Әрбір сарапталған іс сынақтан алып шығады

577

0

Өткен аптада Қызылорда қаласы маңындағы ауылдарға барып, ондағы тұрғындар мәселесін тыңдаған облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова жұмыс сапарын аудандарда жалғастырды. Облыс басшысы былтыр қуаңшылық зардабын тартқан Арал ауданында болып, шаруалармен кездесті. Сондай-ақ өңір басшысының жұмыс сапары Қазалыда жалғасып, су тапшылығының алдын алу және көктемгі вегетациялық кезеңде егін егу мәселелері бойынша жиын өткізді.

Іссапар бойынша алдымен теңізді өлкеге барған аймақ басшысы аудандағы балық шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлермен кездесіп, мамандармен пікірлесті. Естеріңізге салсақ, бұған дейін облыста балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған Жол картасы әзірленген еді. Осының аясында өнім экспорты мен тауарлы балық өсіру көлемін арттыру көзделген. Қосымша 500-ден астам жаңа жұмыс орны да ашылмақ.

– «Көкарал» бөгеті іске қосылғалы ауданда балық шаруашылығы саласында оң қадамдар жетерлік. Қазір Кіші Арал су айдыны 18 учаскеге бөлініп, оның 11-і табиғат пайдаланушыларға 10 жыл мерзімге дейін бекітіліп берілді. Былтыр облыс бойынша балық аулау лимиті 7364 тонна болса, соның ең көп бөлігі Арал ауданына тиесілі. Ауданның өзінде 10 балық өңдеу зауыты бар, былтыр 3911 тоннасы он мемлекетке экспортқа шығарылды. Ең көп бөлігі Ресейге жіберілді. Бұған қоса, Польша, Грузия, Германия, Литва, Украина, тағы басқа сырт елдерге тасымалдануда, – дейді облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бауыржан Шәменов.

Аймақ басшысы табиғат пайдаланушылармен пікір алмасу барысында көлдерді тауарлы балық шаруашылығына бейімдеудің маңыздылығына тоқталды.

– Біз байлығымыз саналатын теңізді, ондағы балықты сақтауымыз керек. Тағы бір мәселе, ол – балық аулау әдісі. Оны қазіргі заманға сай етіп, шаруашылықтарға заңды түрде учаскелерді белгілеп алсақ, жаңа жұмыс орнын ашуға өз септігін тигізеді, – деді облыс әкімі. 

Сонымен қатар аудандағы клубтар мен кітапханалар құрылысы, аудандық маңызы бар көшелерді қайта жаңғырту және темір жол үстіне салынатын аспалы көпір жобасы назарға ұсынылды. Сондай-ақ аудандағы тарихи-өлкетану музейі мен көпқабатты тұрғын үйлер салу мәселелері де назардан тыс қалмады.

– Ауданда апаттық жағдайда тұрған клубтар бары рас. Біз мұндай ғимараттарды қайта салуды біртіндеп іске асырамыз. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Аманөткел мен Бөген ауылына салынатын жаңа клуб ғимараттарының да жоба-сметалық құжаттары жақын арада мемлекеттік сараптамадан толық өтеді. Бұған қосымша аудан орталығындағы мәдениет орталығы мен өлкетану музейін қайта жабдықтау үшін де қаржы қажет, – деді аудан әкімі Серік Сермағамбетов.

Сапар барысында облыс әкімі сала мамандарымен бірге ауыл шаруашылығы мәселелерін талқылауға арналған жиын өткізді. Онда аудан әкімі егін және мал шаруашылығы бағытында негізгі жұмыстарды айтса, су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі «Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясының басшысы Сейілбек Нұрымбетов облысқа келетін судың қазіргі жағдайы мен алдағы болжамы туралы баяндады. Сондай-ақ, көлдер жүйесін суландыру мен оларды сақтап қалу жайы қозғалды.

– Былтыр Кіші Арал теңізіне 3160 млн текше метр су түсуі болжанса, нақты түскен су көлемі 1194 млн текше метр. Арал ауданы аумағында орналасқан «Қамыстыбас» және «Ақшатау» көлдер жүйесін суландыру мақсатында Аманөткел ауылдық округі тұсынан Сырдария өзеніне уақытша бөгет салынғаны белгілі. Осы бөгеттің көмегімен былтыр тамыз айынан бері жүргізіп отырған есебімізге сәйкес «Ақшақыз», «Аққой» каналдары арқылы «Ақшатау» көлдер жүйесіне 350 млн, «Жасұлан», «Қулы» каналдары арқылы  «Қамыстыбас» көлдер жүйесіне 229 млн текше метр су түскен. Енді қазіргі қалыптасып отырған жағдай туралы айтар болсам, «Шардара» су қоймасындағы жиналған су көлемі 4,7 млрд текше метр ғана.  Бұл «Көксарай» су реттегішімен қосқанда өткен жылмен салыстырғанда 0,9 млрд текше метрге аз, – дейді С.Нұрымбетов.

