№13 қаулының орындалуы қалай?

1075

0

Өңірде бас санитариялық дәрігердің шешімімен №13 қаулы қабылданып, 18 мамырдан бастап карантиндік шектеулерге өзгертулер мен толықтырулар енгізілгені белгілі. Ол бойынша бірқатар нысандар мен мекемелер жұмысқа қосылды. Бірақ қызмет барысында санитарлық-дезинфекциялық шаралары қатаң сақталып, шектеулі жұмыс уақытымен ғана рұқсат етілді.

Атап айтқанда, бүгінде балабақша­лардың кезекші топтары, мәдениет және спорт нысандарының жұмысы, онда да жұмысшылар мен спортшыларды қосқанда 50 адамнан аспауы тиіс, халыққа қызмет көрсету орталығы, оның жұмысы 10.00-ден 17.00-ге дейін, ломбардтар, көлемі 500 шаршы метрден асатын азық-түлік емес нысандар мен базарлар. Олардың жұмысы да 10.00-ден 17.00-ге дейін. Сонымен бірге  10.00-ден 20.00-ге дейінгі уақытқа қоғамдық тамақтану орындары мен жазғы алаңдары бар тамақтану нысандары іске қосылды. Оларда да келушілер саны бір мезетте 30 адамнан аспауы тиіс. Сондай-ақ, қонақ үйлер, туристік фирмалар, авиа, темір жол кассалары, темір жол вокзалы шаруашылығы, вагон жөндейтін, техни­калық қызмет көрсететін бөлім­шелер мен мердігерлік ұйымдар, ғимарат көлемінің 30 процентін ғана толтыра отырып, санитарлық талаптарды сақтау шартымен діни құлшылық жасау нысандары және тағы басқалар жұмыстарын бастады.

Бұл орайда қалалық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің  мәліметтеріне сүйенсек, осы күні облыс орталығында 605 қоғамдық тамақтану нысаны, 81 жазғы алаңы бар қоғамдық тамақтану нысаны, көлемі 500 шаршы метрден асатын бөлек тұрған азық-түлік емес тауарлар сататын 93 нысан мен базар, 2365 қалаішілік такси қызметі, 46 қонақ үй, 22 туристік фирма, авиа және темір жол кассалары, 17 стандарттау және сертификаттау қызметі мен 41 қаржылық қызметтер және сақтандыру саласындағы қосалқы қызметтер, 62 ломбард, барлығы 3332 нысан жұмыстарына қосылған.

Облыс бойынша халыққа қызмет көр­сету орталықтары да жұмысын қайта жандандырып, жаңа форматта қыз­мет көрсете бастады. Атап айт­қанда, азаматтар орталықтан тек «қағаз жүзіндегі»  және онлайн түрде рәсім­делген қызметтердің нәтижелерін ала алады. Бұл ретте қызметтерді тек алдын ала жасалған броньдау арқылы алуға болады. Орталыққа кезек уақытын egov.kz порталы мен Telegram-Bot қосымшасы арқылы немесе 1414 нөміріне қоңырау шалу арқылы белгілеуге болады. Осы орайда «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ облыстық филиалының директоры Айдын Қайруллаев алғашқы жұмыс күні ХҚО-ларда 2359 мемлекеттік қызмет көрсетілгенін, олардың 50 проценттен астамы алдын ала броньдау арқылы қам­тамасыз етілгенін айтты.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, аймақтағы мешіттер де арнайы сани­тар­лық талаптарды сақтай отырып жұмысын бастады. Мешітте жеке құл­шылық жасауға, Құран оқытуға және неке қидыруға рұқсат етілген.

–    Карантин ережелерін сақтай оты­рып, мешітте жекелеген түрде намаз оқуға рұқсат етілді. Жамағатпен намаздар оқылмайды. Сондай-ақ, мұнда 15 минуттан артық болуға болмайды. Әр үш сағат сайын залдар залалсыздандырылып отыр. Ал Құран оқыту бөлмесінде 10 адамнан артық кіргізілмейді. Кіріп-шығу есіктері бөлек. Тағы ескере кететіні, неке қидыруға келуші мұсылмандармен тек куәгерлер ғана болуы шарт. Мешітке келушілер міндетті түрде бетперде тағуы қажет. Антисептик құралдарын пайдаланып, 1,5 метр арақашықтықты сақтау міндеттеледі. Сақтық ережелеріне байланысты қол алып амандасу құпталмайды,– деді ҚМДБ-ның облыс бойынша бас имамы Болатбек Абуов.

Осы орайда айта кету керек, №13 қаулыда нақтыланғандай, бесінші кезең бойынша қалған нысандар мен мекемелер жұмысы 25 мамырдан бастап іске қосылатын болады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<