Аймақта тұңғыш рет «Сыр дарыны» жобасы өтті. Облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен, «Ақ сөйле» қоғамдық бірлестігі және Жастар ресурстық орталығы бірлесе ұйымдастырған шара таланттарды тауып, олардың шығармашылық тұрғыда кемелденуіне жол ашуды көздейді.
Өз ерекшеліктерімен есте қалған жоба аясында әуелі барлық аудандар мен Қызылорда қаласынан төрт аталым бойынша іріктеу өткізілді. Мұнан соң ақтық кезеңге өткен талапкерлер облыс орталығында төрт күнге созылған іс-шараларға қатысты. Бірінші күні талапкерлерге арналған шеберлік сағаттары өтіп, «Жыр-терме» және «Дәстүрлі ән» бағытындағы жас таланттар «Парасат» орденінің иегері, белгілі жырау, профессор Алмас Алматов, «Құрмет» орденінің иегері, белгілі жыршы Шолпан Бейімбетова, ҚР Мәдениет саласының үздігі, Нартай жыр мұрасын жалғастырушы Ақмарал Ноғайбаева, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Күнсұлу Түрікпеннен тәлім алып, таным көкжиегін кеңейтті.
Сондай-ақ, «Айтыс» және «Жазба ақындық өнер» бағытындағы жас талапкерлер Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, белгілі ақын Дүйсенбек Аяшұлы, айтыстың ақтаңгері, үш дүркін «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязов, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Сырдан шыққан жас ақын Биболат Сәтжановтардан дәріс тыңдап, өлең өлкесінде азық боларлықтай ақыл-кеңестер алды.
Жобаның ақтық кезеңіне жиналған жас дарындар келесі күні облыстық өлкетану, «Қызылорда қаласының тарихы» мұражайларында болып, өңірдің өткені мен бүгінінен сыр шертетін құнды жәдігерлермен танысты. Сонымен қатар, жас дарындардың шығармашылық байланысын, достық қарым-қатынасын нығайту мақсатында арнайы демалыс ұйымдастырылып, түрлі интеллектуалдық, спорттық ойындар ойнатылды. Ән шырқап, өлең оқып уақыттарын қызықты өткізген жастар ақтық кезеңге жақсы серпіліспен келді.
Үшінші күні талапкерлер өнерін ортаға салып, оларға жыр-терме және дәстүрлі ән аталымдары бойынша облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығының сектор меңгерушісі, белгілі жыршы-термеші Майра Сәрсенбаева, айтыс және жазба ақындық өнер бойынша ҚР Мәдениет саласының үздігі, белгілі айтыскер ақын Серік Ыдырысовтар бастаған қазылар алқасы төрелік етті.
Жобаның қорытынды салтанатты жиынына Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Асқарбек Есжанов арнайы қатысып, жас талапкерлерге шығармашылық табыс тіледі. Облыс жастарының шығармашылық қабілетін шыңдап, насихаттауды, Сыр сүлейлерінің шығармашылығын дәріптеу арқылы өнер мектептерінің мәртебесін арттыруды көздеген іс-шара қорытындысымен «Жыр-терме» аталымы бойынша бас жүлдені қызылордалық Нұрай Өркенбекқызы жеңіп алды. «Дәстүрлі ән» аталымы бойынша қармақшылық Ақсұңқар Бүркітбай, «Айтыс» аталымында аралдық Бексұлтан Орынбасар жеңімпаз деп танылды. Ал, жазба «Ақындық өнер» аталымында өзгеше өлең өрнегімен танылған қазалылық Дина Бөкебай «Сыр дарыны» атанды.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<