Осыдан жарты ғасыр бұрын тұсауы кесілген «Атаманның ақыры» фильмі Кеңес одағындағы ең танымал кинотуындылардың бірі болды. Арада осынша уақыт өтсе де, қазақ киноөнеріндегі жауһар дүниелердің көшін бастап тұр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев апта басында «Атаманның ақырының» жарыққа шыққанына 50 жыл толуына орай кино және театр өнерінің майталман актері, Халық артисі, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімовті құттықтады.
Бұл – Шәкен Аймановтың режиссерлігімен, үлкен шығармашылық ұжымның бірлескен күш-жігерінің арқасында өмірге келген, детектив жанрында түсірілген алғашқы фильм. Көркемдік жағынан ғана емес, оқиға желісінің шынайы өмірден алынғанымен де құнды.
Кино Қазақстанда 1920 жылы болған тарихи оқиғалардың негізінде, ақгвардияшы атаман Дутовтың бандасын жою туралы дайындалған операцияны баяндайды. Чекист Шадияров атаманның штабына, ең бастысы сеніміне кіріп, өз өмірін қатерге тіге жүріп тапсырманы орындап шығады. «Атаманның ақыры» – тыңшы Шадияров туралы фильмдер жинағының алғашқысы. Кейіннен 1977 жылы «Трансібір экспресі», ал 1989 жылы «Манчжурлық нұсқа» атты жалғасы жарыққа шықты. Осы оқиға желісінің қорытындысы іспетті «Сіз кімсіз, Ка мырза?» фильмі көрерменге 2010 жылы жол тартты.
«Атаманның ақыры» фильмінің түсірілуіне «Известия» газетіндегі Қасымхан Чанышев туралы очерк түрткі болған. Дінмұхамед Қонаев очеркті оқыған соң Шәкен Аймановқа «мынау дайын тұрған кино ғой, неге түсірмеске?» депті. Айманов тапсырма алған бойда Андрей Михалков-Кончаловскийге хабарласып, олар КГБ полковнигі Тропинмен бірге Алматы санаторийлерінің бірінде сценарий жазуға кірісті.
Фильмнің тұсаукесер рәсімі 1970 жылы өтті де, 1972 жылы Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығын иеленді. Сыйлыққа фильмнің сценарий авторлары Андрей Михалков-Кончаловский пен Эдуард Тропин, актер Асанәлі Әшімов ие болды. Бұл – Шәкен Аймановтың ең соңғы туындысы. Өкінішке қарай, режиссер фильмнің премьерасына 7 күн қалғанда жол апатынан қаза тапты.
– Қазір де, ол кезде де электр сымдары мен асфальт жолдары жоқ кентті немесе қаланың бір бөлігін табу қиынның қиыны еді. Соның бәрі, яғни ХХ ғасырдың 20-жылдарына тән көріністер түу алыстағы Хиуада болып шықты. Фильмнің 90 проценті Өзбекстанда, 10 проценті Қазақстанда түсірілді, – деп жазады өз естелігінде Асанәлі Әшімов.
Ол кезде әйгілі «Қыз Жібек» те түсіріліп жатқан-ды. Шәкен Айманов «Атаманның ақыры» фильмінің сценарийі бекіп, актерлар іріктеу басталғанда «Басқа кейіпкерлерде шаруам жоқ. Қасымхан Шадияровтың роліне даярлап отырған адамым бар. Ол – Әшімов» депті. Кинорежиссерлар Сұлтан Қожықов пен Шәкен Айманов бірлесе отырып «Қыз Жібек» пен «Атаманның ақырына» қатар түсетін актердің арнайы жұмыс кестесін жасайды.
– Үлгеруін үлгерермін-ау, Бекежанның сақалын қайтемін? Қырып тастай алмаймын, онда Бекежан образы шықпай қалады. Ал чекистің бет-әлпетінде ешқандай ерекше белгі болмауы керек. Шәкең қандай тығырықтан болсын жол тауып кететін еді. Ол сақалды қалдырды да, «ештеңе етпейді, киноға аздап ойдан қосуға болады» деді. Бекежанның бакенбардын жасандыға ауыстыруға тура келді. Ал Шадияровтың сақалын содан бастап өмірбақи қойып келемін, – дейді тағы бір естелігінде А.Әшімов.
Бұл уақытты қазақ киносының тарихи кезеңі деп айтуға әбден болады. Фильмге түскендер кейін ұлттық өнердің биік тұлғаларына айналды. Жетпісінші жылдары түсірілген туындылардың қай-қайсысының да жарты ғасырдан бері экраннан түспей келе жатқанының сыры олардың шынайылығында, актерлардың кәсіби шеберлігінде болса керек.
– Бір күннің ішінде, яғни түске дейін Бекежан, түстен кейін Қасымхан болып ойнаған күндерім басталды. Екі рөлдің бір-біріне тигізген көмегі көп болды дер едім. Бекежанның эпизодына түсіп келген соң, Қасымхан оңайлау беріледі. Қызуқанды, от болып жанып тұрған Бекежан мінезін сәл сабаға түсіре қойсам, Қасымхан мінезін дәл ұстаймын. Себебі Қасымхан – әр ісін он ойланып, жүз толғанып шешер байып пен ақылдың адамы. Өйтпесе ол барлаушы атанып, мемлекеттік маңызды тапсырманы орындай алар ма еді? Керісінше, Қасымханнан кейін Бекежанның ішкі жансарайына кіру тіпті қиын-тын. Оған төзімді, өте сақ чекист сияқты ұзақ ойланып отырсаң, қате қадам жасамауға тырысамын деп қарайлай берсең, кең қолтық, аңғал батырдың бейнесінен мүлде аулақтап кетер едің, – дейді актер.
Фильмге одақ көрермендеріне танымал, оған дейін ондаған киноға түскен тәжірибелі мамандар таңдалды. Атаман Дутовтың ролін сомдаған Владислав Стржельчик – сол кездегі Ленинградтың Үлкен драма театрының артисі, КСРО халық артисі, Социалистік Еңбек Ері еді. Жаркент ЧК-ның төрағасы Николай Суворовты «Мосфильмнің» байырғы актерлерінің бірі Виктор Авдюшко ойнаған. Түркістан майданы барлау басқармасы бастығының орынбасары Давыдов пен Жетісу ЧК-ның арнаулы өкілі Юханның рольдерін М.Горький атындағы киностудияның актері Юрий Саранцев, Мәскеудегі киноактерлар студиясы театрының артисі Геннадий Юдин орындап шықты. Діндар әкей Ионаны «Моссовет» театрының атақты артисі, киноактер Борис Иванов сомдады. Фильмдегі сатқын Кривенко мен атаман Дутовтың адъютанты Лопатиннің рольдеріне Владимир Гусев пен Юзеф Мироненко шақырылды. Фильмге Нұрмұхан Жантөрин, Елубай Өмірзақов, Құрбан Абдрасулов, Алтынай Елеуова, тағы басқа актерлар түскен.
«Атаманның ақыры» тарихи деректерге негізделген шытырман оқиғаларға толы болуымен қатар, сол заманның өскелең өрендерін отансүйгіштікке, елді қорғау үшін жанқиярлықпен күресуге тәрбиеледі. Шадияровқа еліктеген тұтас ұрпақтың бойында жауапкершілік, берілген тапсырманы орындау жолындағы батырлық пен қайсарлық қасиеттері қалыптасты. Киноның басты миссиясы да осы еді.
Гүлжазира Жалғасова,
«Сыр бойы».
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<