Әлеуметтік дүкендерді аралағанда…

594

0

Осыдан бірнеше жыл бұрын көпшілік әлеуметтік дүкенге бас сұға бермейтін. Дүкендер жұмысы бастапқыда дұрыс жолға қойылмады ма әлде халық арасында түсіндірме жұмыстары аз жүргізілді ме, әйтеуір әлеуметтік дүкенге деген көпшіліктің көзқарасы басқаша болатын. Ал жобаның түпкі мақсаты – халықты тиімді бағада азық-түлікпен қамтамасыз ету еді.

Кейінгі уақытта әлеуметтік дүкендер жұмысы жанданып, жұртшылық ондағы азық-түлік бағасының төмен екенін түсінді. Бұл орайда облыс басшылығы тарапынан әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі өніммен дүкен сөрелерін толтыруға бағытталған арнайы бағдарламалар қабылданып, жүзеге асырылды. Кешегі пандемия кезінде супермаркеттер мен өзге де азық-түлік  дүкендері уақытпен жұмыс істегенде тұтынушылар үшін олардың есігі айқара ашық болды. Бүгінде жұртшылықтың пікірі өзгеріп, әлеуметтік дүкендер тұтынушылары көбейген.

Облыста әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша тиісті шаралар қабылданып келеді. Бұл мәселе бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу үшін облыстың тұрақтандыру қорын тауарлық интервенциялар жүргізу, сондай-ақ, айналым схемасымен заем беру арқылы шешілуде. Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне сүйенсек, бағаны тұрақтандыру қорына бюджеттен 2020-2022 жылдары 3,4 млрд теңге бөлінген. Қазіргі таңда тұрақтандыру қорында 1461,8 тонна өнім бар. Оның ішінде 285,8 тонна ұн, 151,3 тонна күріш, 33,7 тонна макарон, 318,1 тонна қарақұмық, 53,2 тонна қант, 81,9 тонна картоп, 39,16 тонна пияз, 144,7 тонна сәбіз, 5,2 тонна қырыққабат, 348,4 тонна күнбағыс майы бар.

Бүгінгі күні айналым схемасы бойынша 21 келісім шарт негізінде кәсіпкерлік субъектілеріне заем берілді. Осы заем алған кәсіпкерлердің және тұрақтандыру қорындағы өнімдер «Байқоңыр» ӘКК-не қарасты Қызылорда қаласында орналасқан 36 әлеуметтік дүкенде және қосымша 14 ірі супермаркеттің әлеуметтік бұрышында нарықтан төмен бағада жеткізіліп сатылуда.

Бұл – ресми деректер, ал күнделікті көзбен көрген көрініс қандай жайттардан хабар етті? Бірнеше әлеуметтік дүкенді аралап, мән-жаймен таныстық. Ескі базар аумағындағы «Сұлтан» базарына қарсы бетте орналасқан әлеуметтік дүкеннің сатушысымен сөйлесудің реті келмеді. Себебі, тұтынушылар қарасы  үзілмеді. Сатушының бізге жауап беруге уақыты жоқ. Мұнда қант пен жұмыртқа түске дейін өтіп кетіпті. Қант сұрағандарға ертең түске дейін келуін және ұзынсонар кезекте тұрып алатынын ескертті. Әр адамға тек мөлшермен сатылатын тауарларды  қағазға жазып, бағасын көрсетіп қойған. Мәселен, бір адамға қант 1 келі ғана сатылады. Сол бір келі қант үшін жүздеген адам ұзынсонар кезекке тұруға мәжбүр. Күніне жеткізілетін 3 қап қант бар-жоғы жарты сағаттың ішінде таусылып қалатынын білдік. Ал бір үйде бірнеше отбасы тұратындар мен көпбалалы отбасылар үшін бір келі қант бір-екі күнгі шай дастарханынан артылмайтыны анық. Сондай-ақ, жұмыртқа 10 дана, тауық еті 2, картоп 3, сәбіз 2 келі, өсімдік майы 1 литрден ғана сатылады.

Барлық әлеуметтік дүкендерде нан 55, қант 263, өсімдік майы 630, картоп 130, сәбіз 130,  пияз 65, қырыққабат 95, 1 сортты ұн 135, қарақұмық жармасы 415, күріш 175, макарон 200, сиыр еті 1650, тауық еті (окорочка) 785, жұмыртқа 29, сүт 280, айран 225, сүзбе 1283, сары май 2504 және тұз 40 теңгеден екен.

Келушілер картоптың өте майда екенін айтып шағым білдіргені сол еді, сатушы іштен тағы бір қапты ашты. Ондағы картоп жұдырықтай ірі болып шықты. Дәл базардың ортасында, айналасында бірнеше азық-түлік дүкені орналасқанына қарамастан, бұл жерде қызу сауда болатынына көз жеткіздік.

