Аралда аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың қатысуымен №2 шағын аудан аумағынан 1 қабатты 4 пәтерлі 10 тұрғын үйдің іргетасы қаланды, – деп хабарлады аудан әкімдігінің баспасөз қызметінен.
Тұрғын үй жобасында 2 бөлмелі 20 , 3 бөлмелі 20 пәтер жоспарланған. Аудан басшысы бас мердігерлердің жұмысына сәттілік тілеп, құрылыстың сапалы әрі уақытылы жүргізілуін тапсырды
Мемлекет басшысы атап өткендей, бүгінде елімізде тұрғын үй мәселесі ең өткір әлеуметтік проблемалар қатарында. Соның ішінде, ауданымызда да баспана мәселесі өзекті. Осы орайда, өз үйіне қол жеткізгісі келетін аудан тұрғындарының мәселесін шешу мақсатында қолға алынған ауқымды құрылыс жұмысы аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің тапсырысы бойынша жүзеге асырылуда.
Іргетасы қаланған жаңа тұрғын үйлерді салушы бас мердігерлер жергілікті «Науырыз құрылыс» ЖШС және «Арал су-құрылысы» ЖШС. Атап өту қажет, аталған жобаның қаржысы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкімен» келісім-шарт негізінде облыстық бюджет есебінен бөлініп отыр. Яғни, жаңа баспанаға «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы кезекте тұрған салымшылар қол жеткізе алады. Бүгінгі бастау алған құрылыс жұмыстары аясында аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі арқылы 50-ге жуық аудан тұрғындары жұмыспен қамтылып отыр.
Жаңа тұрғын үй құрылысы ағымдағы жылдың күз айында аяқталып, 40 отбасына жаңа пәтер кілттері табысталатын болады.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<