Еңбегін ел таныған «Ер-Әлі»

311

0

Фото: автордан

Жалағаш ауданы Т.Жүргенов ауылындағы «Ер-Әлі» ЖШС Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында құрылып, бүгінде тірлігін жүйелі жолға қойған. Ауыл шаруашылығы саласында тәжірибесі мол. Ең әуелі егістік жерді агротехникалық талаптарға сай өңдеп, заманауи техникалар мен технологияны  іске қосудың нәтижесінде жылдан жылға өнім көлемі артып келеді. Айталық, өткен жылы шаруашылықта орташа өнім 92 центнерден шықты.

Биыл «Ер-Әлі» шаруашылығы бойынша 1700 гектарға «Каурис», «Маршал», «Премиум», «Айсұлу», «Виконт» күріш сорттары егіліп, күтімге алынған. Сонымен қатар, ауыл тұрғындарының мал азығы үшін 546 гектар жоңышқа егілген. Айтып өткеніміздей, күріш егуде заман талабына сай озық  құрылғылар пайдаланылады. Мысалы, егістікте «Рубикон» су өлшеу құрылғысы орнатылған. Оның пайдасы, шаруашылық тек өзі пайдаланған суға ғана ақы төлейді, артық шығындалмайды.

Серіктестіктегі бау-бақша көлемі – 12 гектар, онда картоп, сәбіз, қауын-қарбыз сияқты көкөністер егілген. Бақшалық толықтай тамшылатып суару арқылы өсіріледі. Өйткені қазір облыс аумағында егінге судың тапшы екені жасырын емес, сондықтан тамшылатып суарудың тиімділігі – біріншіден, суды үнемдесе, екіншіден, арамшөп өсуіне жол бермейді.

Еңбегін ел таныған «Ер-Әлі»

«Ер-Әлі» серіктестігінің негізін қалаушы әрі төрағасы Әліби Бекжанов осы ауылдың перзенті. Ол жастайынан егін-терім жұмыстарына ерекше қызығушылық танытып, бертін келе осы салада бағын сынап көрді. Иә, ықылас қойып жақындай түссе, Жер-Ана да жарылқайды екен. Бүгінде ол шаруашылық жұмысын жүйеге қойып, бір емес, бірнеше кәсіпті қатар үйлестіріп отыр. Көп жылғы ізденіс пен тәжірибенің нәтижесінде егіннің де,  бау-бақшаның да өнімділігі арта түскен. Сонымен қатар, бұған дейін Ә.Бекжанов аудандық мәслихат депутаты болып, аталған саладағы түйткілді мәселелердің шешілуіне атсалысты.

– Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруде әлі де күрмеулі мәселелер бар. Соның ішінде ең өзектісі – су пайдалануға қатысты. Есепсіз суда өнім болмайды. Сондықтан күрішке берілетін суды автоматтандырып есепке алу – егін мен жердің мәдениетін реттейтін бірінші құрал, – дейді серіктестік төрағасы. Сонымен қатар, ауыспалы егін тәртібін сақтаудың тиімділігін алға тартады. Осындай сауалдар бойынша ол Үкімет отырысында мәселе көтеріп, ұсыныстарын жеткізді.

«Ер-Әлі» шаруашылығында 100-ден аса адам еңбек етеді. Серіктестік төрағасы жыл сайын егінші-механизаторлардың еңбегін лайықты бағалап, әлеуметтік қолдау танытып отырады. Мысалы, біріне – тұрғын үй, біріне автокөлік, біріне қаржылай көмегін береді. Бұдан бөлек, Аққыр, Жаңаталап, Т.Жүргенов ауылдары бойынша шаруашылықта еңбек ететін жұмысшылар мен үлескерлердің үздік және екпінді оқитын балаларына  шәкіртақы беріп, олардың оқу-білімге деген ынтасын арттыруға айрықша көңіл бөледі.

«Ер-Әлі» ЖШС-нан бастау алған «Құрманбай ата» шаруа қожалығы  2018 жылы 5 гектар жерге алма бағын өсірген еді. Қазір бақта «Голден делишес», «Джонатан», «Ренет симиренко» алма сорттары өсіріліп, өткен жылы 80 тонна өнім алынды.

Бақ іші тап-тұйнақтай, бейберекет өскен бір тал шөп байқалмайды. Бұл қалай десек, шаруашылықтың асырап отырған қаздары күні бойы бақ ішін аралап, арамшөптерден арылтады екен. «Қаз тойғанына емес, қиғанына семіреді» дейтіні осы екен. Алма бақты аралап көргенде, ол сөздің шындығына көзіміз жеткендей болды. Олар үшін арнайы көл де бар. Қазақ әдебиетінде «қаздай тізіліп» деген де сипаттама сөз тіркесі бар ғой. Расында, қаздардың қатар-қатар тізіліп келіп, көлге құлаған көрінісі тіпті керемет!

Жасыратыны жоқ, сырттан тасымалданатын жеміс-жидекті өз жерімізде өсірілген табиғи өніммен салыстыруға келмейді. Сондықтан «Құрманбай ата» бағында өсірілген алманың қай түріне де сұраныс жоғары. Тіпті күзге қарай  тұрғындар алманы жәшіктеп алады. Өйткені бұл алма қысқа дейін сақтауға шыдамды.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, биыл шаруа қожалығы 300 бас қаз асырауды қолға алды. Себебі бақта оларға қажетті шөбі, суы бар. Жаздай өсіріп, қыста ет бағытында пайдаға жаратады. Бұдан бөлек, аумағы 12 гектар көлде сазан, ақ балық, карас, судак, жыланбалық өсіріледі. Айта кетейік, алғашқы құрылған 2021 жылдан бері көлге 2 млн-нан астам шабақ жіберілген.

Иә, ауыл шарушылығы – тек адам баласы ғана емес, қайсыбір тіршілік иесі үшін де аса маңызды әрі қажетті сала. Айталық, Ә.Бекжанов сынды тәжірибелі мамандар арқылы бұл салада дәстүрлі бағыттан бөлек, жаңа технологияны пайдаланудың да артықшылықтары айқындалып келеді.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»