Сатушының жұмысына кедергі келтірмейік деп, «Универсам» шағын ауданындағы әлеуметтік дүкенге жол тарттық. Мұнда да сол көрініс. Бір-бірімен таласқан жұртшылық бірінші кезекте түске дейін таусылып қалатын қантқа кезекке тұруда. Тапсырысты жеткізушіге екінші рет хабарласып, қантты қайта алдыруда. Дүкеннің бір бұрышында ет сататын Сәуле Ноғайбаева  тосылмай сұрақтарымызға бірден жауап берді.

– Менің бұл жерде ет сатқаныма 5 жылдай уақыт болды. Тек ет сатып қоймай, жанымда тұрған сатушыға да көмектесемін. Күніне 30-40 келі ет өтеді. Тұрғындар түсінді. Сиыр етін 1650-ден сатамыз. Өзім 1600-ден аламын. Үстінде қалған әр келіден түсетін 50 теңге менің күнделікті табысым. Халықпен жұмыс жасау оңай емес. Олардың көңілінен шығу да қиын. Адамдар түрлі көңіл-күймен келеді. Біреуі жуаның ірісін салмаңыз десе, біреуі майдасын бермеңіз деген сияқты уәждерін айтады. Бірақ 65 теңгеден жуаны басқа қай жерден алады? Тағамға астамшылық жасауға болмайды деп ойлаймын. Оның обал-сауабы болады. Қазір әлеуметтік желі  деген жақсы болды. Көпшіліктің түсінігінше мұндағы сатушылар өздерінің таныстарына тығып сатады, басқаларға көп береді деген сияқты әңгімелер айтып, суретке түсіріп, желіге жүктеп жібереді. Жақында ғана сондай жағдай болды. Мына жердегі жап-жас сатушыға жала жауып, оның жеп отырған нанынан айырды. Біз бұл аумақта бірнеше жылдан бері жұмыс істейтіндіктен, тұрғындармен де таныс болып қалғанбыз. Кейбір көпбалалы отбасыларды да білеміз. Мүмкіндігі шектеулі жандар да келеді. Олардың қайта-қайта келуге жағдайы, уақыты болмайтынын, денсаулығы жарамайтынын түсінеміз. Сол себепті оларға өзгелерге қарағанда 1 келі артық беретін кездер болып тұрады. Бұл жағын бізге басшылық тарап реттеп берсе екен. Әйтпесе, ол адамдар менің туысым не танысым  емес, – деп ағынан жарылды сатушы.

Өнім түрлерімен танысып, олардың бағасын бағамдап тұрғанымызда мониторинг тобының мүшесі, қаладағы 36 дүкенге жауапты маманмен кезігіп қалдық. Өзін Ғалымжан Бекішев деп таныстырған жігіт жұмыс жайынан бізді хабардар етті.

– Бұл салада жұмыс істеп келетініме бірнеше жыл болды. Халық қазір әлеуметтік дүкеннің маңызын түсінді. Өзіңіз байқағандай, есікте менің ұялы телефон нөмірім көрсетілген. Кез келген қоңырау шалған тұтынушының шағымын тыңдап, оның оң шешілуіне жұмыс істейміз. Осы жаңа ғана қанттың таусылғанын айтып, тұрғындар қоңырау шалды. Түске дейін келген қант бір сағатқа жетпей өтіп кеткен. Әлеуметтік дүкендерде қант 263 теңге болған соң тез өтеді. Ал өзге супермаркеттерде ол 450, тіпті 550 теңгеден сатылуда. Біз халықтың барлығына тауардың жеткенін қалаймыз. Сондықтан әр адамға белгілі бір мөлшермен сатылады. Бұлай істемесек те болмайды. Өйткені, кейбір адамдар көтерме бағамен алып, оны өзге дүкенге апарып сатып, келесіде тағы келіп алған деректер бар. Ондай адамдарды біз ұстап, шара көрдік. Тіпті дүкендегі сатушының өзі осындай келеңсіз жайттарға жол бергенін біліп, олармен келісім-шартты бұзған кездеріміз де бар. Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді демекші, бірлі-екілі осындай деректер тұрғындар түсініспеушілігін тудырады. Содан барып, мұндағы сатушылар таныстарына сатады деген әңгіме шығады. Мен қай жерде қандай шағым түседі, сол аумаққа дәл уақытында баруым керек. Ал бізге көлік қарастырылмаған. Шағым айтқан тұрғынмен кездесу үшін сонау Қызылжармаға, Талсуатқа таксимен баруға мәжбүрміз. Жағдайы төмен, мүгедек 2-3 кісіге қажетті азық-түлікті үйіне апарып беріп те жүрміз. Алатын айлығым 140 мың теңге. Енді ойлап қараңыз, маған бекітілген 36 дүкенге күнделікті тексеру жасап, оның есебін беру үшін бейне, сурет түсіріп отыруым керек. Біз басшылыққа бірнеше ұсыныс берген болатынбыз. Оның қашан шешілетіні белгісіз, – дейді жауапты маман.