Кездесуде облыс әкімі вегетация кезеңінде судың аз келуіне байланысты тиімді тетіктерді қарап, суды аз қажет ететін дақылдар егуді алға тартты. Сондай-ақ, «Көкаралды» күрделі жөндеуден өткізу мәселесі де сөз болды. 

– Бізге керегі – төрт түліктің басын аман сақтау және жоғарыдан түсетін су деңгейіне байланысты егін жұмыстарын мерзімінде бастау. Биыл да судың аз келуіне байланысты қарекетті қадамдарға шаруалармен бірге кірісуіміз қажет. Әкімдік тарапынан Жол картасы әзірленді. Картаға енген 65 жобаға Үкімет резервінен 3,6 млрд теңге бөлуге ҚР Қаржы министрлігінен келісім алынды. Сондай-ақ Үкімет резервінен барлығы 22 каналды тазалау, 41 ұңғыманы жөндеу және бұрғылау, 133 дана насос қондырғысын алуды жоспарлап отырмыз. Көлдерді суландыру мен балық шаруашылығына байланысты да мәселелер туындайтынын жақсы түсінемін. Көрші мемлекетте болып жатқан жағдай да ауыл шаруашылығына, оның ішінде экспортқа тікелей әсер етеді. Дегенмен, бірігіп мәселелерді шешудің тиімді тетіктерін қарастырсақ, бұл қиындықтан да шығамыз, – деді жиын барысында облыс басшысы.

Осы ретте аудандағы шаруа қожалықтары өкілдерінің ұсыныс-пікірлерін тыңдалып, жауапты басқарма басшыларына бірнеше тапсырма берілді.

Қажетті жем-шөппен қамтамасыз ету, құдықтар мен скважиналарды қазуға жоба-сметалық құжаттар дайындау да тапсырылды. Сондай-ақ, егін егу науқаны басталмай тұрып Аралдағы көлдер жүйесін суландыруға байланысты тиісті жұмыстар жүргізу, биыл егілетін 200 гектар картоп, көкөніс, бақша және жоңышқа дақылдарын қажетті сумен қамтамасыз етуді ұйымдастыру жүктелді.

Сондай-ақ облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы аудан әкімдерімен бірлесіп керекті жем көлемін нақтылап, «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» арқылы жеңілдетілген бағада жем сатып алуды ұйымдастыру, тауарөндірушілердің мал азығына жұмсаған шығындарын ішінара субсидиялауға қажетті қаржының бөлінуін пысықтауы керек. Мұнан бөлек, ветеринария басқармасына мал ауруларын болдырмау үшін мамандардың әр ауылды аралап, диагностикалық жұмыстар мен мал иелеріне сырғалау туралы түсіндірмені ұдайы жүргізу тапсырылды.

Облыс әкімінің Арал ауданындағы жұмыс сапары Сексеуіл кентінде қорытындыланды. Мұнда елді мекенді газдандыру, кентішілік жол салу, теміржолшыларға арналған 38 екіпәтерлік тұрғын үйдің құрылыс барысы, электр желілерін қайта жаңғырту жұмыстары мен «Құмсай» бөгетінің жағдайын талқылады. Сондай-ақ, кент тұрғындарын толғандырған мәселелерін тыңдап, пікірлесті.

Тұрғындар аймақ басшысынан ұзаққа созылған аурухана құрылысын аяқтауға ықпал етуге, елді мекенді газдандыру мен жастарды жұмысқа тарту бойынша  ұсыныстарын айтты. Өз кезегінде облыс әкімі көтерілген мәселелерді жеке бақылауына алғанын айтып, аталған проблемаларға қажетті қаржы мәселесі кезең-кезеңімен шешімін табатынын жеткізді. Сондай-ақ, қаңтар оқиғасы кезінде қатынасы қиындаған пойыз жолаушыларына  қонақжайлылық пен құрметтің үлгісін көрсеткен Сексеуіл кентінің жастарына алғыс айтып, ілтипатын білдірді.

Облыс әкімінің жұмыс сапары Қазалы ауданында жалғасты

Алдымен Жалаңтөс батыр елді мекеніне аялдаған аймақ басшысы ауыл халқының көптен күткен қуанышына ортақтасты. Аудан орталығына жақын орналасқан елді газдандыру жұмысы басталған еді. Жалғыз Жалаңтөс батыр ауылы ғана емес, іргелес жатқан Қ.Пірімов, Басықара елді мекендеріне де «көгілдір отын» келер күн жақын қалды.

