Жаңашылдық болмысына жол

2002

0

Бүгінде әлемді жайлаған COVID-19 пандемиясы елімізді де өз құрсауына алды. Төтенше жағдай кезеңінде экономикалық және әлеуметтік өмірде орын алған түйткілді мәселелерді жаңаша пайымдау, уақыт талабына сай қайта бейімдеу қажеттілігі айқын көрініп отыр. Әлемнің даму векторы бұлыңғыр күйінде. Осы ретте, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясы 75-сессиясының жалпысаяси дебаттарында сөйлеген сөзінде «Бүгінде бүкіл әлем аумалы-төкпелі оқиғалардың жаңа толқынының алдында тұр. Оның салдары өте ауыр болуы мүмкін. Өзара сенімнің жетіспеуі, халықаралық бәсекелестіктегі түсініспеушілік, сауда соғыстары мен санкциялар орнықты дамудың келешегіне нұқсан келтіріп, миллиардтаған адамның жарқын әлемге деген үмітін үзді», – деп бүгінгі күннің үрейін нақты бағамдап берді.

Кез келген дағдарыс – дамудың жаңа мүмкіндігі екенін ескерсек, Мемлекет басшысының «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жол­дауы көп­шіліктің көкейінде жүрген «болашақ дамуымыздың бағдары қандай болмақ» деген сауал­дарға толық жауап ұсынған, негізгі бағыттар мен нақты іс-қимылдар көрсетілген құжат болып отыр. Жол­дауда қазақстандық қоғамның эволю­циялық өзгеру бағыты, корона­кризисті еңсеру жол­дары, ғаламдық трендтердің ақ-қарасын ажы­рату мәселелері көтерілген. Сонымен қатар, «Тың­дайтын мемлекет» тұжырымдамасының жал­ғасы ретінде қоғамның түйткілді мәсе­лелерін шешуге бағытталды. Жалпы, «Тыңдайтын мемлекет» экономика ғылымынан алынған «сервистік мемлекет» қағидасына саяды. Яғни халықтың сұранысы мен мұқтажына деген жауапкершілік дегенді білдіреді. Тұжырымдаманы жүзеге асыру өткен ғасырдың 90-жылдары Ұлыбританияда бас­талып, әлемнің озық елдерінде тә­жірибеге алынды. Бұл бағыттағы жұ­мыстар еліміздің қоғамдық-сая­си өміріне де барынша кеңінен енгізілуде.

Жолдау он бір базалық тұғырға негізделіп, «Қазақстанның жаңа әлемде өзінің лайықты орнын алуына» бағытталған. Ал бүгінгі Қазақ­станның стратегиялық мақсаты Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев белгілеп бергеніндей әлемнің бәсекеге қабілетті, ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына қосылу.

Қазіргі әлемдік жаһандану мен бәсекелестік уақытында халқымыздың жаңа болмысын қалыптастыру арқылы тұтас ұлт сапасын арттыру қажеттілігі күн санап артып келеді. Ол үшін күнделікті өмірлік ұстанымдарымызды өзгертуіміз керек және ескіліктен арыла отырып, уақыт талабына сай «жаңа қағидаттар мен жаңа бағдарлар салтанат құруы тиіс». Бұл ретте ең алдымен тұтастай халықтың және әрбір жеке адамның қасиеті бірінші орынға шығатыны даусыз. Егерде, адам баласының түпкі мақсаты – дүниені және өзін-өзі тану деп білсек, міндеті – өзі және басқалар үшін игіліктер жасау болуы керек.

Жалпы, адам болмысының қыр-сырын ашып, кемел адамды қалыптастыру мәселесі ұлы ойшылдарды ерте замандарда-ақ толғандырып, философиялық ой-дамудың негізіне айналды. Конфуций адамды үш түрге бөліп қарастырады. «Дана адам – асып таспайды, Жақсы адам – күй талғамайды, Батыл адам – қорықпайды», – дейді.

Батыс әлемінде адам туралы ең ал­ғашқы мәдени-антропологиялық ой бастауында философия атасы Сократ тұр. Ол адамдар бойындағы ең жақсы құндылықтарды, моральдық ұғымдар және мінез-құлық түрлерін салыс­тырмалылық тұрғысынан өлшейді.

