліктерді кәдеге жарату төлемінің параметрлері 2015 жылдан бері қайта қаралмағанын, сондықтан оларды көтеріп, қайта талқылау керектігін айтқан болатын.

– 2015 жылы кәдеге жарату төлемінің нормалары қабылданды. Одан кейін бүгінгі күнге дейін олар шынымен қайта қаралған жоқ. Бүгінде бұл мәселе өте өткір және әлеуметтік желілерде көтеріліп жатыр. Индустрия министрлігі, негізінен, бенефициарлар, түпкілікті алушы болуымыз керек. Бірақ бұл экологиялық төлем және ол басқа министрліктің құзырында, – деді Атамқұлов журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып.

Сол кезде министр қалдықтарды жинау, олардың нарығын қорғау және машина жасау мен автомобиль жасауды дамыту үшін қажет екенін айтқан. Бұл ретте ол басқа елдердің тәжірибесін, Малайзияда автомобиль өнеркәсібін құру үшін 30 жыл қажет болғанын мысалға келтірген.

Еліміздегі утилизация дауы

Елде автокөлік иелері жылдар бойы утилизациялық алымға қарсылық білдіріп келген. 2021 жылы #НетУтильсбору қозғалысы басталды. Тіпті, былтыр Алматыда бір топ белсенділер «Утилизация алымына жол жоқ» деген ұранмен баспасөз-митингін өткізген. Жиынға ұйымдастырушылармен қатар шетел нөмірлі көліктері бар қарапайым халық өкілдері де қатысып, билікке өз талаптары мен ұсыныстарын айтқан. «Утилизация алымына жол жоқ» қозғалысының мүшелері дайындаған петицияға екі аптаның ішінде 150 мың адам қол қойған.

Қозғалыс өкілдерінің айтуынша, қазіргі уақытта елімізде көлік дефициті байқалып отыр. Көлік сату орталықтарында автокөлік мүлдем жоқ. Қарапайым отбасылар үшін көлік тек күнделікті қажеттілік ретінде қарастырылуы керек. Алайда дұрыс жүргізілмеген саясаттың кесірінен тұрғындардың оған қолы жетпей отыр. Үкімет автоөнеркәсіпке бұрын-соңды болмаған қолдауды көрсеткенімен, іс жүзінде қазақстандық өнеркәсіп дамудың жолына түспеген. Ал қарсы міндеттемелердің орындалуына бақылау мүлдем қойылмаған.

Автоөнеркәсіпте де мәселе жеткілікті. Мысалы, біршама уақыт бұрын «Азия Автоның» бір өзі мемлекетке 174 млрд теңге шығын келтіргені хабарланған болатын. Ал, компанияның бұрынғы басшысы Анатолий Балушкин Қазақстаннан кетіп, ресейлік миллиардерлердің тізіміне қосылды. Сондай-ақ, утилизация мөлшерінің зияны ауыл шаруашылығына да тиіп отырғаны үнемі айтылып келген. Шаруалар мемлекеттік экономиканың басты драйвері ауыл шаруашылығы деп салаға үлкен сомадағы субсидия қаражаты бөлінгенімен, оны утилизация арқылы қайта тартып алатынына шағымданған.

Ресей нөмірлі көліктердің иелері де қиын жағдайға тап болғандарын айтқан. Қарапайым жұртшылық көліктерді қалтасының ыңғайына қарап алады. Қазақстандық нөмірлі көліктердің бағасы қаншалықты қымбат болып тұрғаны айтпаса да белгілі. Қазір елімізде тіркеусіз жүрген көліктер де мыңдап саналады. Оған да халықтың наразылығы соңғы уақытта жиілеп кеткен – утилизация алымы себеп. Айталық, өткен жылдың қараша айының басында полицейлер ресейлік нөмірлі көліктерге рейдтер ұйымдастырып, көліктерді айыптұраққа қоя бастаған. Бұған жауап ретінде көлік жүргізушілері наразылық акциясына шығып, мұндай толқулар бірнеше қалаларда болып өтті. Нәтижесінде полиция тарапынан жүргізілетін тексерулер тоқтатылған болатын.

Бір сөзбен, талап етілген утилизация алымы – нарық пен халық талабына қарсы шығады әрі қаржылық түсініксіз құрылған схема және алдағы уақытта экономиканың барлық салалары үшін бірқатар келеңсіздіктер алып келуі мүмкін болатын.

Үкімет қандай шешім қабылдады?

Енді Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Қазақстанда кәдеге жарату төлемдерін жинайтын жеке мемлекеттік оператор құрылады. Бұл туралы 12 қаңтарда өткен Үкімет отырысында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев мәлімдеді.

– Кәдеге жарату төлемдеріне қатысты Мемлекет басшысы берген тапсырмаларын орындау үшін келесідей жұмыстар жүзеге асырылады. «Оператор РОП» ЖШС ҚР Экология кодексінің 387-бабына сәйкес 2015 жылғы 30 желтоқсандағы ҚР Үкіметінің қаулысымен құрылды. 2016 жылдан бүгінгі күнге дейінгі кезеңде кәдеге жарату төлемі түрінде түскен қаражат көлемі 691,9 млрд теңгені құрады. Алынған қаражат ҚР қолданыстағы заңнамасына сәйкес жұмсалды. Атап айтқанда, отандық автокөлік өндірушілерге 338,9 млрд теңге мөлшерінде кәдеге жарату түріндегі бұрын төлеген қаражаттары қайтарылды. Экологиялық мәселелерді шешуге 102 млрд, салықтарға 49,1 млрд теңге жұмсалды. Бүгінгі таңда қаражат қалдығы екінші деңгейлі банктерде 220,6 млрд теңгені құрайды, – деді ол.

