Ерлан Қарин: Әкім сайлауы мемлекет пен қоғам арасындағы байланыстың сапасын арттырады

480

0

Президенттің саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі Ерлан Қарин елімізде өтіп жатқан әкімдер сайлауы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгін Қазақстанда алғаш рет ауыл әкімдерінің тікелей сайлауы өтуде. Бұл – Президент айтқандай, елімізде саяси жаңғырудың жаңа кезеңін ашатын өте маңызды сәт. Мемлекет басшысы былтырғы Жолдауда әкімдерді тікелей сайлау туралы бастама көтерген болатын. Нәтижесінде, оны ұсынғаннан бастап нақты іске асырылғанға дейін бір жылдан аз уақыт өтті», – деп жазды ол Telegram-каналында.

Мемлекет басшысы кеңесшісінің айтуынша, ауыл әкімдерін сайлау азаматтарға өз елді мекендерінің дамуына тікелей ықпал етуге жаңа мүмкіндіктер ашады.

«Олар мемлекеттік басқару жүйесінің ұзақ мерзімді жұмыс қағидаттарын қалыптастырып, мемлекет пен қоғам арасындағы өзара қарым-қатынастардың сипатын сапалы етіп өзгертеді. Сондықтан, бұл сайлау науқанының барысы азаматтар арасында үлкен қызығушылық тудырды», – дейді Президент кеңесшісі.

Сондай-ақ, ол бүгін өтіп жатқан сайлау елдің саяси өрісін жандандырғанын, жергілікті деңгейде саяси бәсекелестіктің артқанын атап өтті.

«Осы тұрғыдан алғанда, барлық 6 саяси партияның өз кандидаттарын ұсынғаны, көптеген өзін-өзі ұсынушылар тіркелгені де маңызды. Жалпы, Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған үш саяси пакет шеңберіндегі барлық өзгерістер дәйекті түрде іс жүзінде іске асырылып, қоғамның сұраныстарына сай келеді және елдің одан әрі демократиялануына ықпал етеді», -деп жазды Ерлан Қарин.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<