Жезқазған жолында не жаңалық?

970

0

Жол қатынасының маңызы туралы тәптіштеп жатудың өзі артық. Экономиканың күретамыры, халықтың қарым-қатынасы мен барыс-келісінің арқасында дамитын әлеуметтік-мәдени байланыстардың алтын арқауы саналады. Алайда, сол жолды салу оңай емес, қай кезеңде де оның құрылысы аса көп мөлшерде қаржыны керек етеді. Әсіресе, біздің елімізде мұның себеп-салдары аян. Территориясы өте үлкен емес, елді мекендері бір-біріне жақын орналасқан, автомобиль ағыны тығыз болатын елдер үшін жол салу қиынға соға қоймас. Ал ұлан-ғайыр жерді алып жатқан, 200-300 шақырым аралықта санаулы ғана шағын елді мекен орналасқан, көлік ағыны тығыз емес Қазақстан сияқты мемлекетке жол салу қымбатқа түседі.

Осындай себептерге байланысты Қызылорда мен Жезқазған аралығындағы жол көп жылдан бері жөндеу көрмеді. Жүргізушілер мен жолаушылар бұл жолдың азабын аз тартқан жоқ. Әрине, халық арасында «осы жолды неге қалыпқа келтірмейді?!» деген реніш жиі айтылады. Республикалық маңызды осы жолдың жөнделіп, заманауи стандарттарға сай болуы туралы мәселені Қызылорда облысы әкімдігі бірнеше мәрте Үкіметтік деңгейде көтерген болатын.

Алайда, осы жол құрылысы кейінге қалдырыла берді. 2003 жылы Үкімет бұл мақсатқа арнайы қаржы бөліп, Жезқазған-Қызылорда автожолының біздің облыс аумағындағы 30 шақырымдай бөлігіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жаңадан асфальт төселген болатын. Бұл жұмыс келесі жылы да жалғасын табуы тиіс еді. Бірақ сол кездегі республика Үкіметінің басшысы «Қызылорда облысы халқына экологиялық төлем төленуде, қаржы көп кетіп жатыр» дегенді желеу етіп, біздің облыстағы бірқатар жобалар қаржысын қысқартып тастады. Ол сол кездегі облыс әкіміне «экологиялық төлемді алып тастаңдар, сол кезде жобаларды қаржыландыру жалғасын табады» деп қысым көрсетумен болды. Амалсыздан осындай қадамға барды.

Дегенмен, облысқа басшылыққа келген әрбір азамат аталған жол мәселесін міндетті түрде Үкімет назарына ұсынып отырды. Ал, өткен жылы жақсы жаңалық келіп жетті. Қос өңірдің халқы үшін ірі маңызға ие Қызылорда-Жезқазған тас жолында жөндеу жұмыстарын жүргізу туралы Үкімет ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне пәрмен берді. Осыдан кейін жұмыс басталып кетті. Республикалық маңызы бар А-17 «Қызылорда-Павлодар-Успенка-РФ шекарасы» автомобиль жолының «Қызылорда-Жезқазған» тас жолының 12-216 шақырымдар аралығын, ұзындығы 204 шақырымды қайта жаңарту жұмыстары бойынша жоба-сметалық құжаттар дайындалды. Одан кейін құжаттар үйлестіру кеңесінен өтті. Қаржыландыру институттары арқылы қаржыландыру мәселесі шешімін тапты. «Қазавтожол» ұлттық компаниясы Еуропа қайта құру және даму банкімен құны 240 миллион доллар (106 млрд теңге) тұратын Жезқазған-Қызылорда автомобиль жолының жаңа жобасына қол қойды. Бұл қаржы Қызылорда мен Жезқазған арасындағы ұзындығы 204 шақырымдық ескі жолды күрделі жөндеуге, сондай-ақ, Қызылордадағы ұзындығы 14,8 шақырымдық айналма жолдың құрылысына жұмсалатын болады.

Бұл – өткен жыл соңындағы бастама. Одан бері көп уақыт өткен жоқ, бірақ елімізде осы уақыт аралығында бірқатар айтулы оқиғалар болып өтті. Үкімет ауысты. Қызылорда мен Жезқазған арасындағы жол құрылысына тікелей жауапты «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ басшылығы ауысып кетті. Осы жағдайларды ескеріп, «жол құрылысы мәселесі қалай болар екен?!» деген көңілге күдік ұялап, алаңдаушылық білдіргенімізді жасырмаймыз. Бірақ, «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ-ның облыстық филиалы мамандарымен хабарласқанымызда олар күдігімізді сейілтті. Жұмыс жалғасын тауып жатыр екен.

Қазіргі таңда 5 лоттың (24-216 шақырым) жұмысын атқаруға тиіс бес мердігер мекеменің үшеуі анықталған. Олар –  «КазГерСтрой БК» ЖШС,  «Чайна Сивил Инжениринг» компаниясы  және «Қыран» ЖШС.

Бүгіндері мердігер мекемелердің басшы құрамымен, жергілікті инертті материалдар өндірушілермен, жер бөлумен айналысатын  мекемелер және қосалқы мердігерлермен кездесулер өткізілді. Құрылыс -монтаж жұмыстарын осы жылдың наурыз айында толыққанды бастау бойынша тапсырма берілген. Авторлық қадағалау бойынша қаржыландыру жоспары бекітілу үстінде. Жобаны басқару жөніндегі сарапшылар (КУП) анықталған, ол – КаздорНИИ. Қазіргі уақытта анықталған мердігерлер дайындық жұмыстарын жүргізуде.

Айта кету керек, жоба бойынша облыс орталығы тұсындағы айналма жол І санатты, ал Жезқазған бағытындағының ені 9 метрлік ІІ санаттағы жол болмақ. Облыс аумағындағы жол үстінде ауыл шаруашылық техникалары мен үй жануарларына арналған 2 жол өткелі, су арналарынан өтетін 3 көпір, 2 дана көпфункционалды аралық бақылау (салмақ, габарит, жылдамдық) өлшейтін аркалар, заманауи жылы 5  дәретхана, 6  демалыс алаңы, 56  су өткізгіш құбыр, 10  мал өткелі, 117 дана жол қиылысы және түйісуі қарастырылған.

Жоба бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары 3 жыл мерзімде жүргізіледі және шамамен 2,5 мың адам жұмыспен қамтылады, оның 70%-ін яғни, 1750 адамды жергілікті тұрғындар құрайды деп күтілуде. Жол құрылысына жергілікті құрылыс материалдары қолданылады. Салу бағыты Қызылорда қаласынан басталады.

Жаңартылған жол стратегиялық бағыт бойынша жолаушылар мен жүк тасымалын жақсартады. Сонымен қатар, өңірлердің  орталықпен байланысын жақсартуға, жол қозғалысы қауіпсіздігі стандарттарының жоғарылауына мүмкіндік береді.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<