Серікқали Брекешев Мемлекет басшысының тапсырмасына орай министрлік бизнестің, қоғамның және мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен бірқатар мәселені пысықтайтындығын атап өтті.

– Бірінші – жеке мемлекеттік оператор немесе Өнеркәсіпті дамыту қорының базасында оператор құру. Екінші – кәдеге жарату коэффициенттерін қайта қарау. Үшінші – кәдеге жарату алымы есебінен отандық көлік құралдары мен ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алушыларға ваучерлер беру, – деді министр.

Экономикалық саясат институтының директоры, Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Қайырбек Арыстанбеков бұл инфляция деңгейіне де оң әсер ететінін айтады.

– Шетелден әкелінген көлік үшін утилизациялық төлем төлеу макроэкономикалық тұрғыдан алғанда салық болып саналады. Сондықтан оның нарықтағы көлік бағасына әсері жоғары. Ал оны алып тастаған соң көлік бағасы арзандайды. Осы күнге дейін аталған мәселемен жекеменшік компанияның айналысып келгені де көпшілікті көп ойға жетелеген еді. Президенттің бұл мәселені мемлекеттің қарауына алуды тапсыруы – құптарлық қадам. Өйткені әлемдік тәжірибеде де солай, – дейді ол.

Енді елімізде утилизациялық алым тоқтатылып, оның құны қайта есептеледі. Сондай-ақ, отандық машина жасаушыларға қолдау тоқтамайды. Керісінше жүйе қайта жасалады. Утилизациялық алымнан түскен қаржы есебінен Қазақстанда жасалған көлік сатып алғандарға ваучер беріледі. Бұған қоса жиналған қаржыны қоғамға тиімді жаратудың тың жолдары қарастырылады.

Ең бастысы – бұған дейін бұл шаруамен айналысып келген жеке компания бірыңғай оператордың жұмысы тоқтатылады. Утилизациялық алымды жинау шет елдердегі сынды мемлекет қарауына өтеді.

Әлемдік стандарт неге ескерілмейді?

Дамыған елдерде қалдықтарды кәдеге жарату жүйесі бұрыннан табысты жұмыс істеп келеді. Қажетті инфрақұрылым жасалып, сала кәсіпорындары пайда әкеліп, жұмыс орындарын құруда. Ал төлем мөлшері тұтынушыға тіпті байқалмайды.

Мысалы, Еуропада жеңіл автомобильдер үшін утилизация алымы 200 евродан аспайды. Негізінен оны сату кезінде өндіруші автомобильдің құнына қосып есептейді. Тіпті, дамыған елдерде утилизация алымы алына бермейді. Көп жағдайда ол экологиялық стандарттарға сәйкес келмейтін автокөлікті пайдаланғаны үшін иесі төлейтін экологиялық төлеммен ауыстырылады.

Жыл сайын әлемде қалдықтарды кәдеге жаратумен айналысатын кәсіпорындар бірнеше миллион жұмыс орнын қамтамасыз етеді. 2013 жылғы дерек бойынша, Еуропада жыл сайын шамамен 10 миллион автокөлік жойылады, ал автомобильдің орташа жасы он жылдан аспайды.

Әлемдегі қайта өңдеу желісінің стандартты құрылымы төмендегідей. Алдымен көлікті жинау пункттерінің желісі қабылдап алады. Мұнан соң автокөлік демонтаждау және бөлшектеу кәсіпорындарында техникалық сұйықтықтарды, майларды, отын қалдықтарын жинау, қайта пайдалану үшін бөлшектерді алу, жалпы полимер бөлшектерін, дөңгелектерді және т.б. бөлшектеуден өтеді. Әрі қарай ұсақтау қондырғылары арқылы көліктің бояуы мен тоты кетіріледі. Қалдықтар қара және түсті металл, пластмасса, маталар мен шыны болып бөлінеді. Ең соңында бұл қалдықтар қайта өңдеу кәсіпорындары арқылы металлургиялық, химиялық өңдеуден өтеді. Мұндай кәсіпорындар көліктің 95 процентіне дейін қайта өңдеп, жыл сайын 300 млрд долларға жуық табыс табады екен. Сондықтан көптеген елдерде қайта өңдеуге өткізгені үшін көліктің соңғы иесіне сыйақы да төленеді.

Утилизация алымын 100 мың теңге ету мүмкін бе?

Қазақстанда бизнес пен қарапайым халық кәдеге жарату алымымен мемлекет емес, квазисалық емес, түсініксіз монополия айналысады деп алаңдап келген. Бірақ қазір елімізде утилизация жұмысын әділетті түрде жолға қойып, техниканы халық үшін қолжетімді етуге мүмкіндік туып отыр.

Ойлап қарасақ, елімізде бұл алым көлемі өзге елдерден ондаған есе көп. Мемлекет басшысы соманы қайта қарауды тапсырғаннан кейін қоғам белсенділері өркениетті әлемде төленетіндей төлем тағайындауды ұсынып отыр. Қазақстан тәуелсіз автобизнес одағы басқарма төрағасының орынбасары Шыңғыс Темірдің айтуынша, бұл – шамамен 100 мың теңге.

Биболат Сәтжан,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<