Ұлы дала төрінде де сан ғасырлар бойы «кемел адам», «толық адам» болмысын ашу, оның негіздеріне үңілу, уақытына сай жетілдіріп отыру үрдісі жүрген. Әлемнің екінші ұстазы, ғұлама Әл Фараби өзінің «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» атты философиялық трактатында «Кемел адам» бойында «Қайрат», «Ақыл» және «Жүрек» болуы керек дейді. Осы ұғымдарға түсінік бере келіп, жүрекке шешуші мән береді. Данышпан Абай да «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, сонда толық боласың елден бөлек» деп адамға нұрлы ақыл мен ыстық қайраттың, жылы жүректің маңыздылығын айтып Әл Фараби ілімін жалғай түседі.

«Нағыз қазақтың жаңа кейпі» бұл Ұлы дала елінде қалыптасқан тарихи дәстүрлердің ХХІ ғасырға лайықталып қайта жаңғыруында. Яғни, ұлттың жаңа болмысы дегенде тек салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызды ғана емес, со­нымен бірге ұлттық мінез-құлықты, адам­гер­­шілік қағидаттарына айналған моральдік прин­цип­терді, тағылымды тәрбие ұс­тындарын, даналықты, адам­гершілікті, ізгілікті насихаттай­тын сан ғасырлық мұраларымызды айтамыз. Осы құндылықтарымызды көздің қарашығындай қор­ғап, жаңа мазмұнда кәдеге асырған жағдайда ғана ұлттың жаңа болмысын қалып­тастыра аламыз.

Осы орайда, Жолдаудың «Ұлт­тың жаңа болмысы» атты ХІ тұғырнамасында жоғарыда келтірілген көкейтесті мәселелерге жауап беретін және бүгінгі күннің үдесінен шығатын алты негізгі қағида көрсетілді. Олар: білім, адал еңбек, кәсіби дағды, тәртіп пен жауапкершілік, әділдік және адалдық.

Алаштың анасына ба­лан­ған, көненің көзі, мәде­ни мұралардың асыл көм­­бесі, бай тарихты қойна­уына бүккен, талай тарланды қанаттандырған қа­сиет­ті аймақ қашанда ой-да­мудың, ерлік пен өрліктің алғы шебінде болып, замана сұраныстарына нық әрі толық жауап беріп отырған. Бүгінде Сыр өңірі дегенде көпшілік Кеңестік Қазақстанның алғашқы астаналарының бірі Қызылорданы, ақ маржаны – күрішін, «Сыр елі – жыр елін» еске алады.

Алайда Қызылорда облысы шежірелі тарихы арқылы Орта Азия мен Еуразия өркениетіндегі өзіндік орнымен ерекшеленеді. Осы орайда, тұтас түркі дүниесінің абызы – Қорқыт атаны, тарлан тарихымыздың бедерлі белестерінде астаналар болған Шірік-рабатты, Жанкент пен Сығанақты, адамзат баласын алғаш ғарышқа самғатқан Жер кіндігі – Байқоңырды айтса да жеткілікті.

Сыр бойы жоңғар хандығы, Ресей патшалығы мен Орта Азия хандықтарының өз ықпалын жүргізуі үшін күрес аренасына айналып, отарлық езгіге түссе де, жұртының ұлттық болмысы мен бітімі бұзылмады. Тоталитарлық кезеңнің сорақы саясатына қарамастан өңір халқы ұлттық дәстүрін, тілі мен ділін табиғи қалпында сақтап қала алды. «Сыр – Алаштың анасы» сөзінің тағы бір салмақты себебі осы болса керек.

Қазіргі таңда Сыр өңірінің алдында тағы бір сындарлы сәт тұр. Ол мемлекет басшысының жол­дауындағы ұлттың жаңа болмысын қалыптас­тыру­да осы күннің ша­қырулары тұрғысынан жауап беру. Оған қазақтың иісі аңқыған, ұлттық болмыс-нышаны қалыптасып, бүгінде қайта түлеп жатқан аймақтың толық зияткерлік әлеуеті жетеді.

