Аналар кеңесінің көшпелі отырысы

366

0

Кеше Тәуелсіздіктің  30 жылдығы аясында облыс әкімі, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының төрағасы Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен Қазақстан халқы ассамблеясы Аналар кеңесінің көшпелі отырысы өтті.

Жиынға ҚР Премьер-Министрі орынбасарының кеңесшісі, ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстан халқы ассамблеясы Аналар кеңесінің төрағасы Нәзипа Шанаи бастаған іскер әйелдер және облыстық Аналар кеңесінің мүшелері, этномәдени бірлестік басшылары, көшбасшы әйелдер мен ақ жаулықты әжелер қатысты. Сонымен бірге  аудандық және Байқоңыр қаласы Аналар кеңестерінің төрағалары онлайн режимде қосылды.

Қонақтарды «Достық үйінде» облыстық Аналар кеңесінің төрағасы Рахима Ахметова қарсы алып, оларға арнайы ұйымдастырылған фотокөрме арқылы өңірлік кеңес тарапынан атқарылған жұмыстарды таныстырды. Мәртебелі меймандарға ізгілік пен тектілік нышаны ретінде ақ орамал тарту етті.

Жиында облыс басшысы кеңес отырысына қатысушыларға алғыс білдіріп, облыстық Аналар кеңесі ұлттық дәстүрлер мен отбасылық құндылықтарды нығайту мен сақтауға өзіндік үлес қосқанын атап өтті.

–    Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың биылғы 1 қыркүйектегі Жолдауы көптеген міндет жүктеді. Президент еліміздегі демографиялық жағдайға, отбасылық құндылықтарды сақтауға, жастар тәрбиесіне айрықша мән берді. Біздің қоғам дені сау, рухани мықты ұрпақ тәрбиелеуге қабілетті отбасылардың көп болуына мүдделі. Міне, сондықтан Қазақстан халқы ассамблеясы отбасылық құндылықтар мен дәстүрлерді жастар арасында ілгерілетуді мақсат етуде, – деді облыс әкімі.

Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің төрағасы Нәзипа Шанаи ұйымның жұмыс бағыттары мен алдағы міндеттері туралы айтты. «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» қағидасын ұстанатын Аналар кеңесінің негізгі мақсаты – саналы ұрпақ тәрбиелеу, қазіргі кезде мемлекеттік тілдің дәрежесін асқақтату аса маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ, Нәзипа Ыдырысқызы еңбек нарығында қажетті мамандар даярлау, масылдық көзқарастан арылу секілді мәселелерді көтеріп, аналар билік пен халық арасындағы делдал болуы қажет екенін назарға салды.

Жазушы, ақын, аудармашы, филология ғылымдарының кандидаты Камал Әлпейісова Сыр өңірі қашан да тектілік пен парасаттылық мекені ие болғанын атап өтіп, «Әкелер одағы» және «Қазақтану» республикалық жобаларының маңызына тоқталды.

Ал «Қарашаңырақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің жетекшісі, «Тәй-Тәйstar» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі балабақшалар желісінің директоры, Қазақстан жеке балабақшалар ассоциациясының мүшесі Баян Ахатай елімізде жуырда бастау алған қазақ және әлем әдебиетіндегі үздік ертегілерді жинақтап, калың жұртқа таныстыру үшін әзірленетін «Мұнарат» жобасының іске асу барысын баяндады.

Кездесу ашық пікірлесумен аяқталды.

Айнұр Батталова,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<