Еңбек адамының еңсесі биік

220

0

Фото: автордан

Ербол Баймағамбетов БСУ – бетон араластыру қондырғысының операторы болып 2005 жылдан бері «LCI-MK» ЖШС-де еңбек етіп келеді. Өз мамандығының қыр-сырын әбден меңгеріп алған Ербол үшін адал еңбектен асқан мәртебе жоқ.

– Басты міндетіміз халық шаруашылығына қажетті сапалы бетон өнімдерін дайындап шығару, – дейді ол. – Ал бұл тұрғыда елдің сұранысына сай өнім өндіріп, тұрғындардың көңілінен шығып келе жатқанымызға сенімдімін. Менің операторлық жұмысыма қойылатын талап – күнделікті бетон құятын станоктарды жан-жақты тексерістен өткізіп, электр жүйелерін қадағалап тұру, майлау, жұмысқа жарамдылығына толық көз жеткізу. Цемент, құм, қиыршық тас, өнімнің сапасына тікелей әсері бар химиялық қоспаларды дайындап алғаннан кейін, жұмысты бастау. Жалпы мекемеден дайындалатын өнімнің атын атап, түсін түстеу артық болар еді. Себебі маркалары әртүрлі 300-ге жуық темір-бетон бұйымдарының қолдан-қолға тигізбей жөнелтіліп жатқанынының өзі, өнімнің сұранысқа сәйкестігін айғақтайды. 

Айтса айтқандай, түрлі бетон қақпақтар, кольцо, плита, балка, көпір конструкцияларына тапсырыстар, тіпті бір ғана Қазалы, Арал аудандары халқының қарым-қатынасы үшін маңызы ерекше «Қарлан» көпірі құрылысына қажетті бетон өнімдері тапсырысының өзі еңбек көрігінің еселене беруіне негіз болар еді.

Ерболдың  жолдасы Айнұр бастауыш сынып мұғалімі. Үлкен қызы Жұлдызай химия-биология пәні бойынша Польша мемлекетінде тәжірибеден өтіп жатса, Аяжаны колледж студенті.

Мемлекет басшысы «Кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адам қашанда лайықты бағасын алады» дегендей, Ербол да еңбек адамы ретінде алдағы өмірде лайықты бағасын алатынына сенімді.

Әлімжан ҚИЯС.

Қазалы ауданы