Өңірлік коммуникациялар орталығында облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамовтың қатысуымен брифинг өтті. Онда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауындағы әлеуметтік саланы дамытуға бағытталған шаралар туралы баяндалды.
Жолдауда білім саласы бойынша бірқатар басым бағыттар айқындалды. Өткенімізден сабақ ала отырып, барлық функциялары бар бірыңғай онлайн білім беру платформасын шұғыл әзірлеу міндеті қойылды. Екіншіден, санитарлық талаптарды сақтай отырып, білім берудің қалыптасқан дәстүрлі әдісіне қайта оралу мүмкіндіктерін әзірлеуді тапсырды. Үшіншіден, мұғалімдердің жалақысын өсіруді жалғастырып, келесі жылы тағы 25 процентке көтеруді, төртіншіден, 1-6 жас аралығындағы бүлдіршіндерді 100 процент бала-бақшамен қамтуды жүктеді. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы мектеп жасындағы балалардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғау мәселесіне ерекше назар аудару қажеттілігін атап өтті.
– Аталған мәселелер сала қызметкерлерінің көңілінен шығып отыр. Жолдау жүктеген міндеттерді басшылыққа ала отырып, жұмыс жүргізіледі, – деді Н.Байқадамов.
Сол сияқты, денсаулық саласына бағытталған жұмыстар жөнінде баяндаған облыс әкімінің орынбасары, Жолдауда ең бір өзекті мәселе – медициналық инфрақұрылымды дамытуға арнайы тапсырмалар берілгенін атап өтті. Оның ішінде денсаулық сақтау ісінің тиімді моделін құру арқылы үш жылда барлық елді мекенде фельдшерлік-акушерлік бекеттермен, амбулаториялармен қамтамасыз ету қолға алынғаны өте маңызды мәселе екеніне тоқталды.
– Дәрігерлердің жалақысы 2023 жылға қарай экономикадағы орташа жалақыдан екі есе – мамандардың ынтасы мен жауапкершілігін күшейтіп, сала жұмысына серпін берері сөзсіз. Сонымен қатар, осы мекемелерді кадрлармен қамтамасыз етуге ұзақ мерзімді болжамды жоспар жасалды.
Жолдауда жастарды еңбекке тартып, олардың бойында өз өмірін өзі қалыптастыруға бағыттау тақырыбы қозғалды. Бұл – уақыт талабына сай туындап отырған жаңаша бағыт. Сондықтан бұл жұмыстарға барынша көңіл бөлуіміз қажет, – деді Наурызбай Байқадамов.
Брифинг соңында БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берді.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<