«Жұдырықтай жұмылғанда жеңеміз!»

770

0

Қызылорда қаласының әкімдігі кеселмен күрес бағытында облыс орталығында қызу жұмыс жүргізуде. Оған барлық ұйымдар мен мекемелер жұмылып, шектеу мен алдын алу  талаптары сақталған. Жүйелі жұмыс қашан да нәтижелі болмақ. Қала әкімі атқарылып жатқан сан алуан жұмысты өз бақылауында ұстап отыр.

Қала әкімдігі жанынан меншік нысанына қарамастан, барлық субъектілердің санитарлық-дезин­фекциялық режим талаптарын сақтауын бақылау бойынша қалалық прокуратура, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы, қала әкімдігі, жергілікті полиция қызметінің өкілдерінен құралған 14 мониторингтік топ құрылды. Жұмысшы топ осы кезге дейін қала аумағында орналасқан 5 мыңнан аса нысанды аралап, тиісті түсіндірме жұмыстарын тұрақты жүргізуде.

Кәсіпкерлер дендеген дертпен күресте қарап қалмады. «Абзал и К» толық серіктестігінің директоры Мағжан Ералиев 700 дана, «Абай-Дәулет» ЖШС директоры Мұрат Сәрсенбаев 300 дана, «Ақтөбе и К» ЖШС директоры Нұрлан Іздібаев 700 дана, жеке кәсіпкер Н.Байжігітов 50 дана оттегі баллонымен көмектесіп жатса, «Ел-Арай» ҚБ басшысы А.Байдәулетов тасымал қызметін ұсынуда.

– Бұл – бәрімізге түскен сын. Осы сынақтан сүрінбей өту үшін бірлік керек. Барлық ауыртпалықты билікке немесе денсаулық сақтау саласына ысырып қоймай, қоғам болып бірге атсалысып жатқанымыз жігерлендіреді. Бүгінде дәрі-дәрмек пен оттегі баллонының жетіспеушілігін жою бағытында қоғам болып жұмылып жатырмыз. Қажетті нәрселерді тасымалдауда автоеріктілер де іске кірісіп кетті. Жастардан бастап, әкімдік, кәсіпкерлер, еріктілер, қоғам белсенділері, жалпы айтқанда, осы қоғамда өмір сүріп жатқан әрбір азамат бұл шараларға бей-жай қарап отырған жоқ. Біз бұл қиындықты бірге еңсереміз, – деді қала әкімінің орынбасары Асқарбек Есжанов.

Жедел жәрдемге түскен шақыртулардың санында есеп жоқ. Сала мамандары үлгермей жатқан соң, емханаларға қосымша көмек ретінде қала әкімдігіне қарасты 23 қызметтік көлік күнделікті дәрігерлік қызметке ауыстырылды. Қазір жедел жәрдеммен бірге жұмыс істеуде. Қызметтік көліктермен тұрғындардан түскен 1 500-ден астам шақыртуға барған. Сонымен қатар, қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, орынбасарлар, аппарат басшысы және бөлім басшылары бөлініс бойынша қала аумағындағы барлық ауруханалар мен емханаларға жауапты ретінде бекітілді. Әкім­дікпен қатар, қоғам белсенділері мен еріктілердің де еңбегі зор.

– Еріктілер бір бағытта ғана емес, барлық салада өз белсенділіктерін танытуда. Оттегі баллонынан бастап, дәрі-дәрмек тасымалына дейінгі көптеген жұмыстарды атқаруға атсалысып жатыр. Бүгінгідей уақытта жастар және барша тұрғын­дар белсенді болу керек, – дейді қалалық жастар ресурстық  орталығының басшысы Сабыржан Кеңшілік.

Оттегі баллонына сұраныс артты. Десе де, кәсіпорындар бірінші кезекке пайда табуды емес, дертпен күреске үлес қосуды ойлап отыр. Солардың бірі –  «Шыңғыс ЛТД» ЖШС.

– Бұл уақытта пайда тап­қаным емес, халыққа көмегім тигені маңызды. Қазір кисло­родқа сұраныс артты. Жай уақытта бір емдеу мекемесінің сұранысы 25-30 баллон еді. Қазір қалалық ауруханаға 160-170 баллонға дейін қажеттілік туындап тұр. Осы кезеңде қанша адамға көмек болсын және сауапты амал болсын деп жеңілдік жасап отырмыз. Бір кислород баллонын жеке адамдарға 1800, 2000 теңгеден сатсақ, ауруханаларға 1000 теңгеге беріп жатырмыз, – дейді Ерік Жүнісов.

Қала әкімдігі дәрігерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін «Сырдария» лагерінен 100 орын дайындады. Жеке кәсіпкер, «Қызылорда» қонақ үйінің директоры Қ.Боранбаевтың қолда­уымен дәрігерлерге 137 орын берілсе, «Bella Vista» кешенінің директоры Р.Ахметов қонақ үйден 11 орын ұсынып отыр.

Қызылорда қаласы бойынша бүгінгі күнге дейін тұрғындар көп шоғырланатын орындар мен тұр­ғын үйлердің аумақтарына, жалпы көлемі 6 млн шаршы метрге жуық аумаққа залалсыздандыру жұ­мыс­тары жүргізілді. Олардың қата­рында көппәтерлі тұрғын аудан, сауда орындары, ойын алаңдары, парктер, аялдама тәрізді нысандар бар. Бұл жұмыстарға барлығы 81 адам жұмылдырылды. Бұған қоса, қауіпсіздік шараларын күшейту мақсатында 10 дезинфекциялау тон­нельдері халық көп шоғырланатын орындарға орна­тылды.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<