Метропластика – акушерия саласында қазіргі уақытта кесар тілігі отасы кезінде ағзаны сақтап, тууға қабілетті жастағы әйелдердің өмірге ұрпақ әкелу қызметін жалғастыру мақсатында жасалып жүрген оталардың бірі. Бұл жағдайда түрлі себептерден бала жолдасы (плацента) бөліктері жатырдың қабырғасына өсіп біткен бөлігімен алынып тасталып, жатырдың қабырғалары қалпына келтіріледі, осылайша ағза сақталады.
Жүктілік кезінде ультрадыбыстық әдіспен плацентография (бала жолдасын тексеру) жүргізіп, диагноз қойылған жағдайда мұндай операцияға алдын ала дайындалу керек. Операция кезінде қан көп кетуі мүмкін, cол үшін барлық дайындық шараларын жасау, яғни, алдын ала қан дайындап және осы операцияның техникасын меңгерген топтың, қажетті басқа мамандардың (хирург, уролог) болуы керек.
9 ақпанда облыстық перинаталдық орталығында осындай операцияны аға кезекші дәрігер Аманкүл Приева жасады. Ауданнан жағдайына байланысты жедел түрде жеткізілген әйелде осы үшінші кесар тілігі отасы екен. Бала жолдасының өсінуі ота кезінде анықталды. Қан кету орын алған жоқ. Анасы да, нәресте де дін аман. Сондықтан, осындай асқынуларды жүктілік кезінде анықтап, отаны аса дайындықпен жасаған абзал.
Екінші жағдайға тоқталсам, К. есімді жүкті әйел денсаулығына байланысты төртінші республикалық деңгейде босануы тиіс болатын. Диагнозы қанның ұюының төмендігімен байланысты. Алайда, толғақ басталып кетіп, перинаталдық орталықта босануға тура келді. Босанудан кейін жатырдан атониялық қан кетіп өміріне қауіп төнді. Дәрігерлер О.Ким, А.Ержанова, А.Әуезбеков, А. Хегай, А.Ким және А.Приева кәсіби шеберлікпен көмек көрсетіп, өмірін сақтап қалды. Ал, бұл қатарда Ғ.Манасова, А.Жаналиева, Г.Жұмабекова сынды акушерлердің де тынымсыз еңбектерін айту керек.
Науқастың жағдайы тұрақталуда, емі мамандармен кеңесе отырып жалғасуда.
Ләйла ТАҢАТҚАНОВА,
облыстық перинаталдық орталық акушері
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<