Сырдың бойындағы іргелі елді мекендердің бірі – Қызылөзек. Ғасырға жуық тарихы бар бұл ауыл кеңестік кезеңде қаракөл қой өсірумен елге танылған. 1956 жылы ет бағытындағы совхоз болып құрылып, араға алты жыл салып қаракөл қой өсіруге мамандандырылған шаруашылыққа айналады. Сол жылдары ауылда 45 мыңнан астам қой, мыңнан аса жылқы мен түйе өсіріліп, жылына 3 мың центнерге дейін ет өндірілген. Бұл жетістіктер өңірдегі ауыл шаруашылығы саласының өркендеуіне зор үлес қосты.
Бір кездері Қараөзек болыстығының №2 ауылы аталған елді мекен 1993 жылы ресми түрде округ мәртебесін иеленіп, 1997 жылдан бастап Қызылорда қаласының құрамына енді. Бүгінде ауылдық округ құрамына Қараөзек, Айнакөл және «Қараөзек» бекеті қарайды. 629 отбасы түтін түтетіп отыр.
Ауыл инфрақұрылымы жаңаруда
Халқының еңбекқорлығымен аты шыққан Қызылөзек қазіргі таңда жаңа белестерге қадам басып келеді. Инфрақұрылым жұмыстары жолға қойылған, кәсіпкерлік қанат жайып, әлеуметтік сала да ілгерілеу байқалады. Мәселен, осы күнге дейін 3 елді мекенде электр желілерінің тозығы жетіп тұрған. Себебі ескі электр желілері 1960 жылы жүргізілген. Өткен жылдан бастап түйткілді мәселенің түйіні тарқатылып қайта жаңғырту жұмыстары қолға алынды.
Одан бөлек «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде ұзындығы 3 шақырымды құрайтын Д.Сариев және Ж.Жабаев көшелеріне күрделі жөндеу жүргізілсе, ұзындығы 3,2 шақырым болатын тағы 3 көше жөнделмек. Жуырда Айнакөл-1 көшесі асфальтталса, алдағы уақытта М.Жабағыұлы көшесіне орташа жөндеу жүргізу жоспарланып отыр.

– Ауылымызда атқарылып жатқан жұмыстар ауқымды. Қазіргі таңда ауылға кіреберістегі «Қожақ» автомобиль көпіріне күрделі жөндеу жұмысы жүруде. Облыстық бюджеттен 292 млн 297 мың теңге қаражат бөлінді. Құрылыс-монтаж жұмыстарын «N Строй Сервис» ЖШС қолға алып, қыркүйек айында аяқтауға бекініп отыр. Көпірдің пайдалануға берілуі ауыл тұрғындарының көптен күткен өзекті мәселесін шешетін болады, – дейді ауыл әкімі Сәкен Әбдіжаппар.
Ауыл халқының «көгілдір отын» игілігін көретін күн де алыс емес. Газдандыру жұмыстарына 26 млн 269 мың теңге қаражат қаралған. Бүгінде үш елді мекенді ілеспе газбен қамту жұмысының жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, жоба мемлекеттік сараптамадан өтуде. Сараптама қорытындысы алынған соң, жоба республикалық бюджеттен қаржыландыруға ұсынылатын болады.
Ауылдық округ аумағы Сырдария өзені деңгейінен биік орналасуына байланысты жаз маусымында аяқсу тапшылығы туындайды. Мұның алдын алу мақсатында «ДСУ» учаскесіне электр желісі жеткізіліп, ауыл әкімі аппаратының меншігіндегі жаңа СНПЭ-500/10 электр насостық қондырғысы орнатылды. Нәтижесінде Қараөзек елді мекені аяқсумен толық қамтамасыз етілді. Одан бөлек Қараөзек ауылының көшелеріне аяқсу жеткізіп отырған электр насостардың тозуына байланысты, өткен жылы қуаты 18,5 кВт және 3 кВт қондырғылар сатып алынды. Алдағы уақытта көнерген насостардың орнына жаңасы орнатылып, ауыл тұрғындарына тұрақты су жеткізу қамтамасыз етіледі. Сонымен бірге, ауыл әкімдігі меншігіндегі дизельдік-насостық қондырғылар «Сырдария» және «Қараөзек» арналарына қойылған. Бұл арқылы «Айнакөл» және «Қараөзек» бекетіне, егістікке қажетті аяқсу үздіксіз берілуде.

