Кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова мемлекет және қоғам қайраткері, облыстың Құрметті азаматы Алмагүл Божановамен кездесіп, 75 жасқа толған мерейлі мерекесімен құттықтады.
Кездесуде облыс әкімі мерейтой иесінің Сыр өңірінің өркендеуіне қосқан үлесі мен ерен еңбегі жайлы айтып өтті.
– Ел, мемлекет ісіне ерте араласқан Алмагүл Божанқызының атына қандай мақтау айтсақ та, жарасымды. Ол биліктің биік баспалдақтарынан абыройлы өтіп, Тәуелсіздік жылдарында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына бар ынта-жігерімен қызмет етті. Шын мәнінде, оның Сырдария ауданына басшылық жасаған уақыты тәуелсіздіктің алғашқы қиын кезеңдерімен тұспа-тұс келген күрделі жылдар болатын. Туған жеріндегі табанды еңбегінің нәтижесінде Сырдария ауданы сол жылдары облыста үздіктер қатарынан көрінді, экономикалық көрсеткіштер бойынша көш бастады. Сіздің ізгілікке толы жарқын ғұмырыңыз – кейінгі жастарға үлгі-өнеге болатындай ғибратты жол. Мерейтойыңыз құтты болсын, – деді облыс әкімі.
Алмагүл Божанова 1946 жылы Тереңөзек кентінде дүниеге келген. Еңбек жолын Шаған ауылында балабақша меңгерушілігінен бастаған. Комсомол және партия комитеттерінде жауапты қызметтер атқарған. Тереңөзек ауданының әкімі қызметінде халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, ауыл шаруашылығы саласын көтеруге баса назар аударды. Облыстық мәслихат хатшысы қызметінде де ерекше қарым-қабілетін көрсетіп, атқарушы органдармен бірге аймақтың даму жолында еселі еңбек етті. «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары болған уақытта да билік пен халық арасында ашық диалог орнатып, саяси ұйымның рөлін күшейтуге бар күш-жігерін жұмсады. Қазіргі таңда қоғамдық бағытта игі істер атқарып келеді.
Кездесуде аймақ басшысы мерейтой иесіне ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың құттықтау хаты мен өңірдің ең жоғары наградасы – облыстың Құрмет грамотасын табыстады және дәстүрге сай қамзол кигізіп, құрмет көрсетті.
Жылы жүздесуде мерейтой иесінің замандастары, еңбек ардагері Қорғанбек Қайруллаев, облыстық әйелдер кеңесінің төрайымы Райкүл Байназарова сөз алып, Алмагүл Божанқызының қазақ қызына тән қайсарлығы мен еңбектегі ерлік істері жөнінде жылы естеліктер айтып, лебіздерін білдірді. Мерейтой иесі аймақ басшысына, ел азаматтарына алғысын айтты.
Айнұр Батталова,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<