Сырдария ауданының өнеркәсіп саласында оң динамика қалыптасқан. Кәсіпорындарда өнім өндіру 48,3 процентке артып, оның ішінде тамақ өнімдерін өндіру ұлғайған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте аудан әкімі Мұрат Ергешбаев мәлімдеді.
Аудан экономикасына 13 млрд теңге инвестиция тартылған. Оның 1 млрд теңгесі құрылысқа жұмсалып, 9 мың шаршы метрге тұрғын үй салынған. Ауыл шаруашылығы саласында да өнім көлемі жылдан жылға еселеніп келеді. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1,6 процентке көбейген. Биыл аудан шаруалары 32567 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын екті. Оның ішінде күріш 20542 гектарды құрады.
Аудан да мал басында өсім бар. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда мүйізді ірі қара 4, жылқы 16,5, түйе 15,4 процентке көбейген. Шаруалар «Агробизнес», «Іскер» және «Сыбаға» сынды мемлекеттік бағдарламаның арқасында мал басын арттырды. Кәсіпкерлік саласында да ілгерілеу байқалады. Ауданда мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында 315 жобаға қаржылай қолдау көрсетіліп, жаңадан 324 жұмыс орны ашылған.
Облыстың 2021-2023 жылға дейінгі экономикалық даму жоспары шеңберінде аудан бойынша 20 жоба жүзеге асырылмақ. Биыл 15 жобаны іске қосу жоспарланса, 10-ны іске асып, 52 жұмыс орны ашылды. Ал, жыл соңына дейін 5 жоба орындалады. Аудан әкімі халықты баспанамен қамту мәселесі күн тәртібінде тұрғанын айтты. Қазір ауданда 538 азамат тұрғын үй кезегінде тұр. Осы ретте, республикалық бюджеттен 11 елді мекенде 33 тұрғын үй құрылысын жалғастыруға және аз қамтылған көпбалалы отбасына 10 үй сатып алуға қаржы бөлінген. Бұдан бөлек, биыл мемлекет есебінен 43 отбасы баспаналы болмақ.
Аудандағы жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы автомобиль жолдарының үлесі 92 процентті құрайды. Жол жөндеу жұмыстарына республикалық және жергілікті бюджеттен тиісті қаржы қаралған. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында елді мекендерде 2 көше құрылысы, 3 көшені жөндеу жұмыстарына тиісті қаражат бөлінді.
Брифинг барысында М.Ергешбаев аудандағы негізгі мәселелерге де тоқталып, шешу жолдарын қарастырып жатқанын айтты. Мәселен, елді мекендердің электр желілерінің 70 проценті тозығы жеткен. Шаған, Аманкелді, Қоғалыкөл, А.Тоқмағанбетов ауылының электр желілерін шұғыл жаңарту қажет. Аудандық бюджет есебінен «Кентеу трансформатор зауыты» серіктестігінен 10 дана трансформатор сатып алынған.
Жыл басында Тереңөзек кенті көгілдір отынға қосылды. Айталық, аудан орталығында 710 жеке тұрғын үй, 18 мекеме мен кәсіпкерлік нысан, 11 көпқабатты тұрғын үй табиғи газдың пайдасын көруде. Биыл А.Тоқмағанбетов, Қалжан ахун, С.Сейфуллин, Шаған елді мекенін газдандыру жобасы әзірленуде.
Аудан басшысы жиында өзге де салаларда атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталып, сұрақтарға жауап берді.
Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<