Жануарлар дүниесінің әртүрлі биологиялық қорын қорғау және сақтау

1221

0

Табиғат-ел байлығы. Сондықтанда оны қарашығымыздай сақтап, келер ұрпаққа бүтіндей жеткізу бүгіннің міндеті болып саналады.   Қызылорда облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы қызметкерлері жануарлар дүниесін заңсызаулаушылармен  күресті жүйелі түрде жүргізіп келеді.

Соның ішінде ақбөкен, яғни киік жануарына қатысты тоқталсақ. Соңғы уақытта киік аулаушылар киіктің етін тастап, мүйізін кесіп алып, өткізіп жүргендері белгілі болуда. Киік аулаушылар үлкен -кішісіне қарамай қырып, зор қиянат келтіруде және оны табыс көзіне айналдырып алған секілді.

Қазақстанда Ақбөкенді 1921 жылы аулауға тыйым салынған. 1957-1958 жылдары олардың жалпы саны 2 млн-нан асқаннан кейін, кәсіптік жолмен аулауға рұқсат берілген. 2000 жылға дейін ауланып келіп, 20 мың басқа дейін азаюына байланысты, ҚР Үкіметінің 25.07.2012 жылғы №969 санды қаулысының 1-тармағымен ғылыми мақсаттарда пайдаланудан басқа Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында киіктерді, олардың бөліктері мен дериваттарын пайдалануға 2020 жылға дейін және 2015 жылғы 24 шілдедегі № 190 бұйрығымен2023 жылға дейін тыйым салынған.

Бұл Ақбөкендердің мекені – Қостанай, Қарағанды, Ақтөбе, Қызылорда облыстарының елсіз жазықтары.Қазақстан Республикасы бойынша ақбөкен  жануарлары 3 топқа (Орал,Үстірт,Бетпақдала) бөлінеді.

2017 жылдың қортындысымен  Бетбақдала бойынша-51700 бас,Орал бойынша-98200 бас, Үстірт бойынша- 2700 бас, барлығы -152600 басты құраған.

2021 жылдың қортындысымен  Бетбақдала бойынша-285000 бас,Орал бойынша-545000 бас, Үстірт бойынша- 12000 бас, барлығы -842000  басты құраған.     

Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті, облыстық прокуратура, облыс әкімдігі, «Нұр-Отан» партиясы,ОІІД, «Охотзоопром ӨБ» РМҚК және инспекциямен бекітілген іс-шаралар жоспарларына сәйкес бірлескен рейдтік жұмыстар атқарылып, бақылау қадағалау жүргізілуде.

Алайда, қолданылған шаралар мен жүргізілген үгіт-насихат жұмыстары жүргізілгеніке қарамастан қаскөйлік деректер тыйылмай отыр. Жабайы жануарлар табиғатымыздың байлығы. Киік аңы өте ежелден келе жатқан жануар түрі болып есептеледі.Бұл жануарларды сақтап қалу, қорғау  келер ұрпаққа жеткізу бүгінгі біздің тікелей міндетіміз.

Киікке қару кезеніп, оңай олжаға кенелгісі келген қаскөйлер жауапкершіліктен жалтара алмайды. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 337 және 339 баптарына сәйкес, заңсыз аңшылықпен айналысқан немесе аңдарды иемденген, тасымалдаған  қаскөй азаматтарға қолданылған жазалар ауырлады:

– белгiлi бiр лауазымдарды немесе қызметпен айналысу құқығынан 1-5 жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып, 300-5000 АЕК-ке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға немесе 2-7 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланатын болады.

Бұдан бөлек мемлекетке келтірілген шығыны заңсыз аңшылық үшін 1,5  есе коэффицентке, сондай-ақ сирек кездесетін және аулауға тыйым салынған түрлеріне жатқызылған болса, 3 еселік коэффицентке көбейтіле отырып, бекітілген шығын мөлшер көлемінде өндірілетін болады.

Мысалы, 1 бас ақбөкен аңының серкесі үшін 500 АЕК, яғни, бір бас ақбөкеннің жалпы шығыны 6 млн 563 мың 250 теңгені құрайды, ал аналығы мен төлінің бір басы үшін  4 млн 594 мың 275 теңгені құрайды.

Сонымен қатар, сотты болған азаматтың қылмыстық әрекеттер объектісі, қылмыс жасау қаруы, пайдаланылған көлік құралдары, айналымнан алынған зат болып табылатын мүліктер тәркіленеді.

Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 339 –бабы бойынша Өсімдіктердің және жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлерін,олардың бөліктерін немесе дериваттарын,сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған өсімдіктерді немесе жануарларды олардың бөліктерін немесе дериваттарын заңсыз алу,иемдену,сақтау өткізу,әкелу,әкету,салып жіберу,тасымалдау немесе жою,сол сияқты олардың мекендейтін жерлерін жою-Үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі  мөлшерде айыппұл салуға  не үш жылға  дейінгі  мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Айтылған заң талаптарды кейбір құқық бұзушылар білмегендіктен жасадым деп ақталады. Алайда, заңды білмеген жауапкершіліктен босатылады деген сөз емес.

