Мобильдік топ: әр минут маңызды

1643

0

Әлемді дүрліктірген пандемияның әлегі бір бөлек, елде пневмония мен тұмау өршіді. Дертіне дауа іздеп, жедел жәрдемге хабарласатындардың да саны күрт өсті. Қазір облыстық жедел жәрдем станциясына бір күнде екі мыңға жуық адам қоңырау шалады. Шақырту көп. Дәрігердің міндеті – шұғыл жету, дереу көмек көрсету. Сондықтан қалалық емханалар мобильдік топтарды іске қосты.

Мобильдік топтың қызметі тегін бе, қанша дәрігер қалай қызмет көрсетеді? №6 қалалық емханаға осыны білу үшін арнайы барған едік. Мобильдік топтың дәрігерлері мұндай жұмыс уақытында емханада болмайды, әрине. Таңертең 8.00-ден бастап, үй-үйді аралап, науқастарға жылдам жетудің жолын қарастырады. Бірақ мұнда тұрғындардың ша­қыртуын қабылдайтын Call-орталық орналасқан. 40-01-68 нөміріне хабар­ласқандардың қоңырауы осында түседі.

Бесінші қабатқа көтерілдік. Call-орталыққа кіргенімізде опера­торлардың бізге мән беріп, ұзақ сөйлесуге уақыты болмайтынын бірден аңғардық.

– Алло, сәлеметсіз бе!  Сізді тыңдап тұрмыз. Алдымен науқастың аты-жөнін, жеке сәйкестендіру нөмірін айтып жібересіз бе? 

– Қандай шағыммен хабар­ластыңыз? Үйдің мекен-жайы, байланыс нөміріңіз қандай? Науқас соңғы уақытта сырқат адамдармен байланыста болды ма, өзге аймақтарға жол жүріп келді ме? Сәл күте тұрыңыз, мобильдік топ дәрігері сіз көрсеткен мекен-жайға барып, алғашқы көмек көрсетеді.

Бұл – оператор Әйгерім Дербешованың орталыққа хабар­ласқан тұрғынмен сөйлесу кезіндегі диалогынан үзінді. Төрт оператор да әр қоңырауға жауап бергенде, науқастың жағдайымен қатар байланыс нөмірін, мекен-жайын әбден нақтылады. Қате дерек дәрігердің де, басқа сырқаттардың да уақытын алатыны белгілі.

Мұнда күніне 200-220 қоңырау қабылданады. Ең бастысы, мобильдік топ тұрғындарға тегін қызмет көрсетеді. Олардың басты міндеті – тұмау, пневмония, коронавирус инфекциясы, ЖРВИ белгілері бар пациенттерге бару, диагноз қою үшін медициналық тексеру жүргізу.

Биыл 21 наурызда №6 қалалық емханада осы мақсатта 4 мобильді топ құрылған еді. Әрқайсына жауапты дәрігермен қатар, 4 тәжірибелі жүргізуші, 4 автокөлік бекітілген.

Емхана бүгінде 65 214 тұрғынға қызмет көрсетеді. Иә, медициналық мекемеге қарасты аумақ үлкен. «Шұғыла», «КБИ» шағын аудандары, Коммунизм, Абай ауылы тұрғындары да емханадан медициналық көмек алады. Сондықтан әрбір мобильдік топқа белгілі бір аумақ бекітілген.

– Мобильдік топ 12 сағат бойы тұрғындар айтқан мекен-жайға барып, алғашқы көмек көрсетеді. Медицина қызметкерлерінің төртеуі де – жалпы тәжірибелік дәрігерлер. Шақыртулардың 90 проценті салқын тию, дене қызуының көтерілуі, құрғақ жөтел, әлсіздікке байланысты болып отыр. Мониторинг жасау барысында олардың 70 процентіне ЖРВИ, 20 процентіне пневмония диагнозы қойылғаны анықталды. Егер науқастың жағдайы ауыр болса, кезекші ауруханаға жеткізеді. Ал жағдайы тұрақты, өздігінен жүре алатындай халде болса, емханаға келіп, өкпені шолу рентгенограммасына түсуге шақырады. Қазір мұндай 100 адамның шамамен 85-нен пневмония анықталып отыр. Арнайы бұйрыққа сәйкес, мұндай науқастарға дәрі тегін беріледі. Айта кету керек, қазір дәрі қоры жеткілікті, – деді бас дәрігердің емдеу ісі бойынша орынбасары Нұргүл Жалғасбаева.

