«Қызылжарма» ауылдық округі – халық саны жағынан қаладағы үлкен елді мекеннің бірі. Айталық, бүгінде ауылдағы халық саны – 9326. Оның ішінде экономикалық белсенді санатында 6455 адам, жұмыссыздық деңгейі 0,3 пайызды құрайды.
Қала әкімдігінің баспасөз алаңында өңірдің БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен брифингте «Қызылжарма» ауылдық округінің әкімі Ш. Абдрахманов 2025 жылдың 6 айында атқарылған жұмыстар туралы баяндады.
– Ауылдың жер көлемі – 30 232 гектар. Отбасы саны – 2296, тұрақты жұмысқа орналасқандар –1354, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар – 1092, зейнеткерлер – 645, жұмыссыздар – 23, тұрмысы төмен отбасылар – 36. Ауыл тұрғындары мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, бірқатар кәсіпкерлік жобалар қолдау тапты.
«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы «Жұмыспен қамтудың 2021-2025 жылдарына арналған жол картасы» «Іскер» бағдарламасы аясында 9 млн теңгені құрайтын 2 жоба құжаттарын өткізіп, қаражаттарын алды. Сонымен қатар, «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы» микроқаржы ЖШС арқылы 9 млн теңгені құрайтын 1 жоба қаржыландырылды.
«2021 – 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» бағдарламасы аясында жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грант (400 АЕК) бойынша 10 жоба жоспарлануда. Ал «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы бүгінгі күні 14 млн теңгені құрайтын 2 жоба қолдау тапты.
Өзге де бағдарламалар аясында 37 млн теңгені құрайтын 6 жоба қаржыландырылып отыр. Сондай-ақ асылтұқымды мал басын өсіру бағытында 2 жоба ұсынылуда. Бұдан бөлек, «Бизнес-Бастау» оқу курсында «Қызылжарма» ауылдық округінен 28 адам оқытылып, сертификат алды, – дейді ауыл әкімі.
Жалпы ауылдық округ бойынша 2025 жылдың 6 айында 494 кәсіпкерлік субъекті тіркелген. Оның ішінде 1 ЖШС, 475 жеке кәсіпкер, 16 шаруа қожалығы және 2 ауылшаруашылық өндірістік кооперативі. Ауыл әкімінің айтуынша, шаруа қожалықтары өз кәсібін әрі қарай дамыту үшін мемлекеттік бағдарламалар арқылы несиелендіру бағытында сүйемелдеу жұмыстары жүргізіліп отырады.
Баяндамада айтылғандай, бюджет және салық базасын ұлғайту бағытында ауылдық округ бойынша 2025 жылдың 6 ай қорытындысымен 125625,9 мың теңге қаржы қаралған болса, оның түгелге дерлігі игеріліп, 99,9 пайызға орындалған. Есепті мерзімде салық түсімдерінің жоспары 29414,0 мың теңгеге бекітіліп, бүгінгі күнге 40951,0 мың теңге болып 139,2 пайызды құрап отыр.
Ауыл әкімі жыл басынан бері қайырымдылық акциялары аясында әлеуметтік жағынан аз қамтылған, көпбалалы және жалғызілікті 50-ге жуық отбасыға азық-түліктей көмек берілгенін атап өтті. Сонымен қатар, әлеуметтік жағынан аз қамтылған 98 отбасына атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, 20 млн теңгеден астам қаржылай қолдау көрсетілген.
– «Өңірлерді дамытудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы» шеңберінде «Қызылжарма» ауылдық округіндегі төрт көшеге түнгі жарық бағаналары орнатылды. Сондай-ақ елді мекенді абаттандыру мен көгалдандыру бағытында ауылдық округке қарасты көшелер бойына 4 аялдама салынды. Айта кетейік, көшелер бойындағы жарықтандыру бағаналарын күтіп-ұстауға, елді мекеннің санитариясын қамтамасыз етуге арнайы қаржы қаралған, мердігер мекемелер тарапынан тұрақты жұмыс жүргізіледі, – дейді Ш.Абдрахманов.
Қаламен іргелес жатқан «Қызылжарма» ауылы үшін жол қатынасының маңызы ерекше. Осы орайда ауылдық округке қарасты автомобиль жолдарына ағымдағы жөндеу жүргізу үшін 800 мың теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілуде. Бұдан бөлек, 5 орталық көше және 7 шағын көшені жөндеуге тендер жарияланып, мердігерлер анықталған.
Ауылдағы ауқымды жаңалықтың бірі – 600 орындық «Жайлы мектеп» бой көтерді. Білім ошағы санаулы күндерден кейін, яғни, жаңа оқу жылында пайдалануға беріледі. Айта кетсек, қазір ауылда 1200 орындық С.Әлжіков атындағы №144 орта мектеп бар. Онда 3 мыңнан астам бала оқитын. Байқап отырғанымыздай, мектептің сыйымдылығы көтермейді. Сондықтан «Жайлы мектеп» пайдалануға берілсе, ауылдағы түйткілді мәселенің бірі шешімін тапқалы отыр.
Жеңістің 80 жылдығы аясында ауылдық округтегі «Тағзым» алаңы абаттандырылды. Сонымен қатар, жергілікті бюджет есебінен орталық көшелерге ағымдағы жөндеу және жол белгілерін орнату, т.б жұмыстар жүргізілді. Бұдан бөлек, құрылыс бөлімі арқылы 3 дана ауызсу ұңғымасының құрылысын жүргізуге облыстық бюджеттен 282,9 млн теңге бөлініп, мердігер мекеме – «Бақ- Береке» ЖШС тарапынан құрылыс жұмыстары қолға алынған.
Қалалық құрылыс бөлімі арқылы ауылдың шеткі аймақтары мен ауыл орталығындағы электр желісін тартуды қажет ететін жалпы ұзындығы 50 шақырымды құрайтын 67 көшеге республикалық бюджеттен 350 млн теңге бөлінді. Мемлекеттік сатып алу конкурсының нәтижесімен «Сәт-Сервис» ЖШС жеңімпаз атанып, электр бағаналарын орнату жұмыстары жүргізілуде.

Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы»