Ұлт тағдырын ұрпақ шешетін уақытта халқымыздың «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» деген сөзінің мазмұны арта түседі. Бұл дала халқының әлімсақтан білімге, ғылымға, жаңалыққа деген құштарлығын көрсетсе керек. ХХІ ғасырдың биігінен бағамдасақ бәсекеге қабілетті маман, озық ойлы азамат болу үшін үздіксіз білімнің алар орны орасан зор. Бүгінде өз бетінше әрекет ете алатын, болашағына жауап­кершілікпен қарайтын, шығармашыл, жеке дамуын құндылық ретінде түсі­нетін, үздіксіз білім алуға ұмтылған адамдар ғана табысты болып отырғанын көруге болады. Қазіргі таңда Финляндия бастаған скандинав елдерінде және басқа да мемлекеттерде үздіксіз білім алып отыру дағдыға айналған. Мұны біз озық елдердің дамуынан бағамдай аламыз.

Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарынан елі­міз­де үздіксіз және сатылы білім беру жүйесі жолға қойылып келеді. Нарықтық экономика мен бәсекелестік ортаға түскен білім саласында көз­ге көрінер жетістіктер мен қатар кемшіліктер де жоқ емес. Алайда кемшіліктерді жою, оларға жол бермеу бүгінгі күннің ең өзекті мәселелерінің қата­рынан саналады. 

Қазіргі таңда облыс бойынша мектепке дейіңгі балалардың барлығы балабақшамен қамтылып отыр. Бірінші сыныпқа 19 мыңға жуық бала қабыл­данып, 293 мектепте 170 мыңнан астам оқушы білім алуда.

Назарбаев зияткерлік мектеп­терінің тәжірибесін тарату мақса­тында инновациялық мектептер желісі құрылуда. Оларда жара­тылыстану-математикалық бағыт­тағы пәндер тереңдетіліп оқыты­лып, нақты ғылым салаларына ерекше көңіл бөлінуде.

150 мектепте химия, биология, информати­ка, физика пәндерінің элементтері пилоттық не­гізде ағылшын тілінде оқытылуда. Онымен қоса, балалар мен жасөспірімдердің техникалық бағыт­тағы білімін дамыту, білім сапасын арттыру, шы­ғармашылық белсенділігін, ойлау қабілетін кү­шейту мақсатында жүз жиырмадан астам мектепте робототехника және «3Д-модельдеу» кабинеттері жұмыс жасайды.

Техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлауға жергілікті бюджеттен биыл 3108 орын, «Еңбек» бағдарламасы бойынша 1515 орын бөлінді.

Педагог мамандықтарының мәр­тебесін көтеру бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесінде мұғалім болуға ынтасы бар оқушылар саны көбейді. Жалпы, биыл мыңның үстіндегі бала педагог мамандығын таңдады. Олардың 980-нен астамы мемлекеттік грант иегері болса, қалғандары облыс әкімі грантының иелері атанды.

Аталған жұмыстар бүгінгі жас­тардың біліміне құйылған инвестиция екенін ескерсек, оның еліміздің болашақ дамуына салынған ұзақ мерзімді капитал деп қабылдауымыз керек. Себебі білімді жастың, мықты кәсіби маманның, өңіріміз бен еліміздің дамуына қосар үлесі зор.

Уақыт қанша жүйрік болып, технологиялық укладтар ауысып отырғанымен, адамның еңбегі ешқашан жоққа шықпайды. Тек технологияны заманына сай игеріп отыру, білімді үздіксіз жетілдіріп отыру ғана керек. Адамзат баласының түрлі даму сатыларына үңіліп қарасақ, өмір сүру мен табысты болу үшін қажырлы еңбек етіп келгенін көреміз. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген дана халқымызда керемет сөзі – соның дәлелі.

Данышпан Абай жалқаулықтың әлеуметтік зияндылығымен қатар, адамды рухани жағынан да аздыратыны туралы үшінші сөзінде: «Әрбір жалқау кісі қорқақ, қайратсыз тартады; әрбір қайратсыз, қорқақ, мақтаншақ келеді; әрбір мақтаншақ қорқақ, ақылсыз, надан келеді; әрбір ақылсыз, надан, арсыз келеді; әрбір арсыз, жалқаудан сұрамсақ, өзі тойымсыз, тыйымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар шығады» – деп, әлгі адамның басында кездесетін кертартпа, келеңсіз сипаттарын ашып көрсетті. Керісінше, «Жалға жүр, жат жерге кет, мал тауып кел, Малың болса сыйламай тұра алмас ел. Қаруыңның басыңда қайрат қылмай, Қаңғып өткен өмірдің бәрі де – жел…», – деп еңбек етуге, мал табуға, тіршілік қылуға шақырған.

