Медициналық сақтандыру қорына жаңа басшы тағайындалды

962

0

Болат Төкежанов Медициналық сақтандыру қорының басшысы болып тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Болат Тұрғанұлы Төкежанов ҚР Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Басқарма төрағасы болып тағайындалды. Бүгін Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Болат Төкежановты қор ұжымына таныстырды.

«Болат Тұрғанұлы денсаулық сақтау жүйесінде тәжірибесі мол, саладағы ең маңызды реформаларды жүзеге асыруға тікелей қатысқан, барлық проблеманы іштен жақсы біледі. Бұл өте құнды тәжірибе, өйткені медициналық сақтандыру қорының халыққа арналған медициналық көмекті стратегиялық сатып алушы ретінде және МӘМС пен ТМККК пакетінің қаржылық операторы ретінде ерекше мәртебесі бар. Барлық процесті – сатып алу мен медициналық көмекті қаражыландыру ісін ашық және жүйелі жүзеге асыру керек. Қазір еліміздің денсаулық сақтау саласы қиын кезеңді бастан өткізіп отыр, бұл ретет коронавирусқа қарсы күрес шараларының шығынын өтеуде сақтандыру қорының рөлі өте маңызды», – деді министр А. Цой.

Министр бұл тағайындаудың артында үлкен жауапкершілік тұрғанын және Мемлекет басшысы қойған міндеттерді қысқа уақытта орындау қажеттігін де атап өтті.

Болат Төкежанов 1972 жылы 19 шілдеде Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген.

1994 жылы Қазақ Мемлекеттік басқару академиясын «Экономист» мамандығы бойынша бітірген.

2010 жылы ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ұлттық мемлекеттік саясат мектебінде мемлекеттік және жергілікті басқару магистрі дәрежесін алды. АҚШ, Солтүстік Каролина штатының Дарем қаласындағы Дьюк университетінің Сэнфорд қоғамдық саясат мектебінде, сондай-ақ, Сингапурдағы Ли Куан Ю атындағы ұлттық университеттің мемлекеттік саясат мектебінде оқыған.

Болат Төкежанов Қазақстанның салық қызметі жүйесінде жұмыс тәжірибесі бар, Шығыс Қазақстан облысындағы денсаулық сақтау ұйымдарын басқарды. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінде басшылық қызметтерді атқарды.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің вице-министрі, жауапты хатшысы болып жұмыс істеді.

«Құрмет» орденімен марапатталған, ҚР Денсаулық сақтау үздігі. Үйленген, үш бала тәрбиелеп отыр.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<