Көпке жеткен «көгілдір отын»

726

0

Мың шақырымдық жол алғашқы қадамнан басталады. Ежелден келе жатқан тәмсіл осылай дейді. Журналист ретінде осындай алғашқы қадамға куә болған едім, сонау 2004 жылы. Атап айтқанда, сол кезде «Ақшабұлақ» кенішінде Қызылордаға тартылатын 124 шақырымдық газ желісінің алғашқы құбырын төсеу салтанатына қатыстым. Мұны Қызылорда облысын газдандыру бағытындағы ауқымды жұмыстардың алғашқы қадамы деуге толық негіз бар. Ол Елбасы тапсырмасына сәйкес,   «Қызылорда қаласының жылу-қуат көздерін және тұрғын үй секторын ілеспе газға көшіру» жобасынан бастау алған еді.

Жалпы Қызылорда облысында газдандырудың басталуы – еліміз тәуелсіздікке ие болғаннан кейінгі Сыр өңірінің қол жеткізген үлкен жетістіктерінің бірі. Сол жылдары облыстағы мұнай өндіруші компаниялар тереңнен алынып жатқан «қара алтынмен» бірге шығатын ілеспе газды ауаға жағып келгені белгілі. Үкімет ілеспе газды жағу көлемін азайту жөніндегі мем­лекеттік бағдарлама қабылдап, жер қойнауын пайда­ланушылар үшін қатаң шарттар қойған болатын.

Осыдан кейін мұнай компания­лары ілеспе газды жер қабатына кері айдады немесе электр энергиясын өндіретін станциялар мен газды өңдеп, газ тарату желілеріне жіберетін қондырғыларды іске қосты. Нәтижесінде жүздеген алаулар сөндіріліп, эко­ло­гиялық және экономикалық жетістіктерге қол жеткізілді. Өңделген газ құбырмен Қызылорда қала­сына жеткізіліп,  қаланы газдандыруға үлес қосты. «Қызылорда қала­сының жылу-қуат көз­дерін және тұрғын үй секторын ілеспе газға көшіру»  жоба­сы облыс орталығы тұрғындарының әлеуметтік-тұр­мыстық жағдайын жақсартып қана қоймай, өнер­кәсіп кәсіпорындарының жұмысына импульс берді және өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыра түсуге ықпал етті.  Жобаның І кезеңіне 7,4 млрд теңге қаржы қаралса, оның 5,7 млрд теңгесі, яғни 71,18%-і республикадан, қалғаны жергілікті бюджеттен бөлінді.

Ал «Бейнеу-Шымкент» ма­гистральді газ құбырын іске қосу арқылы аймақтағы  елді мекендерді «көгілдір отынмен» қамтуға мүмкіндік туды. Жалпы елді мекендерді газдандыру жобаларын жүзеге асыру аса үлкен көлемдегі қаржы ресурстарын  талап етеді. Мысалы, 2014-2015 жылдары республикалық және облыстық бюджет есебінен құны 2,1 млрд теңгені құрайтын Қызылорда қаласына қарасты Тасбөгет және Қызылжарма елді мекендерін газдандыру жобалары жүзеге асырылды. 2015 жылы «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның инвестициялық бағдарламасы аясында 4 аудан орталығы (Арал, Әйтеке би, Шиелі, Жаңақорған) мен Байқоңыр қаласы толықтай табиғи газбен жабдықталды. Жобаның жалпы құны 25 млрд теңгені құрады. 2016-2017 жылдары облыстық бюджет есебінен облыс орталығына қарасты Талсуат және Белкөл елді мекен­деріне табиғи газ тартылды. 2018-2019 жылдары мемлекет қаржысы есебінен Қызылорда қаласында Сырдария өзенінің сол жағалауын газдандыру, Жосалы және Тереңөзек кенттерінде автоматтандырылған газ тарату стансаларының құрылысы жүзеге асырылды. 2019 жылы «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның инвестициялық бағдарламасы аясында Қызылорда қаласындағы Қарауылтөбе елді мекені газбен жабдықталды.

Елді мекендерге «көгілдір отын» жетуімен халықтың тұрмыс тауқыметі азайып, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы жақсара бастады. Көптен күткен табиғи отынды пайдалануды бастағандар отын жарып, пешке от жағып, күл шығарудан қолы босады. Тұрғындардың қолы күстен, үйлері ыстан арылды.

Өткен жылы да аймақта газбен жабдықтаудың 10 жобасы жүзеге асырылды. Оған бөлінген 4,9 млрд теңгенің 3,5 млрд теңгесі республикалық, 975,9 млн теңгесі облыстық бюджет қаржысы болса, 462,2 млн теңгесі «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасынан бөлінді. Аталған бағдарлама шеңберінде 3 газбен жабдықтау жобасы жүзеге асырылды. Оның ішінде: Қазалы ауданындағы Ғ.Мұратбаев пен Шиелі ауданындағы Байсын ауылын газдандыру және Арал қаласының газдандырылмаған көшелеріне газ желісін тарту жүзеге асырылды.

Ал республикалық және облыс бюджеттер есебінен 3 газдандыру жобасы – Арал ауданындағы Жақсықылыш кенті, Сырдария ауданындағы Тереңөзек кенті, Жаңақорған ауданы Жаңақорған кентіндегі газдандырылмаған көшелерге тарту аяқталып, 4 газбен жабдықтау жобасы – Жосалы, Жалағаш, Қазалы кенті мен Шиелі ауданындағы Бекежанов ауылын газдандыру 2021 жылға өтпелі болып бекітілді. Осы жұмыстардың нәтижесінде 256,9 шақырым газ құбыры тартылып, 20 мыңнан астам тұрғын табиғи отынмен қамтылды. Облыстық газбен жабдықтау үлесі 65%-ке дейін көтерілді.

