Фиджи аралдарының бірінде бал айын өткізіп жатқан АҚШ азаматына қалыңдығын өлтірді деген айып тағылды, – деп хабарлайды Fox 13.
Басылым мәліметінше, ерлі-зайыптылар Ясава аралында бал айын өткізуді жоспарлаған, алайда олардың қуанышы көпке созылмаған. 36 жастағы Кристи Ченнің денесі қонақүй нөмірінен табылған. Полицейлер әйелдің өліміне күдікті ретінде 38 жастағы Брэдли Роберт Доусон есімді жұбайына айып таққан.
Ерлі-зайыптылар Мемфистегі Купер-Янг ауданындағы Эльзи-авенюдегі жаңа үйде тұрған. Көршілерінің айтуынша, марқұм Фиджи аралдарына бал айына баратынына қатты қуанып жүрген. Кристи Чен Доусон Теннесси университетін тәмамдаған және Kroger компаниясында фармацевт болып қызмет еткен. Ал оның жолдасы балаларға көмектесетін Youth Villages коммерциялық емес ұйымда IT-маман болып қызмет еткен, алайда жұмыстан шеттетілген.
Доусонның адвокаты өз қорғауындағы адамның әйелдің өліміне еш қатысы жоғын айтқан. Ер адамға ДНҚ тест тапсыруды және сот-медициналық сараптамадан өтуді талап қойылған, алайда ол оның бәрінен бас тартқан. Америкалық азамат 27 шілдеде Фиджи сотының алдында жауап беретін болады.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<