Облыс прокуратурасымен және облыс әкімдігімен бекітілген бірлескен іс-шара жоспарларына сәйкес, Инспекцияның және құзырлы мемлекеттік орган қызметкерлерімен облыс көлемінде бірлескен рейдтік іс-шаралар жүргізілу барысында 2021 жылы Қызылорда облысы бойынша, 13жануарлар дүниесіне қатысты қылмыстық істер анықталған. Оның ішінде:

Киік аңына қатысты – 4 іс

Қарақұйрық аңына – 2 іс;

Қоян аңына – 7 іс;

Облыс бойынша жануарлар дүниесіне қатысты 43 әкімшілік құқық бұзушылық хаттама толтырылды.

Соңғы жылдарда экологиялық жағдайдың шиеленісе түсуі даламызда мекендейтін жабайы жануарлардың тіршілік ету тынысын тым тарылтып жіберді. Тіршілік ететін ортасының өзгеруі, адам қызметі әсерінен, әсіресе, браконьерліктің етек алуы салдарынан бірқатар жабайы жануарлардың азайып, тіпті кейбіреулерінің құрып кету қаупі туындап отыр. Бұған қасқыр, шүйебөрі сияқты жыртқыштардың көбейіп кетуі кері әсер етуде. Мәселен, 1954-1995 жылдары «Қазақстан ғажабы» атанған ақбөкен аулаудан 90 мың тонна ет, дәрі дәрмектік 250 тонна мүйіз дайындалып, одан түскен табыс жылына 3 милллион долларға жеткен. Үлкен табыс көзіне айналған бұл аңның саны күрт азайып, 2003 жылы бүкіл еліміз бойынша 21,2 мыңға жетер жетпес ақбөкен қалған. Одан кейінгі жылдары қорғауға алынып, мемлекет тарапынан жедел шаралар қолданылғаннан кейін ақбөкендердің саны жылдан-жылға көбейіп келеді. (2013 ж.-187 мыңдай ақбөкен саналды).

Сондай-ақ оларды сақтап, көбейту шаралары жаппай жүзеге асырылуда.

Бүгінде Республикалық «Қызыл кітапқа» омыртқалы жануарлардың 128 түрі мен шағын түрлері (дөнгелекауыздылар мен балықтардың -18, қосмекенділердің -3, бауырымен жорғалағыштардың -10, құстардың -57, сүтқоректілердің -40), ал омыртқасыз жәндіктердің 96 түрі мен шағын түрлері енгізіліп отыр.

Бұл салада елімізде едәуір алға басушылық бар деп айтуға болады. Қазір 10 мемлекеттік қорық, 12 мемлекеттік ұлттық табиғи парктер, 5 мемлекетттік табиғи резерваттар, 51 республикалық маңызы бар қорықтар, 5 мемлекттік республикалық қорғалатын аймақтар және басқа да ерекше қорғалатын аумақтар жұмыс істейді. Десек те, ұлан-байтақ жері бар қазақ елі үшін биологиялық әртүрлілікті сақтау тұрғысынан бұл әлі де болсын жеткіліксіз. Келешекте жануарлар мен өсімдіктердің алуан түрлерін сақтап қалу мақсатында Қызылқұмда, Бетпақдалада, Зайсан ойпатында ерекше қорғалатын аумақтарды ұйымдастыру өз кезегін күтіп тұр.

Әрине, жануарлардың ауланатын және азайып кеткен түрлерінің қорын молайтып, өсіру үшін оларды браконьерлерден қорғау және оларға үлкен зиян келтіретін жыртқыш хайуанаттармен күресті күшейту, маман ғалымдарға жабайы жануарлардың биологиялық ерекшеліктері мен ортаға бейімделуін зерттеуге бүкіл жұртшылық болып жәрдемдесу, табиғат байлықтарын қорғау туралы көпшілік арасында үгіт-насихат жұмыстарын жандандыру және еліміздің жан-жануарлар әлемінің әртүрлілігін сақтап, тиімді пайдалану үшін халықаралық ұйымдармен байланысты да нығайта түсу қажет.

Міне, қазақ елінде тіршілік ететін хайуанаттардың биологиялық әртүрлілігін сақтаудың және оларды тиімді пайдаланудың негізгі бағыттары осындай. Жоғарыда аталған міндеттерді ойдағыдай жүзеге асырсақ, халықаралық биологиялық әртүрлілікті сақтау конвенциясы бойынша өзімізге алған міндеттерді сөзсіз орындап шығатын боламыз. Ал жабайы жануарлар дүниесі – таусылмайтын қор емес. Демек, оларды күтімге алып, өсімін көбейтудің тиімді жолдарын қарастырғанда ғана халық шаруашылығының кәдесіне жаратуға әбден болады.

Қорытындылай келе, киіктерді және басқа да жануарларды қорғау жұмыстарының тиімділігін арттыру мақсатында, қоршаған ортамызға жанашырлықпен қарап, табиғат байлығымызды келешек ұрпақтарымызға сақтап, жандандырып жеткізуге өз үлесімізді қоса білейік. Табиғат байлығын  сақтап қалуға, жануарлар дүниесінің көбеюіне бір кісідей ат салысуға шақырамыз.

Кенжеғазы Нұрылдаев,

Жануарлар дүниесі және аңшылық

шаруашылығы бөлімінің бас маманы                      

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<