Кәсіпті кеңейткеннің табысы еселенеді

287

0

Қызылордалық Лаура Ұзақова өткен жылы айына 3 мың тәтті тоқаш пісірсе, бүгінде ең кемі 15-16 мыңнан астам нан өнімдерін тұтынушыларына ұсынуда. Кәсіп иесі бұл көрсеткішке кәсіпкерлік саласындағы мемлекеттік қолдаудың, яғни «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығынан жеңілдікпен алған несиенің арқасында жеттім деп отыр.

Төрт баланың анасының негізгі мамандығы – химия пәнінің мұғалімі. Бала күтіміне байланысты уақытша демалысқа шыққаннан кейін мамандығы бойынша қайта жұмыс істеуге мүмкіндігі болмайды. Демалыста отырғанда енесінен үйренген ісін табыс көзіне айналдырды.

– Анамыз Жұмакүл Арынғазиева 40 жыл наубайханада жұмыс істеген. Тәжірибелі маман. Ол кісінің қолынан шыққан нан өнімдерін жақын маңдағы дүкендер алып тұратын. Жанында жүріп тәтті тоқаш пісіруді үйреніп алдым. Жұмыссыз қалғанда үйренген істі кәсіпке айналдыруды ойластырдым, – дейді Лаура Ұзақова.

Жас кәсіпкер алғашында отбасының қаржысына алынған екі секциялы пешпен ісін бастайды.

– Нан өнімдерінің ішінде тәтті тоқашымызға сұраныс жоғары болды. Айына 3000 тоқаштай пісіріп, шағын дүкендерге жеткізіп беріп жүрдік. Өнімімізге сұраныс артты. Алайда бір пешпен үлгермейтініміз белгілі болды. Кәсіпті кеңейту керек, бірақ оған қаржыны қайдан табамыз? Спорт секциясына балаларды тасып жүрген жолдасым ата-аналардың бірінен «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы жайлы естіп, үйге айтып келді, – дейді кәсіпкер.

Өңірлік орталықтың жергілікті кәсіпкерлерді қолдауға арналғанын білгеннен кейін бағдарламаларымен танысып, өтінім берді. Кәсіпті кеңейтуге биыл мамырда 6,5 млн теңге жеңілдетілген несие алды.

– Бұл қаржыға төрт секциялы екі пеш, екі жұмыс үстелін, нан өнімдеріне арналған сөрелер, қалыптар, өзге де қажет құрал-жабдықтар алдық. Енді тиімділігін айтайын, өнім көлемі бірден артты. Бұрын айына ең көбі 3500 тоқаш шығарып жүрсек, кәсіпті кеңейткеннен кейін 15-16 мың тоқаш пісіріп жатырмыз. Негізгі тұтынушыларымыз – үлкен дүкендер. Жұмыс қолы жетпей жатыр. Сол үшін жақында 3 адамды жұмысқа аламыз, – дейді Лаура Ұзақова.

Айта кеткен жөн, тамақ өндірісімен айналысатын кәсіпкерлерге тамаша мүмкіндік жасалуда. Сол жағалаудан ашылып жатқан өндірістік аймақта орналасатын кәсіпкерлер қажетті құрал-жабдықтар үшін «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы арқылы жеңілдікпен 3 пайызбен несие ала алады.

Қосымша сұрақтар бойынша орталыққа +7 705 177 47 30, +7 775 757 94 74, 40-03-60 байланыс нөмірлері арқылы хабарласуға болады.

«Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығының

баспасөз қызметі