«Ихсан – рухани тәрбие негізі» атты жаңа кітап жарыққа шықты. Қазақстан Республикасы Дін істері комитеті мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының сараптау комиссиясы мақұлдаған бұл кітапта рухани тәрбие негізі болып табылатын Ихсан ілімі жайлы сөз қозғалады. Әуелі Алла Тағаланы танудан бастап, жалпы мұсылманның тұлғалық тәрбиесі, қоғам алдындағы әдебі туралы айтылған аят-хадистер нақты мысалдармен көрсетілген туындының танымдық маңызы зор. Жоба жетекшісі – Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.
«Көптен жүрек түбінде жүрген ниетім орындалып, «Ихсан – рухани тәрбие негізі» кітабы оқырманға жол тартып отыр. Ерекше ынта-ықыласпен жазылған бұл еңбектің оқырманның рухани өмірі үшін пайдасы мол деп үміттенемін.
Аллаға шүкір, Тәуелсіздік жылдарында шариғат ілімдерінің негізі болып саналатын сенім, фиқһ, тарих сынды салалар халқымыздың діни сара жолын нақ көрсете білді. Ендігі жерде бізге қажеттісі – рухани жан дүниеміздің өзегіне айналған тәрбие ілімі. Мұны біз Ихсан ілімі дейміз. Ихсан сөзі жақсылық жасау деген ұғымды білдіреді. Ал шариғаттағы мағынасы кез келген ізгі амалды ең кемел түрде орындау дегенге саяды» деп жазылған кітаптың алғысөзінде.
Осы кітаптың бірі облыстық «Сыр бойы» газеті редакциясына табысталды. ҚМДБ Қызылорда облысы бойынша бас имамы Болатбек Ұласқанұлы кітапты ұсына отырып:
– Ізгілік пен көркемділікті насихаттаушы асыл дініміз қашан да адам баласын барлық жағынан тәрбиелеп келеді.
Ардақты пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) да өз өсиеттерінде адамның ең биік дұшпаны нәпсісі екенін ескертіп, бойдағы жағымсыз, жаман қасиеттерді тәрбиелеу керектігін көп насихаттаған.
Абай атамыз бір сөзінде: «Егер де есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәрте, болмаса жұмасында, ең болмаса айында бір өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен, не білімге, не ақыретке, не дүниеге жарамды, күніңді өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің?» – деп адам баласын өтіп бара жатқан өз өміріне үңілуді өсиет еткен.
«Ихсан – рухани тәрбие негізі» кітабы оқырман жүрегіне жол тауып, хакім Абай көрсеткен толық адам концепциясын қалыптастыруға өз септігін тигізе алатынына сенімдімін, – деп лебіз білдірген.
«СБ» ақпарат