Жалпы қазақ халқы – табиғатынан еңбексүйгіш. Жаны таза, ниеті адал қазақ арам жолмен табылған нанды дастарқанына қоймаған. Шүкірлік етіп, қанағат қылған. «Бейнет түбі – зейнет» деп түсінген халқымыз адал еңбекпен келген несібенің, еңбектің рақатын сезінген. Себебі ауа-райы сан құбылған, табиғаты әр қилы кең даланы өмірі мен кәсібіне бейімдеу үшін бабаларымыз бел шешпей еңбектенген. Көшпелі мал шаруашылығымен айналысып, қилы қиындықтарға төзіп, шөл даладан құдық қазып, қысы-жазы еңбек еткен. Дала қазағы үшін төрт түлікті күтіп-бағып, мал басын арттыру, киіз үйдің жасау-жабдығын әзірлеу, ал қала қазағы үшін қала соғу, диқаншылықпен айналысу, бау-бақша салу, т.б. секілді еңбек түрлері таңсық болмаған. Мәселен, Ұлы Жібек жолының өн бойында орналасқан Сырды бабаларымыз ерте заманнан қоныстанып зәулім қалалар салып, егіншілікпен айналысып, Қорқыт ата, Хусам ад-Динас-Сығнақи секілді ұлы ойшылдарды дүниеге әкеліп, рухани мол мұра қалыптастырды, әлемдік өркениеттің өзіндік «ойкумені» дәрежесіне жеткізді. Дала төрінде ұрпақтар ауысқанымен, жасампаз халықтың асыл құндылықтары еш ұмытылмайды.

ХХ ғасырда қалыптасқан тұтыну­шылық пиғыл қоғамда масылдық психологияны қалып­тас­тырғаны бел­­гілі. «Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүруді әдетке айналдырып, табысқа да, құрметке де жет­кісі келетіндер қарасы көбейді. «Жал­пыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты құжатта Елбасы: «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идеясы көз жетпейтін көк­жиекте ойлап табылмаған. Бұл – практикалық, праг­матикалық идея. Ол маған тіпті етене жақын, өйт­кені, мен, қазақстандықтар жақсы білетіндей, өзім­нің кәсіби жолымды «ақ саусақтар» секілді кабинетте де, паркетте де емес, жұмысшы-металлург болып бастадым», – дейді. Бұл еңбекке, еңбек адамына деген құрметті қалыптастырудың негізі болу керек.

ХХІ ғасыр – цифрландыру, ІТ, био және нанотехнология мен жасанды интеллект заманы. ІТ саланың дамуымен нарыққа ЗД принтер, жасанды интеллект, роботизация, мобильді бан­кинг сынды салалар алдыңғы орындарға шық­ты. Бүгінде әлемдік эко­номиканың 25 пайызын цифрлы экономика құрап, дамыған мемлекеттердің 75 пайыздан жоғары кірісін интеллектуалдық еңбектен түсетін қаржы алады екен. Олардың көш басында шығыста Оңтүстік Корея, Сингапур, Жапония тұрса, батыста АҚШ, Германия, Швеция және т.б. елдер.

Келешектің табыс жолы саналатын цифрлы мемлекеттің жасанды интеллект дәуірі, яғни – төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында жұмыскерлердің білімдері мен біліктіліктеріне қойылатын талаптарды күшейте түседі. Яғни әлемнің үздіксіз даму үдерісі, бәсекелестік уақыты әрбір маманның жоғары кәсіби дағдысын қажет етеді. Мұндағы кәсіби дағды қызметкердің өз бетімен мәселені шеше білу қабілеті, оның берілген нұсқауларға жалтақтамай, өзіндік тәжірибесіне сүйене отырып, кез келген қиын жағдайлардан жол таба алуымен байланысты. Ол үшін әрбір мамандық иесі өз білімін жетілдіруі, ұдайы ізденісте болуы шарт.

