Мерейлі жылдың ризығы мол болғай

504

0

Сыр диқандары шешуші науқанға кірісіп кетті. Басты дақыл – күрішке орақ түсіп, биыл дәстүрлі шара Жалағаштың «Таң» шаруашылығында ұйымдастырылды. Салтанатты рәсімге облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова, ҚР Парламенті Сенатының депутаттары М.Бақтиярұлы мен А.Әлназарова, Мәжіліс төрағасының орынбасары Б.Кесебаева және ардагерлер, аймақтағы шаруашылық төрағалары қатысты.

Шара барысында облыс әкімі «Таң ЛТД» серіктестігінің жүгері егілген алқабына барып, ауыл шаруашылығы саласындағы әртараптандыру бағытында ма­ман­дармен пікір алмасты. Кез­десуде Сыр диқандарының еңбе­гін ерекше атап өтіп, ақжарма тілегін білдірді.

– Биыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесімен атақты диқан, дала академигі, ақ күріштің атасы Ыбырай Жақаевтың 130 жылдық мерейтойы қатар келіп отыр. Сондықтан, биыл жиналатын ел астығына облыс егіншілері барынша үлес қосады деп сенемін. Ел несібесін төкпей-шашпай жинап алуымыз қажет. Қамбаларыңыз астыққа толсын, қырмандарыңыз тасысын. Еліміз тыныш болып, ырыс-несібеміз молая берсін, – деді облыс әкімі.

«Таң ЛТД» ЖШС 2003 жылы құрылған. Ауыл халқының басым көпшілігі осында жұмыс істейді. Серіктестік 2014 жылы облыста бірінші болып «Бораншы» учаскесінде 10 гектар жерге там­шылатып суару арқылы картоп екті. 2019 жылы тұқым шаруашылығы статусын алды.

– 3 жарым мың гектар жерге күріш егілді. Енді гектарына 70 центнердің үстінде аламыз деген болжам бар. Былтырға қарағанда шығымы да жақсы. Судан аздап тапшылық болды, бірақ дер кезінде суға бастырып үлгердік. Әртараптандыру мақсатында 100 гектар бидай, 70 гектар жүгері егілді. Жыл сайын техника жаңартылып отыр. Шаруашылық жоғары өнім алып, облыста алдыңғы қатардан көрініп келеді, – деді «Таң ЛТД» ЖШС бас агрономы Ербол Ақбергенов.

Нақты көрсеткіштерге тоқ­талсақ, өңірде 188,1 мың гектар ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Күріштің көлемі 83,6 мың гектар. Су тапшылығына байланысты күріш алқабының көлемі былтырғыдан 5,9 мың гектарға дейін азайды. Бірақ оның орнына суды аз қажет ететін мал азықтық және майлы дақылдар орналастырылды. Бұған қосымша картоп, көкөніс, бақша дақылдары да бар. Жалпы өткен жылмен салыстырғанда егін көлемі 9,8 мың гектарға дейін артып, 3,9 мың гектарға ұлғайған.

Басты дақылдан жоғары өнім алу өте маңызды. Сол мақ­сатпен күріштікке 100 процент жоғары репродукциялы тұқым себіл­ген. 71,9 мың гектар егінге тыңайт­қыш беріліп, 69,2 мың гектары арам шөптерге қарсы өңделді.

Қазір күріш атыздарының суы тартылып жатыр. Арнайы кесте бойынша 67,6 мың гектар немесе 80 проценттен астам күріш атыздарының суы байланды. Облыста бидай, арпа, сұлы дақылдарын жинау аяқталса, мақсары, картоп, көкөніс, бақша, жүгері дақылдарын жинау жұмыстары әлі жүріп жатыр.

Егіншілерге ең қажеттісі – жаймашуақ ауа райы. Ал науқан кезінде мамандар болжамы бойынша ауа райы қолайлы болмақ. Осыған сәйкес аймақта жиын-терімді 10 қазанға дейін аяқтау жоспарланған.

Жалағаш ауданына жұмыс сапарында облыс басшысы Таң ауылдық округіндегі атқарылған жобалармен де танысты. Оның бірі – ет өңдеу цехы. Екі жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан шағын өндіріс орнында күніне 5 мүйізді ірі қара сойылады. Цех жұмысын көрген өңір басшысы өнімнің қауіпсіздігі мен сапасына назар аударуды тапсырды.