Әрбір сарапталған іс сынақтан алып шығады

– Бізде көптен күткен қуанышымыз орындалып жатыр. Аудан орталығынан кем емес, кереметтей ауылымызға газ тарту жұмыстары басталды. Берекелі елдің көптен бергі арман-тілегі осы еді. Ел ағаларына, осы жұмыстың басы-қасында жүрген азаматтарға аналық алғысым шексіз, – дейді ардагер ұстаз Дәрипа Қалмырза.

Аталған үш ауылды газдандыру құрылысы қатар жүргізілмек. Наурыз айында басталған жоба қыркүйекте аяқталады.

–  Жалаңтөс батыр ауылында 273, Қ.Пірімов ауылында 235, ал Басықарада 325 тұрғын үйге газ тарту жұмыстары жүргізіледі. Бұған қоса әр аталған ауылда әлеуметтік нысандар бар. Оларды да қамтимыз. Жалпы үш ауылдағы жұмыстарды бес айда бітіру жоспарланған. Жобаның жалпы құны 883 млн теңге. Құрылысқа жергілікті тұрғындарды да тарту көзделген, – дейді мердігер мекеме «РемСтрой» ЖШС құрылыс учаскесінің бастығы Тұрмағанбет Бекмұратов.

Мұнан әрі аймақ басшысы Бозкөл ауылдық округіне барып, тұрғындардың мәселелерін тыңдады. Бозкөлдіктер ауылға балабақша салу бойынша ұсыныстарын жеткізді. Облыс әкімі тұрғындардың тілектерін назарға алып, балабақша салу ісін таяу уақытта бастауға ниетті екенін айтты.

Қазалыдағы тағы бір қуаныш – көпір құрылысы. Әсіресе күз бен көктем уақытында дарияның арғы бетінде отырған халыққа тым қиын. Су үстіне салынған қалқыма қайық көпірдің дариядағы сеңнің соққысына шыдамайтыны анық еді.

Енді тұрғындар бұл қиындықтан құтылады. Биыл Қазалыдағы «Қарлаң» учаскесіне көпір құрылысы басталды. Бұған дейін аудандық маңызы бар «Қазалы-Қожабақы-Бозкөл-Кәукей» автомобиль жолының 16-шақырымында орналасқан учаскеде Сырдария өзені арқылы темірбетонды көпір салу үшін жоба-сметалық құжаттары әзірленген болатын. Бүгінде мемлекеттік сараптама қорытындысы алынған құрылыстың жалпы құны 4 жарым млрд теңгеге жуықтап отыр. Қазалыға сапарында облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова «Қарлаң» учакесінде болып, жұмысшылармен бірге жаңа көпірдің іргетасын қалады.

– Көптен бері өзекті мәселе болып келген «Қарлаң» учаскесіне темірбетонды көпір құрылысын салу мәселесі оң шешімін тапты. Биылғы жұмысына республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, арғы бетте тұратын 12 мың халықты қуантып отыр. Жаңа көпір түссе, аудан орталығына еш қорқынышсыз қатынай аламыз, – дейді Жанкент ауылдық округінің тұрғыны Нәби Үргенішбай.

Рас, дарияның арғы бетінде орналасқан Қазалының «Бірлік», «Өркендеу», «Тасарық», «Лақалы», «Қожабақы», «Бозкөл, «Кәукей» сияқты ауыл халқы мұны көп жылдан бері күтіп жүргені де шындық. Енді елді мекендегілердің көктем мен күзгі сең жүру кезінде қиындық көрмейтіні қуантып тұр. Аймақ басшысы Сырдария өзені арқылы өтетін темірбетон көпірі құрылысының маңыздылығына тоқталып, тұрғындармен кездесу барысында бұл нысанның ерекше бақылауда болатынын жеткізді.

– Бүгінгі күні аталған көпірді салу үшін жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптама қорытындысы алынды. Көпірдің экономикалық тиімділігі де зор. Себебі, сауда-саттық қарым-қатынасын жақсартуға және Сырдария өзенінің арғы бетіндегі егін және балық шаруашылығын дамытуға оң септігін тигізеді. Қауіпсіз және тұрақты көлік қатынасымен қатар, медициналық қолжетімділікке оң әсерін беретін болады. Жалпы Қазалы ауданында жол салу, инфрақұрылым жүргізу, әлеуметтік нысандар салуға бағытталған 10-нан астам жоба жүзеге асырылады, – деді өз сөзінде облыс әкімі.