Қазіргі таңда уақыт адамнан прогрессивті ойлай алатын белсенді әрекетті, жан-жақты болуды талап етеді. Өйткені адамның қоғамдағы алатын орны, атқаратын қызметі сол қоғамның дамуымен тікелей байланысты. Мәселен, бүгінде Microsoft, Apple секілді және т.б. әлемдік деңгейдегі корпорацияларда «орындаушы» маманнан гөрі, өздігінен талдау жасай алатын және жоспарлай алуды білетін, бизнес-мақсаттарға қол жеткізу үшін компанияға көмек­тесетін, инновациялық шешімдер енгізетін қызметкерді қабылдайды. Бұл – бүгінгі күннің өмір шындығы. Себебі өзінің кәсіби дағдысын сәт сайын жетілдіріп отырмаған маман, белгілі бір сәтте осалдық танытып, дамудың тежеуші күші болатыны жасырын емес.

Жаһандық бәсекелестік орын алып отырған бүгінгі таңда әрбір жер­ле­сіміздің, маманның кәсіби білік­­тілігі ерекше орынға шығады. Өйт­­кені еліміздің ХХІ ғасырдағы өр­леуі кәсіби мамандармен жаңа із­де­ністердің нәтижесінде ғана іске асады.

Дана халқымызда «тәртіпке бас иген құл болмайды», «ұлық болсаң, кішік бол» деген ойлы, орамды сөздер бар. Бұл ықылым заманнан дала халқын тәртіп пен жауапкершілікке, әділдік пен адалдыққа үндеп келеді. Үшінші мыңжылдықта бұл сөздердің салмағы артпаса, бір сәт те төмендемек емес.

Данышпан көсемдеріміз, би және батыр бабаларымыз, ХХ ға­сырдың басында өмір сүрген Алаш қайраткерлеріміз бастарын бәйгеге тігіп, болашақ ұрпақтары – біздер үшін әлемнің төрінен ойып тұрып орын алды. Өз заманында бірде қолдарына найза алса, кейде қалам ұстап ұрпақ алдындағы жауап­кершіліктерін абыроймен ең­серді. Ұлт мүддесі үшін жандарын ар­ларының садағасы етті. Осылайша халықтың бірлігі мен ұлан-ғайыр даланың тұтастығын сақтап, аманаттап кетті.

Осыдан жүз жыл бұрын ұлт көсемі Әлихан Бөкей­хан «Мемлекеттігі жоқ халық – жетім әрі же­текшіл халық» деген болатын. Бұл Алаш жетек­шісінің уақытына ашынып, әрі болашаққа үмітпен қарап айтқан сөзі болса керек. Осы себепті, бүгінгі ұрпақ алдында мемлекетіміздің әлем ел­де­рінің жетегінде кетпес үшін жауапсыздықтан, нем­құрайлықтан, ысырапшылдық пен даңғаза­лық­тан арылып тәуелсіздігімізді баянды ету міндеті тұр.

Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би бабамыз:

«Естіге айтқан тура сөз,

Шыңға тіккен тумен тең.

Езге айтқан тура сөз,

Құмға сіңген сумен тең», – дегеніндей, Жолдауда көр­се­тілген ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру, елдік мүдде тұр­ғысынан ойлайтын әрбір зиялы қауымның, жеке адамның ынтасы мен санасының өзгеруін талап етеді.

Мемлекет басшысының Жолдауда көрсеткен бүгінгі күннің сын-қатерлеріне жауап беру ұлттың жаңа болмысын қалыптастырудан басталады. Осы ретте, қазақтың қара шаңырағы киелі Сыр өңірінің жұрты бүгінгі күннің сұраныстарына (вызовтар) толық жауап беруге дайын. Және оның барлық қиындықтарын жеңіп шығар ұлы күші бар. Ол қазақы қаймағы бұзылмаған, Алашқа ана, қорғансызға пана, жығылғанға демеу бола білген Сыр өңірі халқының ғасырлар бойы жинақтаған орасан зор зияткерлік әлеуеті мен пассионарлық қуаты, бірлігі мен жасампаз тарихы!

Серік АХМЕТ,

облыс әкімінің орынбасары

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<