Еуроодақ Ауғанстан азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге шақырды

752

0

Еуропаның сыртқы іс-қимыл қызметі 29 сәуір күні Кабулдағы мешітте болған лаңкестік оқиғаға байланысты жеке мәлімдеме жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат меншікті тілшісі.

«Кабулда тағы бір жарылыс болды. Жұма намазына жиналған жамағат зардап шегіп, көп адам қаза тапты. Қасиетті Рамазан айында базар, мектеп немесе мешітке жиылған бейбіт тұрғындарға осындай сұмдық шабуылдар жасалып отыр», – делінген ЕО дипломатиялық ведомствосының мәлімдемесінде.

Еуропалық Одақ қаза тапқандардың отбасыларына қайғырып көңіл айтады. Зардап шеккендердің тез сауығып кетуін тілейді. Террорға ешбір діни сенім-намымда орын жоқ екеніне назар аударады. Ауғанстандағы зорлық-зомбылықтың күрт көбеюі ауғандықтармен қатар, халықаралық қауымдастықты да қатты алаңдатып отыр.

Ауғанстанның барлық азаматтары, соның ішінде әйелдер мен қыздар, балалар, сондай-ақ этникалық және діни аз топтар өздерінің құқықтары мен бостандықтарын толық сақтай отырып, қауіпсіздікте өмір сүруге лайық. ЕО Ауғанстанның «де-факто» билігін барлық ауған азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және кінәлілерді жауапқа тартуға шақырады.

Еуропаның сыртқы іс-қимыл қызметі терроризмге қарсы тиімді саясат пен Ауғанстанның ішінде де, оның аумағынан шығатын да лаңкестік қаупін жоюға бағытталған шараларды жүзеге асыру өте маңызды екенін атап өтті.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<