Тамыз айының да ортасына таяп қалдық. Демек, Сыр диқандары үшін шешуші маусымның басталар шағы келеді. Қазір бидай, жоңышқа ору жұмысы қызу жүргізілуде. Таяу күндері күрішке де орақ түседі.
Диқандар биыл да су тапшылығын айқын сезінді. Тығырықтан шығудың түрлі амалдары жасалып, егінді әртараптандыру өріс алды.
Қазір күріштің суын тарту қарекеті басталып кетті. Биыл барлық егілген 83,6 мың гектар күріштен бүгінгі күнге 11,1 мың гектарының суы байланған.
Су демекші, 9 тамыздағы жағдай бойынша «Шардара» су қоймасында 1,1 млрд текше метр ғана су бар. Оған жоғарыдан секундына бар болғаны 73,3 текше метр су түсуде.
Биыл өңірімізде барлығы 188,1 мың гектарға егін егілді. Оның ішінде 96,6 мың гектары дәнді, 6,7 мың гектары майлы, 66,4 мың гектары мал азықтық, 18,3 мың гектары картоп, көкөніс-бақша дақылдарын құрайды. Күріш көлемі азайтылғанымен, жалпы егіндік өткен жылмен салыстырғанда 3,9 мың гектарға артық игеріліп отыр.
Қазіргі уақытта ескі жоңышқаның екінші орымы аяқталуда. Орта өнім – гектарына 23,5 центнерден. Ал, 6677 гектар күздік бидай толығымен жиналып, 14,4 центнерден өнім айналды. Сондай-ақ, жаздық бидайдың 3917, арпаның 334 гектарына орақ түсіп, жаздық бидайдан 3592, арпадан 290 тонна өнім алынған.
Мамандар есебінше, күріш егісінің 75 проценті жақсы, 20% орта, 5% нашар деп бағаланып отыр.
«СБ» ақпарат