Мұнан соң облыс әкімі орташа жөндеуден өткен Орынбай жырау көшесін көрді. Мамыр айында басталған асфальт төсеу жұмыстары шілдеде аяқталған. Елді мекенде барлығы 14 көше болса, оның 8-і қалыпқа кел­тірілген. Сонымен қатар, осы көшеде орналасқан №118 орта мектеп ғимараты да күрделі жөндеуден өтіпті. Есік-терезелері, едені толық ауыстырылып, су, кәріз, электр жүйелері жаңар­тылыпты. Мектеп ауылдағы шәкірт­терді қабылдауға дайын тұр. Аймақ басшысы мектеп басшы­лығына оқу процесіне әзір­лікті тағы бір пысықтауды, сани­тарлық-дезинфекциялық шара­ларды толық орындауды тапсырды.

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова жұмыс сапарымен Қармақшы ауданына да барды. Алдымен Дүр Оңғар ауылындағы орталық алаңның салтанатты ашылу рәсіміне қатысты.

Орталық алаңның құрылысын «Жаңажол» ЖШС жеке қаражат есебінен жүргізген. Жоба құны – 250 млн теңге. Бұл жерде арка, стела, субұрқақ, балаларға арнал­ған спорттық ойын алаңы, сауда дүкені орналасқан.

– Ауылдың ішінің ажарын келтіріп, келген қонақтар таң­данатындай жұмыстарды қолға алдық. Орталық алаң салып, ортасына бес жұлдызды стеланы тұрғыздық. Оның салыну тарихы тым әріде. Ол 1930 жылы біріккен бес шаруашылықты білдіреді. Бес жұлдызға неге тірелді десеңіз, осы ғана. Бес шаруашылықтың ұйыған айрандай бүгінге дейін бейбіт еңбек етуі. Ең ұшар басындағы алақан бейнесінің үстіне «Жаңажол» ЖШС логотипін орналастырдық. Жан-жағындағы әуенді субұрқақ, тамаша аллея, сауда орындарын өздеріңіз де көріп отырсыздар. Шаруашылық бұған қомақты қаржы қарастырды. Ал одан бөлек, осы алаң жанынан спорт кешенін салу жоспарымызда бар, – дейді шаруашылық төрағасы Орынбасар Төлепов.

Шаруашылық биылғы нау­қанды да тамаша жетістікпен аяқтаймыз деп отыр. Осы жылы 3 мың гектарға жуық күріш еккен. Орта есеппен гектарына 70 центнерден өнім алу межеленген. 400 адамды жұмыспен қамтыған серіктестікте орташа айлық 100 мың теңгенің үстінде екен.

Мұнан соң облыс әкімі аудан орталығы – Жосалы кентінде орналасқан ҚР Мемлекеттік рәміздер алаңының ашылу рәсіміне қатысып, тұрғындарды құттықтады.

– Биыл Тәуелсіздігіміздің 30 жыл­дық мерейтойын атап өтуде­міз. «Біз тәуелсіздікке аңсап, зары­ғып жеттік. Енді сол тәуелсіздік­тің қасиетті белгілерін де ерекше қадірлеуіміз, қастерлеуіміз керек» деп Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқан болатын. Сондықтан, бүгін киелі Қармақшы жерінде көк байрағымызды биікке көтеріп, Мемлекеттік Рәміздер алаңы ашы­лып отыр. Тәуелсіздігіміз баян­ды, бірлігіміз бекем болсын! Көк туымыз көкте мәңгі желбірей берсін! – деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Аймақ басшысы салтанатты шарада өнер көрсеткен, халық­аралық және республикалық жыр­шылар байқау­ларының жүлдегері, Елбасы қолынан домбыра алған жас өнерпаз Арай Оңғарқызына сый-сияпат жасады.

Айта кетейік, Рәміздер ала­ңының құрылысын жүргізген бас мер­дігер – «SILK ROAD CONSTRUCTION» ЖШС. Құрылыс жұмыстары биыл мамыр айында басталып, тамызда пайдалануға беріліп отыр.

Айта кетейік, облыстың бірқатар аудандарында басты дақыл – күрішке орақ түсіп, дәстүрлі шаралар ұйымдас­тырылды.

Ержан ҚОЖАСОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<