2023 жылдың 7 қазанынан бері Израильдің Газа секторында жалғасып жатқан шабуылдарынан құрбан болғандар саны 37 084-ке жетті. Бұл туралы Палестина денсаулық сақтау министрлігінің Газа секторындағы мәлімдемесінде айтылды, деп жазады Anadolu.
Ведомство Израиль армиясының Палестина анклавына құрлық, теңіз және әуе арқылы жаппай шабуылдары 247 күннен бері тоқтамағанын еске салады.
Министрлік келтірген дерекке сай, тек соңғы 24 сағат ішінде Израиль Газа секторында сегіз рет шабуыл жасап, салдарынан 283 адам қаза тапты, оның ішінде Нусайрат босқындар лагерінде 274 адам қаза тауып, 698 адам ауыр жарақат алған.
«2023 жылдың 7 қазанынан бері Израильдің Газаға жасаған шабуылдары нәтижесінде жараланғандар саны 84 494-ке жетті», – деп хабарлады Газа Денсаулық сақтау министрлігі.
Қаза тапқандардың денелері әлі қираған ғимараттардың астында, жол жиектерінде жатыр. Жедел жәрдем және азаматтық қорғаныс топтары Израиль күштері жасаған кедергілерге байланысты оларға жете алмайды.
Израиль-Палестина қақтығысы
2023 жылдың 7 қазанында таңертең ХАМАС-тың әскери қанаты «Изз ад-Дин әл-Қассам бригадалары» Израильге қарсы «Әл-Ақса дауылы» операциясының басталғанын жариялады.
Газа секторынан Израильге қарай мыңдаған зымыран атылды, қарулы топтар Израиль елді мекендеріне кірді. ХАМАС бұл операция Шығыс Иерусалимдегі әл-Ақса мешітін басып алуына және израильдік қоныстанушылардың палестиналықтарға қарсы зорлық-зомбылықтың күшеюіне жауап ретінде жасалғанын айтты.
Бұған жауап ретінде Израиль армиясы Газа секторында ондаған жойғыш ұшақтардың көмегімен ХАМАС-қа қарсы «Темір қылыштар» операциясын бастағанын жариялап, ол газалықтардың қырғынына айналды. 27 қазанда Израиль армиясы Газада құрлық операцияларын бастады.
2,3 миллион Газа халқы Израильдің жаппай әуе, құрлық және теңіз бомбалауы мен эксклавты толығымен қоршауының салдарынан азық-түлік, су және дәрі-дәрмек тапшылығынан зардап шегіп отыр.
Мыңдаған ғимарат, соның ішінде ауруханалар, мешіттер мен шіркеулер Израильдің әуе және жердегі шабуылдарынан зардап шекті немесе толығымен қирады. Израильде құрбан болғандар саны 1200-ден асты.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<