Тұрғындармен сөйлескенімізде қаладағы «Құлагер», «Сырдария» ауданындағы дүкендердің бірнеше күннен бері жабық екенін білдік. Жауапты маманнан оның себебін сұрағанымызға дүкен иесі өнімдерін өткізіп, әрі қарай жұмыс істеуден бас тартқанын, алдағы уақытта конкурс арқылы өзге кәсіпкердің иелігіне өтіп жатқанынан хабардар болдық.  Ол үшін біршама уақыт керек. Тіпті кей аумақта саудасы жүрмейтін дүкендердің орналасуын өзгертіп, оның құжатын дайындап, арнайы шешім шығу үшін  бір жылға жуық уақыт кетеді екен. Бұл орайда құжаттардың дайындалуына жұмсалатын уақытты қысқартып, мәселенің оң шешімін табуы үшін тиісті басқармаларға тапсырма жүктелуі тиіс тәрізді. Халықтың сұранысына сай әлеуметтік дүкендерді қажет ететін аумаққа мониторинг жүргізіп, оның кейбір нүктелерінің орналасуын қайта қарау қажеттігі туындап тұр. Мәселен, орталық алаң, жаңа базар, теміржол вокзалы аумағына әлеуметтік дүкен қажет. Тағы бір қосарымыз, азық-түлік өнімін жеткізетін кәсіпкер тауарын қабылдағанда оның сапасына көбірек мән берілсе екен. Себебі, кейбір өнім түрлерінің сапасы сын көтермейді. Мәселен, кейінгі келген ұнның сапасына шағымданған тұрғындар бар.

Өңірді ұнмен қамтамасыз ету мақсатында «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК АҚ, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі және облыс әкімдігі арасында арзандатылған бидай алуға меморандумға қол қойылып, астық сақтау қоймаларынан ұн өндіруші кәсіпорынға ақпан-тамыз аралығында 13,6 тонна астық тасымалдану жоспарлануда. Бүгінгі күнге 340 тонна ұн жеткізіліпті. Демек, тамыз айына дейін тұрғындар осы ұнды пайдалануға тура келеді. 

Сондай-ақ, тұрақтандыру қорына жыл соңына дейін 3314,8 тонна қант жеткізу көзделуде. Алайда бір дүкенге күніне әкелінетін үш қап қанттың өзі жарты сағатта сатылып кетсе, бұл өнім жыл соңына дейін жетер ме екен?

Көктемгі уақытта қырыққабаттың ерте пісетін сорттарымен қамтамасыз ету үшін Жетісай ауданының (Түркістан облысы) «Ынтымақ» шаруа қожалығымен сәуір айынан бастап 100 тонна қырыққабатқа форвардтық келісім-шарт жасалған. Осыған байланысты дау да әлеуметтік дүкендерде орын алған. Ерте пісетін қырыққабат әсіресе, көктемде адам ағзасына пайдалы дәруменге толы өнім. Сондықтан оның қорын да көбейту керек секілді.

Дау демекші, көптің көңілін табу да – қиын шаруа. Бірақ олардың пікірін ескермесе тағы болмайды. Айталық, әлеуметтік желіде осы дүкен сатушыларының мәдениеті, қызмет көрсетуі жайлы сын көп айтылады. Сатушылардың сұраққа дұрыс жауап қатпауы, заттың бар-жоғын айтпауы, тауардың қашан келетінінен хабардар етпеуі жұртшылықтың ренішін тудыратыны сөзсіз. Расында бізде сауда мәдениеті жоғары деңгейде дамымаған. «Алса алсын, алмаса қойсын» деген көзқараста отыратындардың бары да жасырын емес. Сондықтан тұтынушылар да көп жағдайда тауарға қарамастан шығып кетеді. Бұл өнімнің өтімділігіне кері әсер етеді. Дүкенге кірген әр адамға сыпайы сөйлеп, керегін тауып беріп, көңілінен шығып тұрса, ол жерде сауда қызады. Берекенің тоғызы саудада дейтін болсақ, онда  бізге сауда мәдениетін өзбек ағайындардан үйренуге тура келеді. Әйтпесе, «Байқоңыр» ӘКК» АҚ мен Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш ғылыми-зерттеу институтымен жасалған меморандум аясындағы  50 тонна картоп, 50 тонна пияз, 50 тонна сәбіз, 50 тонна қырыққабат өніміне обал.

Ресми дерек бойынша, облыста сауда орындарында азық-түлік тауарларының қоры жеткілікті, оған тапшылық байқалмайды. Алайда бір келі қантты алу үшін бірнеше сағат ұзынсонар кезекке тұрып,  тіпті бірнеше күн күтетін тұрғындардың мәселесін қалай шешеміз? Мүмкін оның берілу мөлшерін 3 келіге арттырып, дүкендерге камералар орнату керек шығар. Себебі бір рет келіп алған кейбір пысықай жандар қайта айналып тағы алмайтынына кепіл жоқ. Мың сан адамның түр-түсін жаттап қалу да сатушыға оңай тимесі анық.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<