23 маусым – мемлекеттік қызмет саласында еңбек етіп жүрген азаматтардың кәсіби мерекесі. Осыған орай А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде салтанатты шара өтті.
Оған облыс әкімі аппаратының басшысы Ерлан Райғаниев қатысып, мемлекеттік қызметшілерді мерекемен құттықтады. Саланың үздігі атанған екі азаматқа «Үздік мемлекеттік қызметкер» төсбелгісін және бес мемлекеттік қызметшіге облыс әкімінің Алғыс хатын табыстады.
– Облыста 3 мыңнан астам мемлекеттік қызметші бар. Еліміздің тыныштығы мен бейбіт өмірі бәрінен қымбат. Билікке деген сенім қоғам талаптарына сай қызмет ететін мемлекеттік қызметшіден басталады. Аймақтағы барлық мемлекеттік қызметшілердің жұмысына жеміс, мақсатқа жетуде жігер, шешім қабылдауда парасаттылық пен еңбекте табыс тілеймін, – деді Ерлан Райғаниев.
Салтанатты шарада ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Рафхат Бисенов үш азаматқа алғаш рет «Мемлекеттік қызметтің дамуына қосқан үлесі үшін» төсбелгісін және әр саладағы алты мемлекеттік қызметшіге агенттік төрағасының грамотасы мен Алғыс хатын табыстады. Сонымен қатар екі мемлекеттік қызметшіні «Қызмет» Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» ҚБ облыстық филиалының төрайымы Сәуле Тұрсынбаева марапаттады. Жас мемлекеттік қызметшілер салтанатты түрде ант қабылдады.
Бүгінгі таңда Сыр елінде 3500-ге жуық мемлекеттік қызметші еңбек етуде. Оның қатарында 500-ге жуық жас, 1500-ден астам нәзікжандылар бар. «Басты міндет – елге қызмет» қағидасын қатаң ұстанғандарға халықтың артар сенімі мол. Оларға жүктелер міндет, қойылар талап та жоғары болып қала бермек.
Мөлдір Қалымбет,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<