Адамдардың амандығы үшін күресті

1256

0

Жас пен кәрі, мансап пен мамандыққа қарамайтын дерттің зардабы оңай болмай тұр. Алғашында аурудың барына сенгісі, тіпті білгісі келмейтіндер көп болса, қазір түсіндік те, түгел сақтануға көштік. Бірақ осы індетпен күн сайын бетпе-бет келетін медицина қызметкерлерінің бұлай уайымдап отыруға да, өзі-өзі күтіп, баптауға да мұршасы жоқ. Олардың ұстанымы ортақ: адам өмірін қорғау және сақтау.

Дәрігер-эпидемиолог Қоныс Жұбатқанов та өз ғұмырының соңғы сәтіне дейін «адамдарға көмектесуім керек» деген ұстанымынан ауытқымады. Балаларының «Әке, алпыстан асқан кісілер сақ болуы керек екен. Жұмыс орныңыздан шықпай қызмет етуге тырысыңызшы» дегендегі ойын түсінгенімен, «дәл осындай қиын сәтте бұл жұмысты мен істемесем кім істейді?» деп қауіпті болса да, қызметіне бел буған еді. Өйткені, күрделі жағдайды басқалардай емес, бірінші түсініп, сараптап үлгерген кәсіби маманның жүрдім-бардым қызмет атқарып, жастарға тапсырма беріп, кеңседе отыру қолынан келмейтін. Жұмыстың мінсіз атқарылуына жанын салып, әділдіктен ауытқымайтын дәрігер ауру ошағын анықтап, вирус табылған науқастармен байланыста болған адамдарды тез арада тауып, инфекцияның тарап кетпеуі үшін уақытпен санаспай еңбек етті.

Эпидемиологиялық ахуал қиындаған сәтте эпидемиологтың жұмысы да бұрынғыдай болмайтыны белгілі. Бұл қалаға індеттің тарап, алғашқы екі науқас қайтыс болған кез еді. Ауру ошағын анықтап, жерлеу рәсіміне қатысқаннан кейін өзінің де жағдайы сәт сайын нашарлай берді. Күнді сергек бастап, таңертеңгі жаттығу мен жүгіруді әдетіне айналдырған дәрігерден соңғы күндері әдетте сезілмейтін әлсіздік байқалды. Арада бес күн өткен соң үйде емес, қалалық ауруханада емделуге тура келді. Өкініштісі, бұл уақытта дәрігердің де бойынан індет инфекциясы табылған еді.

Жуырда Қызылорда қалалық та­уарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің бас маманы қызметін атқарған Қоныс Жұбатқанов қайтыс болғаннан кейін «Құрмет» орденімен марапатталды. Марапат қызы Динараға табысталды.

–    Жауапкершілікті бірінші қоятын әкем таңертең ерте тұрып, жұмысына баруға асығатын. Әр іске ыждағатпен ден қойып, мұқият атқаратындығы біздің де ұқыпты, қанағатшыл болуымызға әсер етті.  Көршілеріміз үнемі үйлерің дәріхана секілді тап-таза деп таңғалатын, бұл әкемнің «хлордың иісі шықпаса, үйді қайта жинап алыңдаршы» дейтін, тазалықты жақсы көретін мінезінен еді. Аулада гүлдің сан түрін өсіретін. Келген адамның бәрі сұлулығына қызығып, тамсанбай өтпеуші еді. Әкем аты жаман індетке шалдығамын дегенше жұмыс уақытынан бір сәтке де кешікпей, өз міндетін қалтқысыз атқарды, – деді қызы Динара.

Қоныс Жұбатқанов 1986 жылы Қарағанды мемлекеттік медицина инс­титутын санитар дәрігер мамандығы бойынша бітірген соң, еңбек жолын Қазалы аудандық санитарлық-эпидемиологиялық станциясында дәрігер-эпидемиолог болып бастаған. Содан кейін әр жылдары Қазалы, Жалағаш аудандарында, Қызылорда қаласында өз мамандығы бойынша елге қызмет етті. Ал, шілде айына дейін басқармада эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің бас маманы болды. Әріптестерінің айтуынша, ел дегенде елгезектік танытып, жұрт дегенде жанын салатын дәрігер адамдардың амандығы үшін бойынан күш-қуаты кеткенше бір сәтке де тынған жоқ.

Иә, Қоныс Аманшаұлының вирус ошағын анықтаймын, адамдарды аурудан сақтаймын деген ниеті мен еңбегі майдан даласында соңғы демі таусылғанша жаумен тайталасқан жа­уынгерден кем емес еді. Ол – кәсіби түрде өз міндетін атқарып, ел саулығы үшін күрескен, ақ халатына дақ түсірмеген дәрігер.

Айдана ЖҰМДАИНОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<