Облыста мемлекеттік индустрияландырудың ІІІ бесжылдығында 46 жоба іске қосылады

575

0

Тәуелсіздік алған жылдардан бері Сыр елі индустриалды-аграрлық өлкеге айналып, өңірде 400-ден аса шағын және орта өнеркәсіптік кәсіпорындар құрылды. Егемендік алған жылдары өңір экономикасына 4 трлн. теңгеден астам инвестиция тартылды. Нәтижесінде, өнеркәсіп өндірісінің үлесі 30 пайызға дейін артты. Облыста кәсіпкерлік саласы да жанданып келеді. Мәселен, биыл «Бизнестің жол картасы 2025», «Еңбек» мемлекеттік бағдарламалары аясында және «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығы арқылы 3054 жобаға қолдау көрсетіліп, қаржыландыруға ие болған.

– Соңғы 15 жылда облыста кәсіпкерлік субъектілерінің саны – 3,6 есеге, жұмыспен қамтылғандар саны – 2,5 есеге, өндірілген өнім көлемі – 7,4 есеге ұлғайды. Ал жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлердің саны өткен жылмен салыстырғанда 6,5%-ға артқан. Кәсіпкерлік саласын дамыту бағытында мемлекеттік қолдау шаралары мұнымен шектелмей, алдағы уақытта кеңінен іске асырылатын болады, – деді облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Фердоуси Қожабергенов.

Облыста мемлекеттік индустрияландырудың ІІІ бесжылдығында 46 жоба іске қосылады

Биыл құны 45 млрд. теңгені құрайтын 4 жобаның екеуі орындалды. Атап айтсақ, аймағымыздағы ірі стратегиялық жобасы шыны зауыты мен Сырдария ауданында ашылған қуаттылығы 630 тонналық күріш өңдеу цехы. Жалпы 2010 жылдан бастап мемлекеттік индустрияландыру бағдарламасы аясында құны 82 млрд. теңгені құрайтын 17 жоба іске асты. Ал ІІ бесжылдықта өңірде 9 жоба қарқын алып, төрт жаңа өнім шығарылды. Алдағы уақытта аталған бағдарламаның ІІІ бесжылдығында 46 жобаны іске қосу көзделуде. Бұл өңірімізде 7 мыңнан аса жұмыс орнын ашуға ықпал етеді.

– Егеменді ел атанған 30 жыл ішінде Сыр елі барлық салада қарқынды дамып келеді. Әсіресе, индустрия саласында ауқымды жобалар іске қосылып, өнім көлемі айтарлықтай ұлғайды. Көршілес және шет мемлекеттерге өзімізден шығарылған өнімдер экспортталды. Мәселен, құрылыс индустриясы саласындағы алғашқы кәсіпорынын бірі – «Компания Гежуба Шиелі цемент» зауыты 2 млн. тонна өнім өндіріп, көршілес Өзбекстанға экспортталды. Айта кетейік, биыл бұл зауыт 1 млн. тонна цемент шығарып, толық өндірістік қуаттылыққа қол жеткізді. Сонымен қатар, «Құмкөл» мұнай-газ кен орны ашылғаннан бастап отыз жыл ішінде шамамен 210 млн. тонна мұнай және 20,6 млрд. текше метрден аса газ өндірілді. Бүгінде облыстағы 35 мұнай және газ кен орнында 22 мұнай компаниясы жұмыс істейді. Бұл саланың ел экономикасына тигізер әсері орасан зор, – деді облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ринат Сұлтангереев.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<