Ауылда жарықтандыру жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Бұл мақсатта бюджеттен 3 млн 920 мың теңге қаражат бөлініп, Қорқыт ата көшесіне түнгі жарық бағаналары орнатылды. Нәтижесінде ауылдағы 21 көшенің 18-і толықтай жарықпен қамтамасыз етілді.
– Ауыл халқы үшін тағы бір қуанышты жаңалық – тұрғындардың сұранысын ескере отырып, «Қараөзек» бекетінде балаларға арналған ойын алаңы салынатын болды. Бұл үшін жергілікті бюджеттен 5 млн теңге қаражат қаралып, қазіргі таңда жобаға қатысты мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілуде. Сонымен қатар, Жеңістің 80 жылдығына орай Қараөзек ауылындағы «Тағзым алаңына» ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалды. Алаң аумағына қала орталығынан босаған брусчаткалар төселіп, көркі айшықтала түсті. Алдағы уақытта алаңның қоршауларын жаңарту да жоспарға енгізілген, – дейді ауыл әкімі.
Кәсіп ашқанға қолдау бар
Ауыл бойынша 197 кәсіпкерлік нысан жұмыс істейді. Оның ішінде 30 шаруа қожалығы, 1 ЖШС, 4 АӨК , 162 жеке кәсіпкер бар. Жыл басынан бері 6 кәсіпкерлік нысан тіркелген. Екі тұрақты жұмыс орны ашылды.
«2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында жыл басынан бері 2 азаматтың жылқы шаруашылығын дамытуға бағытталған жобасы қаржыландырылып, олар «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы 20 млн теңге көлемінде несие алған. Сонымен қатар, тағы 2 ауыл тұрғыны 3 млн 145 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грант иеленіп, өз кәсібін бастауға мүмкіндік тапты.

«Ауыл аманаты» жобасы аясында да игі істер қолға алынуда. Атап айтқанда, биыл құны 2 млн теңгені құрайтын бір жоба қаржыландырылды. Кәсіпкер «Тоқылған және трикотаж шұлық-ұйық бұйымдарын өндіру» ісін жүзеге асыруда. Қазіргі таңда қажетті тігін және тоқыма машиналары сатып алынып, дайын өнімдер қатарында шұлық, қолғап, сырт киімдер шығарылуда. Кәсіпкер 3 ауыл тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Ал «Әліп» шаруа қожалығының иесі Әліп Рақымжан 2018 жылдан бері мал шаруашылығын өрістетіп отыр. Қазір 800-ден аса қой, 60-қа жуық сиыр мен жылқы өсіруде. 2022 жылдан бастап кәсіпкер «Биогумус» органикалық тыңайтқышын өндіреді.
– Тыңайтқышты өндіру мақсатында «Сырдария-Көкшетау» несие серіктестігі арқылы 7 млн теңге жеңілдетілген несие алып, МТЗ-82 тракторы мен жетегін сатып алдым. Сол уақыттан бері мал шаруашылығымен қоса «Калифорниялық шылаушын» өсіріп келемін. Бастапқы уақытта 1 шаршы метр жерден басталған жұмыс қазіргі уақытта 100 шаршы метр аумақты қамтып отыр. Өндірген өнімді диқандар мен ағаш өсірумен айналысатын мекемелерге, негізгі бөлігін көкөніс өсіретін жеке тұрғындарға өткіземін. «Калифорниялық шылаушын» – тиімді кәсіптің көзі. Себебі, тамақты көп талғамайды. Екі шаршы метрден жылына бір тонна биогумусқа дейін алуға болады. Мұндай тыңайтқыш берілген жер төрт жылға дейін өзінің жоғары құнарлылығын сақтайды, – дейді кәсіпкер Әліп Рақымжан.
«Ауыл аманаты» жобасының игілігін көргендердің енді бірі – жеке кәсіпкер Рүстем Сатыбалдыұлы. Ол 2023 жылы 5 млн теңге несие алып, Қараөзек елді мекенінен нан-тоқаш, кондитерлік өнімдер мен жартылай фабрикаттар шығаратын шағын цех ашқан. Кәсіпкердің кондитерлік өнімдері ауыл тұрғындары арасында үлкен сұранысқа ие. Үш елді мекенді нан өнімдерімен қамтамасыз ететін цехта 6 адам жұмыс істейді.
Жалпы кәсіпкерлердің мұндай бастамалары ауыл өміріне жаңа тыныс берді.
Әлеуметтік қолдау – басты назарда
Ауылдық округте экономикалық белсенді халық саны – 1756 адам. Оның ішінде 1132 адам жұмыс істесе, 598 адам өзін-өзі жұмыспен қамтып отыр. Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтудың белсенді шаралары аясында «Күміс жас» бағдарламасына 7, жастар тәжірибесінен өтуге 2 адам қатыстырылса, қоғамдық жұмысқа 17 адам тартылған. Сондай-ақ 21 азамат тұрақты жұмысқа орналасты. Жыл басынан бері жұмыссыздар саны 26 адамды құрап, ауылдық округтегі жұмыссыздық деңгейі 1,5 пайыз шамасында болды.
Әлеуметтік қолдау бағытында да белсенділік бар. Мемлекет тарапынан 14 отбасына атаулы әлеуметтік көмек тағайындалса, жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен әлеуметтік жағынан аз қамтылған 47 отбасына азық-түлік пен тұрмыстық қажеттіліктер түрінде көмек көрсетілді.
Жалпы ауылдық округте атқарылып жатқан жұмыстар халықтың тұрмыс сапасын арттыруға, әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған. Жұмыспен қамту көрсеткішінің өсуі, әлеуметтік қолдаудың уақытылы көрсетілуі мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін дәлелдейді. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы шаралар жалғасып, ауыл экономикасының өркендеуіне, тұрғындардың әл-ауқатының жақсаруына өз ықпалын тигізбек.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,
«Сыр бойы»






