Өңірлік коммуникациялар қызметінде Арал ауданының әкімі Серік Сермағанбетовтің қатысуымен брифинг өтті. Онда ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, ҚР Президенті Жолдауынан туындайтын міндеттер мен алдағы жоспарлар сөз болды.
Аудан әкімі алдымен қуаңшылыққа байланысты атқарылған жұмыстарға тоқталды. Ауданда бүгінге дейін жалпы саны 597 бас мал өлімі тіркелді. Өңірде қалыптасқан күрделі ахуалды тұрақтандыру мақсатында 4 рет аудандық төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі комиссия отырысы өткізіліп, 12 шілдеден бастап Арал ауданының аумағында төтенше жағдай режимі күшіне енді. Соған сәйкес тиісті шаралар қолға алынып, қуаңшылық салдарын жою бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды.
– Биылғы төлді қоса есептегенде және алдағы қыста даладағы барлық мал қолға ұсталатынын ескере отырып, ауданға қажетті шөп көлемі 205822 бас малға 180 күнге 184640 тонна. Қазіргі таңда, ауданға сырттан тасымалданған шөптің есебі 118913 тонна болса, өткен жылдан қалған шөп көлемі 4512 тоннаны құрайды. Ал, аудан территориясынан орылған шөптің көлемі 41098 тоннаға жетіп отыр, яғни, бүгінгі күнге ауданға қажетті 184640 тоннаның 164523 тоннасы қамтамасыз етілді. Әлі де шөп қорын молайту бағытында шаралар қабылдануда, – деді аудан әкімі.
Сонымен қатар, облыстық бюджеттен бөлінген 250 млн теңгеге Қызылжар елді мекені тұсындағы «Бектау» және «Дің» каналдарының арнасы ұлғайтылып, су тоспасының құрылысы аяқталған. Аманөткел елді мекеніндегі «Бұрмақұлақ» учаскесінде дария арнасы бөгелді. Бұдан бөлек, мал суару және жайылымдық жерді суландару үшін Мергенсай, Ақбасты елді мекендерінен су ұңғымалары қазылып, пайдалануға берілді.
Жем-шөп тасымалына облыстың жергілікті резервінен бөлінген 49,5 млн теңгеге 247,5 тонна жанармай қоры жасақталып, округтегі жеке шаруашылықтарға үлестірілуде. Бүгінгі күнде 223,5 тонна дизель отынымен 14270 тонна шөп сырттан тасымалданды.
– Сондай-ақ, шаруа қожалықтардың есебіндегі мал басына төленетін жем-шөптік азыққа субсидияға ауданнан 236 өтініш жолданып, оның 167-сі қаржыландыруға қабылданған. Ал, қалған 69 өтініш резервке алынып, қаржы мүмкіндіктеріне сәйкес жыл аяғына дейін өтеледі. Бұған қоса, аудандағы төтенше жағдайға байланысты алаңдаушылық білдірген жерлесіміз, қоғам қайраткері, меценат Болат Өтемұратовтың қорынан 280 млн теңге қаржы бөлінді. Аталған қаржыға Қостанай және Ақтөбе облыстарынан қажетті жем тасымалданды. Бірінші кезекте аудандағы аз қамтылған тұрмысы төмен отбасыларға жергілікті жердегі қоғамдық кеңестің шешімімен күтімде 5-6 ірі қара және 10 басқа дейінгі уақ малы бар 5478 отбасыға 1331 тонна жем таратылып берілді, – дейді С.Сермағанбетов.
Сонымен қатар, аталған қаржы аясында Аманөткел елді мекеніндегі «Аспай» су ағытқысы іске қосылып, 2 селолық тұтыну кооперативіне ауыл шаруашылығына қажетті техникалардың алғашқы легі табысталған. Қазіргі таңда Беларан ауылдық округінде «Жыңғылды қақ» мал жайылымдылық алқабына су ұңғымасын қазуға қаржы қаралған. Қазір мердігер белгіленіп, қазу жұмыстары басталуда. Бұған қоса Құланды және Тастүбек елді мекендерінің ауызсу мәселесі ескеріліп, арнайы су таситын 2 көлік алуға қаржы бөлінді. Бүгінгі таңда Құланды ауылдық округіне тиесілі автокөлік табысталса, екінші автокөлік таяу күндері беріледі деп жоспарлануда. Бұдан бөлек малға қажетті жем-шөп бағасының тұрақтылығын сақтау мақсатында аудан орталығында әр сенбі сайын ауылшаруашылық жәрмеңкесі ұйымдастырылып келеді.
Аудан әкімі Серік Сермағанбетов «Индустриялық-инновациялық даму» мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде 104,4 млрд теңгеге 1379 адамды тұрақты жұмыспен қамтитын 9 жоба жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.
– «Арал сода» ЖШС-ның кальцийлендірілген сода зауыты құрылысы аймағына тиісті инфрақұрылымдар жеткізілуде. Жоба құны – 93,5 млрд теңге. Бұдан бөлек, «Жак-Нур» ЖШС-ның титан өндіру бойынша кен байыту комбинаты құрылысы 2022 жылы басталады. Құны 3,3 млрд теңгелік, 200 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін жоба аясында кен орнын барлау жүргізілуде. Сондай-ақ, «Аралтұз» АҚ-ның үшінші испан цехы желтоқсан айында толық іске қосылады. Жоба құны – 2,9 млрд теңге, жұмыс орындары – 200 адам, – деді аудан әкімі.
Бұдан бөлек, ауданда «Қазақстан Аквакультура ЛТД» ЖШС-ның балықты тереңінен қайта өңдеу зауыты мен пластикалық қайық жасау цехы, «Qazaq Camel» ЖШС-ның түйе сүтінен құрғақ ұнтақ дайындау цехы, «Арал» Сервистік дайындау орталығы» ЖШС-ның тауарлы балықты өсіру және тереңнен өңдеу кешенін кеңейту, «Aral Quartz» ЖШС-ның кварц құмын байыту бойынша тау-кен комбинаты, «Камыш Орда» ЖШС-ның қамыс өнімдерін өңдеу жобасы мен Халықаралық АҚҚ және балық шаруашылығының Қазақ ғылыми- зерттеу институтының «Балық және құс өсіру» жобасы жүзеге асырылуда.
Айта кетейік, ауданға биыл 8,5 млрд теңгеден астам инвестиция тартылып, жыл басынан бері өнеркәсіп орындары 11,3 млрд теңгенің өнімін өндірді. Атап айтсақ, есепті кезеңде ауданда барлығы 542 612 тонна тұз қазылып, 2803 тонна балық, 209 тонна ет, 847 тонна нан және нан өнімдері өндіріліп, 80,1 мың текше метр кварц топырағы қазылды. Бұдан бөлек, мемлекеттік бағдарламалар аясында жалпы қаржы институттары арқылы 1797,2 млн теңгенің 167 жобасы қолдау тауып, 443 тұрақты жұмыс орыны құрылған.
– Атап өту қажет, Президент Жолдауын жүзеге асыру үшін Арал ауданының 2024 жылға дейінгі экономикалық даму жоспары мен арнайы Жол картасы бекітілді. Оған сәйкес ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік саласына бағытталған 40 жобаны іске асыру жоспарлануда, – дейді Серік Сермағанбетов.
Биболат Сәтжан,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<