Егер науқаста коронавирус инфекциясының белгілері байқалса ше? Онда емхана жанындағы орталықта ПТР тест тапсыруға да мүмкіндік жасалған. Арнайы бекітілген медбике жұтқыншағы мен мұрыннан жұғынды алып, талдама жасау үшін «Олимп» немесе «Invivo» зертханаларына жібереді. Бастысы, ПТР тест емханаға тіркелген пациенттер үшін тегін жасалады.

Қазір науқаспен қатар, медицина қызметкерлерінің де денсаулығы аса маңызды. Олар бір күнде алпысқа жуық тұрғынның үйінде болып, алғашқы көмек көрсетеді. Көрінбейтін жаумен күрестің алғы шебінде жүрген дәрігерлердің қалай қорғанатынын да сұрағанбыз. Бас дәрігердің орынбасары мобильдік топ мамандары бір реттік қорғаныш костюмдерімен қамтылғанын атап өтті.

Төрт мобильдік топтың көмегі осынша тұрғынға жеткілікті ме деген сұрақ та оқырманды ойландыратыны белгілі. Айта кету керек, 4 мобильдік топтан бөлек, емханада 3 жедел жәрдем тобы бұрыннан жүрек аурулары, қан қысымы, қант диабетімен есепте тұратын науқастарға барып, көмек көрсетеді.

Айта кету керек, емханада операторлар қай тұрғынның да қоңырауын жауапсыз қалдырмай, дереу тіркеп, дәрігерге хабарлауға асығатынын білдік. Осындай қарбалас уақыт, күрделі кезеңде қаланың бір қиырында науқасқа асыққан мобильдік топ дәрігеріне барып, уақытын алуды жөн көрмедік. Өйткені олардың әр минуты маңызды, адам өмірімен байланысты. Тек біздің және тұрғындардың қазіргі міндетіміз әрі көмегіміз – карантин талаптарын сақтау, өзіміздің де, жақындарымыздың да денсаулығына жауаптылық таныту болып тұр.

Аймақта үйде ем алушыларға қосымша көмек беру мақсатында 50-ден астам дәрігерлік мобильдік топтар құрылды. Олардың жұмысын үйлестіру үшін әкімдіктер тарапынан қызметтік автокөліктер бөлінген.

Осындай мобильдік топтар Қызылорда қаласындағы №1 емхана жанынан да қызметін жүргізе бастады. Бұл жұмыс 1 шілдеден бастап қолға алынған. Еліміздің денсаулық сақтау министрлігінің талабы бойынша шілде айының алғашқы күндерінен емханалар жанындағы күндізгі станционар бөлімдері жабылған.

– Аталған түйткілді мәселені шешу мақсатында тиісті орындарға ұсыныс жасалды. Нәтижесінде мобильдік топтардың қызметін пайдалана отырып, үйде ем алып жатқан науқастардың денсаулығын түзеуге назар аударып отырмыз. Біздің емханада осы мақсатта бес топ жасақталған. Дәрігерлер халықтың сұранысына сай қызмет атқарып келеді. Қазір әр бригадаға тәулігіне 30-35 шақырту түседі, – деді емхананың бас дәрігері Рахима Сералиева.

Шақыртулар арқылы олардың қандай аурумен сырқататтанғаны нақтыланады. Сол арқылы дәрігерлер тиісті ем-дом жүргізеді. Атап айтқанда, бүгінде емхана дәрігерлері үйінде ем алып жатқан коронавирус инфекциясының симптомсыз түрін жұқтырған 80-ге тарта адамға қадағалау жасайды. Қазірге дейін олардың 60-тан астамы емін толық алды.

Бас дәрігердің айтуынша, емханада маман тапшылығы байқалып отырған жоқ. Десе де, қыркүйек айында олардың қатары жас мамандармен толығады деп жоспарланып отыр. Сондай-ақ, мектептердегі мейірбикелер емхана қызметін жүргізуге көмекке келді.

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<