Былтырдан бері дүние жүзін шарлаған індет салдарынан әлем мемлекеттері алдын ала жоспарлап қойған көптеген жобала­рын кейінге қалдыра тұрып, қаржының біраз бөлігін денсаулық сақтау саласына бағыт­тағаны белгілі. Қазақстан  мемлекеті де осындай шаралардан тыс қала алмады. Дегенмен де, халықтың әлеуметтік жағдайын ойлаған ел билігі елді мекендерді газдандыру жұмыстарын жалғастырып келеді.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысы Руслан Нұрмағанбетов берген мәліметтерге сай  биыл өңірімізде 5 газбен жабдықтау жобасын жүзеге асыруға 3 млрд теңге бөлінген. Оның 2,2 млрд теңгесі республикалық, 297,6 млн теңгесі облыстық бюджет қаржысы болса, 557,5 млн теңгесі «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы есебіне кіреді. Бұл бағдарлама аясында Шиелі ауданындағы Қодаманов ауылы газбен жабдықталады. Республикалық және облыс бюджеттері есебінен 4 газдандыру жобасы – Жалағаш, Қазалы қаласы, Шиелі ауданындағы Бекежанов ауылы, Арал қаласындағы «АралСода» зауытына газ тарту жүзеге асырылмақ.

Елді мекендерді газдан­дырудың 5 жоба-сметалық құжат­тамасын Арал ауданындағы Сексеуіл кентіне және Шиелі ауданындағы Шоқай елді мекеніне АГТС орнату, Арал ауданындағы Сексеуіл кентіне, Қармақшы ауданындағы Төретам және Ақай елді мекендеріне, Жаңақорған ауданындағы Бірлік, Қыраш және Төменарық ауылдарына, Қызылорда қаласындағы Абай ауылына ауылішілік газ тарату желілерін салуға әзірлеуге және мемлекеттік сараптамадан өткізуге 64,7 млн теңге бөлінген.

2020 жылы Қызылорда қаласына қарасты Ақсуат ауыл­дық округі Наурыз, Махамбет елді мекендерін газбен жабдықтау жобасы әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Жобаның жалпы құны 5,5 млрд теңгені құрайды. Қызылорда қаласының сол жағалауда орналасқан елді мекендерді тұрақты түрде табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында жоғарыда көрсетілген жобада «Ақшабұлақ-Қызылорда» және «Бейнеу-Шымкент» ма­гистральдық газ құбырларын өзара байланыстыру (перемычка), бірінші автоматтандырылған газ тарату стансасын кеңейту және Нау­рыз, Махамбет елді мекендерін газдандыру қаралған. Осы жобаға сәйкес сол жағалаудағы Ақжарма, Талдыарал, Сабалақ, Аэропорт, Бесарық, Айдарлы, Аманкелді елді мекендерін газдандыруға арнайы бұрыптар қалдырылады.

ҚР Үкіметінің 2019 жылғы 6 маусымдағы №375 «Қы­зылорда облысын әлеуметтік-эко­номикалық дамытудың 2019-2022 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекіту туралы» қаулысына сәйкес Нау­рыз, Махамбет елді мекендерін газдандыру жұ­мыстары 2021-2022 жылдарға жоспарланған. Осы жылы жобаны бастауға республикалық бюджеттен 500 млн теңге қаралған.

Басқарма басшысы 2021 жылға межеленген жұмыстар атқарылуымен облыстағы газдандыру үлесі 67,4%-ке жететінін айтты. Өткен жылы Премьер-министр Асқар Мамин Энергетика министрлігіне республиканың газдандыру схемасын жандандыруды тапсырған болатын. Соған сәйкес облыс әкімдігі тарапынан аймақтағы елді мекендерді газдандыру бойынша тиісті ұсыныстар жолданған. Онда барлық ауданнның әрқайсысында бірнеше елді мекеннен газдандыру жобалары енгізілді.

– 2025 жылға дейін осы жоспарға сәйкес тиісті жұмыстар атқарылған жағдайда облыстың газбен жабдықтау үлесі қазіргі 65%-тен 75%-ке көтерілетін болады,– деді бұл жөнінде басқарма басшысы. Әлбетте соған сәйкес аудандардағы газдандыру үлесі біраз көтерілетін түрі бар. Мысалы, Арал ауданының көрсеткіші қазіргі 48,3%-тен 68%-ке жоғарыласа, Қазалы ауданында да дәл осындай өзгеріс орын алмақ. Ал Қармақшы ауданындағы қазіргі 0 көрсеткіші бірден 75%-ке көтерілмек. Жалағаш пен Сырдария аудандары да өз кезектерінде 0-ден 51%-ке және 42%-ке шығады. Шиеліде  49,1%-тен 75%-ке, Жаңақорғанда 34,7%-тен 50%-ке дейінгі өзгерістер орын алады. Ал облыс орталығының газдандыру үлесі қазіргі 93%-тен  98%-ке жететін болады.

Міне, осы қарқынмен алға баса беретін болса, 2030 жылы Қызылорда облысында газдандыру үлесі 100%-ті шамалап қала­ды деген болжам бар. Сол кезде мың шақы­рымдық жолды жүріп өткендей боламыз.

Ыдырыс Тәжіұлы,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<