Кен қазған қазынаға жолығады

826

0

Қыркүйек айының алғашқы жексенбісінде мұнайшы қауым төл мерекесін атап өтеді. Биыл Қазақ мұнайының игеріле бастағанына 121 жыл толды.

Қазақтың қазыналы  даласына бұрғы салынып, алғашқы мұнай фонтаны атқылағалы бері «қара алтын» секторы ел экономикасының тірегіне айналды. Бүгінде бірқатар кен алаңдары цифрландырылып, жаңа буын зауыттар іске қосылды, кен орны ашылды. Отандық мұнай секторы – республикалық бюжеттің негізгі табыс көзі. Әлемдік мұнай нарығындағы күрделі ахуалға қарамастан, бұл сала әлі де бюджет қалыптастырудағы жетекші позициясында тұр.

Ал Сыр мұнайының тарихына келсек,  1985 жылы 6 маусымда КСРО Мұнай өнеркәсібі министрлігінің «Қазақ ССР-дегі Құмкөл кенішін пайдалануға беруді ұйымдастыру» туралы бұйрығы шықты. Қазақстанның Жезқазған облысындағы Арысқұм иінінің мұнай-газдылығын зерттеген мамандар мол қазынаға жолықты. Қазақ ССР Геология министрлігі «Оңтүстік Қазгеология» бірлестігі жүргізген зерттеулер қорытындысында көпқабатты Құмкөл кенішін ашты. 1987 жылдан бастап кенішті игеруге әзірлікті бастау үшін тиісті орындарға тапсырмалар жүктелді. 1986 жылдың 1 шілдесінде Қызылорда қаласында «Маңғыстаумұнай» бірлестігінің құрамына кіретін «Құмкөл» кенішін игеру жөніндегі дирекция құрылды.  

Құмкөл кенішінің ашылуы  – Сыр өңірінің мұнайлы өлке ретінде дамуы мен өнеркəсіптік аймаққа айналуының негізін қалады. Өңірімізде мұнай-газ кластері толықтай қалыптасты. Содан бергі уақытта Сыр мұнайы экономиканың өркендеуін жеделдетті. Бірақ соңғы жылдары облыста мұнай өндіру көлемі бірнеше есеге қысқарды.

Сарапшылардың айтуынша, өңірдің мұнай-газ саласының ресурстық əлеуетін одан əрі арттыруға перспективалы шөгінді бассейндер мен Арал теңізінің акваториясын кең ауқымды зерделеу ықпал ететін болады. Қызылорда облысының əлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарында «Шу-Сарысу», «Оңтүстік Торғай», «Сырдария» шөгінді бассейндерін геологиялық зерттеу де қамтылған, онда көмірсутек қорларын анықтау қарастырылған.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<