Күріш орағы аяқталуға жақын

929

0

Облыста күріш орағы мәресіне таяп келеді. Жерден несібе терген еңбекшілер жақын күндері егін жинауды толықтай аяқтайды деген жоспар бар. Науқан барысын бақылаған мамандар орақты 15 қазанға дейін аяқтауды межелеген болатын.


Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, қазір диқандар 88479 гектар күріш егісіне орақ салды. Бұл жалпы көлемнің 98,9 пайызын құрайды. Орылған егістің 84845 гектары бастырылды. Орташа өнім гектарына 60 центнерден айналып отыр. Қамбаға 509 мың тоннадан астам күміс дән құйылды.


Жалағаш ауданының диқандары биыл егілген 21600 гектарды толықтай орып бітті. Енді екі-үш күннің бедерінде оны бастыру да аяқталып қалады. Орташа өнім гектарына 66 центнерден айналып отыр. Бұл – әзірге облыс бойынша ең жоғары көрсеткіш.


Одан кейінгі жоғары өнім Қармақшы ауданында тіркелді. Жергілікті диқандар гектарына 64 центнер өнімді қамбаға құйды. Ауданда биыл 13496 гектар күріш егілген еді. Бүгінге дейін егіс толықтай орылып, оның 94,1 проценті бастырылды.


Күріш егісі жөнінен алдыңғы орындарда келе жатқан Сырдария ауданы еңбекшілері орақты бүгін-ертең аяқтайды деп жос­парланып отыр. Бүгінде егілген 21925 гектардың 99 процентіне орақ түсіп, оның 98,1 проценті бастырылды. Орташа өнім – 61 центнерден.
Сондай-ақ, Шиеліде – 99,4, Жаңа­қорғанда 98,4 проценті орылып бітті.

Ал Қазалы ауданы мен Қызылорда қаласына қарасты шаруашылықтарда егін ору 93-95 процентті құрайды.


«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<