Өзбекстанда пияз өнімділігінен рекорд орнады

314

0

Фото: Өзбекстан Ауыл шаруашылығы министрлігі

Өзбекстанның Жызақ облысында тұратын шаруа бір гектардан 150 тонна пияз алып, осы көкөніс түрінің өнімділігі бойынша жаңа рекорд орнатты, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі. 

Өзбекстан Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегі бойынша, қазір әлемде 4,5 млн гектар жерде 92,1 млн тонна пияз өсіріледі. Орташа өнімділік – бір гектардан 19,3 тонна. Пияз өсіруден әлемде көш басында тұрғандар – Қытай, Үндістан, АҚШ пен Иран.

Өзбекстанда шаруалар өнімділігі жоғары сорттарды, дән мен көшет өсірудің жетілдірілген технологияларын, сонымен қатар тамшылатып және спринклерлік суару жүйесін пайдалану арқылы ауыл шаруашылығы өнімдерінің түсімін арттырады.

«Жызақ облысы Заамин ауданы Чорвадор ауылындағы шаруа қожалығының жетекшісі Бахтиёр Мирзаев биыл тік құдық қазып, өз алқабына тамшылатып суару технологиясын енгізді. Нәтижесінде бір гектардан 150 тонна өнім алды, бұл – абсолют рекорд», – деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігі.

«Біз биылғы жетістікпен тоқтап қалмаймыз, келесі жылы ғалымдармен бірлесіп, бір гектардан 160 тонна өнім алуды жоспарлап отырмыз. Алдағы үш жылда гектарынан алынатын өнім мөлшерін 200 тоннаға жеткіземіз деген мақсат қойдық», – деп толықтырды шаруа Бахтиёр Мирзаев.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<