Эпизотикалық ахуал тұрақты

683

0

Облыс көлемінде ауыл шаруашылығы жануарлары арасында ауру ошақтарын болдырмау, алдын алу, эпизоотиялық тұрақтылықты сақтау мақсатында тиісті ветеринариялық іс-шаралар уақытылы жүргізілуде. Аса қауіпті 15 түрлі жұқпалы ауруларға республикалық бюджет есебінен бөлінген 6291,2 мың доза ветеринариялық препараттар облысқа уақытылы тасымалданды. Алдын ала егу жұмыстары толық жүргізілді. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық ветеринария басқармасының басшысы Шахмардан Қойшыбаев мәлімдеді.

Ал, бруцеллез ауруына қарсы көктемде және күзде малдар диагностикалық тексеріліп, 48 бас мал ірі қарадан, 252 бас уақ малдан бруцеллез ауруы анықталды. Мал иелеріне 4 млн 430 мың теңге өтемақы төленді.

Осы жылдың қазан айының 20-25 аралығында Көларық, Алға, Аранды ауылдық округтерінде жылқы малы арасында шығын орын алған болатын. Қазалы ауданы әкімдігімен бірлесіп, орын алған мал шығыны себептеріне зерттеу-зерделеу жұмыстары жүргізілді. Барлығы 26 бас жылқы малы шығын болған.

– Мал иелері бұл туралы ветеринариялық пункт мамандарына уақытылы хабарламаған. Зерттеу нәтижесінде егістік алқаптың орнына жайылған малдар гүпті болған екен. Облыстық ветеринариялық зертханада улануға зерттелген өлген жылқы малының ішкі мүшелері теріс нәтиже берді. Сонымен қатар, аталған үш ауылдық округтегі мал су ішетін қашыртқы суы, егін алқаптарынан күріш қалдықтары зерттеліп, қалыпты жағдайда екендігі нақтыланды. Қазіргі күні мал шығыны тоқтады, эпизоотиялық ахуал тұрақты.

Сонымен қатар, қалалық ветеринариялық станцияға 11 желтоқсан күні Ақжарма ауылдық округі, Талдыарал елді мекенінің тұрғындарынан мүйізді ірі қара малдарының белгісіз себептерден өліп жатқандығы туралы мәлімет түскен. Осыған байланысты, сол күні-ақ мал шығынына зерттеу жүргізілді. Әлеуметтік желіде мәлімдегендей 16 бас ірі қара өлексесі анықталған жоқ, нақты 4 бас мүйізді ірі қара малы шығын болып, олардың жайылымдық жерлерде өлім-жітімге ұшырағаны нақтыланды, – деді Шахмардан Қойшыбаев.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<