Сырдария өзені үстіне түсетін көпір ұзындығы 250 метрге жуықтайды. Ені 13 метр, жолы екі жолақты болмақ. Бұған дейін құрылысын бастау үшін республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, салалық басқарма тарапынан мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланған еді. Қазір жеңімпаз болып «Стандарт Ойл КЗО» ЖШС танылған.

Қазалыда жаңа мектеп салынуда. Аудан орталығындағы «Достық» көшесінен 250 орындық білім ордасының қабырғалары өріліп, шатырлау жұмыстары басталған. Мектеп жанынан қосымша ғимарат қосу жұмыстары жүруде. Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының тапсырысымен бұл нысанға 850 млн теңгеге жуық қаржы бөлінген. Екіқабатты ғимарат тамыз айында пайдалануға берілмек.

Мұнан кейін облыс әкімі сала мамандарымен бірге ауыл шаруашылығына арналған арнайы жиын өткізіп, ортақ мәселені талқылады. Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев егінді әртараптандыру, су жүйелерін тазарту, бекеттерді жөндеу мен каналдарға механикалық тазалау бойынша өзекті мәселелерге тоқталып, негізгі жұмыстарды тізбеледі. 

Облыс әкімі биылғы су деңгейінің төмендігіне орай, шекті мөлшердегі лимитке қарай әрекет ету, төрт-түлік малға қажетті жем-шөпті уақытылы жеткізу және егінде суды аз керек ететін өнімдерге мән беру қажеттігін еске салды. Сондай-ақ ветеринар мамандардың ауыл-ауылдарды аралап, көмек көрсету және субсидия беру мәселесін де заңдылықты түсіндіру қажеттігін ескертті.

– Егін, мал шаруашылығында бірлесіп, шаруалардың мәселесін саралай келе тиімді шешім қабылдау үшін осында жиналып, пікірлесіп отырмыз. Биыл жағдай күрделі сипатта өтуі мүмкін деген болжам бар. Сондықтан аудан әкімдері сала басшыларымен бірге әрбір ауылдағы мәселені зерделеп, егін көлеміне су жіберу үшін нақты жоспар құрып, бақша дақылдарын егу, мал басын аман сақтап қалу үшін төрт түлікке керек дәрі-дәрмек, малды сырғалау және вакциналау жұмыстары кезінде тиянақты іс-әрекет жасауы қажет. Кеше Арал ауданында да шаруалармен кездескенде негізгі деген мәселелерді тізбектеп алдық. Сондықтан өзекті деген насос қондырғыларын алу, каналдарды тазарту ісіне қаржы бөліп отырмыз. Әрі қарай көрші мемлекет тарапынан берілетін су деңгейінің лимиті аясында өзіміз үшін, шаруалар үшін тиімді шешім қабылдауымыз қажет, – деді облыс әкімі.

Айта кетейік, су деңгейінің аз болуына байланысты қуаңшылықтың алдын алуда Жол картасы әзірленіп, 65 жобаға ҚР Үкіметі резервінен 3,6 млрд теңге бөлу үшін ҚР Қаржы министрлігінен келісім алынды. Сондай-ақ, 22 канал тазалау, 41 ұңғыманы жөндеу және бұрғылау, 133 дана насос қондырғысын алу жоспарда бар. Мұнан бөлек, 157 шақырым болатын 20 канал тазалау мен елді мекендерге қажетті 23 насос қондырғысы орнатылады. Оның ішінде Қазалы ауданын аяқсумен қамтамасыз ету мақсатында 1 дана дизель насос алу үшін де қаржы қаралған.

Жиын соңында облыс әкімі сала басшыларына аудан әкімдерімен бірге егінге қажетті судың лимитін нақтылап, әр ай бойынша он күн сайын облысқа су жеткізу кестесін бір апта мерзімде белгілеп ұсынуды, ауданаралық магистральді канал бойынша су жеткізудің 10 күндік кестесін әзірлеп, 25 наурызға дейін бекітуді және көктемгі су алу науқаны басталғанға дейін тиісті нысандарды жөндеу жұмыстарын толық аяқтауды жүктеді.

Сондай-ақ, Қазалы ауданы елді мекендерін аяқсумен қамтамасыз ету үшін каналдарды тазалау, су насостарын алу, шалғайдағы жайылымдарды суландыру мақсатында аудан аумағынан қажетті жаңадан скважиналар қаздыру үшін жоба-сметалық құжаттар жасатуға қаржы көлемін пысықтауды тапсырды. Мұнан бөлек, ауру малды анықтау, ветеринариялық шараларды ұдайы жүргізуді міндеттеді.

Облыс әкімінің жұмыс сапары бүгін Қармақшы ауданында жалғасады.

Ержан ҚОЖАСОВ, «Сыр бойы»

Суреттерді түсірген Б.ЕСЖАНОВ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<