Газа ауруханасына соққыдан қаза тапқандар 800-ге жетті: Шабуыл туралы не белгілі

655

0

Фото: Mohammed Salem/Reuters

Араб басылымдары кеше Газа секторындағы госпитальге Израильдің әуе әскери күштерінің зымырандары түскенін хабарлады. Кейінгі деректер бойынша, қаза тапқандар мен зардап шеккендер саны 800 адамнан асты. Кazinform бұл туралы ТАСС-қа сілтеме жасап хабарлайды.

Израильдің әуе күштері Газа қаласының орталық аудандарына бірқатар соққы жасады. Al Hadath телеарнасының мәліметінше, ракеталар «Аль-Маамадани» госпиталіне түскен.

Медициналық дереккөздер ақпаратынша, қаза тапқандар саны 300-ден асты. Al Arabiya телеарнасы мерт болғандар мен зардап шеккендер 800 адамнан артқанын мәлім етті.

Al Hadath телеарнасының репортажында көптеген науқас далада кезекте тұрғаны айтылған. Зымыранның жарылуы көрші ғимараттарға да залал келтіріп, тұрғындар қаза тапқан.

Палестина басшылығы оқиғаға байланысты шұғыл жиын өткізді.

ХАМАС ауруханаға жасалған соққыны геноцид деп атады. Қозғалыс әлемдік қауымдастықты, араб және ислам елдерін «жауапкершілік алып, Израиль билігінің агрессиясын тоқтату үшін тез арада бұл іске араласуын» талап етті.

Ал Израиль қорғаныс әскері Газа ауруханаларының біріндегі жарылысқа палестиналық анклавтан сәтсіз ұшырылған зымырандар себеп болғанын және оған «Ислам жиһады» жауапты екенін айтып отыр.

Палестина президенті Махмуд Аббас үшкүндік қаралы күн жариялады. Al Mayadeen телеарнасының дерегінше, ол 19 қазанға АҚШ басшысы Джо Байденмен жоспарланған кездесуін күтпестен Амманнан ұшып кетіп, Рамаллаға оралған.

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Газа секторындағы жарылысқа Израиль әскері кінәлі деген пікірді жоққа шығарып, бұл – лаңкестердің ісі деп мәлімдеді.

Өз кезегінде «Ислам жиһады» соққыға өздерінің қатысы жоқ екенін айтты.

Көптеген халықаралық ұйымдар мен елдердің үкімет басшылары Израильден соғыс ережелерін сақтауды талап етіп, Газа секторындағы зұлымдықты тоқтатуға шақырды. Бірі мұны әскери қылмыс десе, бірі алдын ала жоспарланған әрекет деп айыптады. Зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жіберілетіні айтылып отыр.

Осы оқиғадан кейін Түркия, АҚШ, Марокко, Германия, Тегеран тұрғындары наразылық акцияларына шықты. Олар Газаның бейбіт тұрғындарын қырып жатқан Израильге наразы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<