Жемқорлықпен күрес – қоғам дамуына үлес. Елімізде жең ұшынан жалғасқан кеселді ауыздықтауда жүйелі жұмыстар қолға алынып келеді. Бұл ретте Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жанындағы республикалық ақпараттық-ағартушылық штаб мүшелері шалғай елді мекендерді аралап, жергілікті халықпен кездесулер ұйымдастыруда. Қоғамдық өзгерістердің ақиқатын бүкпесіз айта білетін азаматтар кеше Сыр өңіріне арнайы сапармен келді.
Облыс әкімінің орынбасары Серік Ахметтің жетекшілігімен өткен жиында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жанындағы республикалық ақпараттық-ағартушылық штаб жетекшісі Ырза Тұрсынзада мен агенттіктің парасаттылық департаменті директоры Ғанижан Асанұлы салаға қатысты жаңашылдықтармен бөлісіп, ұсыныстарын ортаға салды. Сонымен қатар қоғамды жемқорлыққа қарсы іс-қимылға кеңінен тарту, бақылау саласындағы өзекті мәселелерді талқылады.
Серік Әбжәліұлы қоғам алдында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруда ақпараттық үгіт-насихат жұмыстарының маңызы зор екенін айта келе, өңірде жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағытындағы бірқатар жоба тиімділігін көрсеткенін баяндады. Мәліметке сүйенсек, 47 мемлекеттік органның кабинеттері «Open space» форматында қайта құрылып, 319 мемлекеттік мекеменің бірінші басшылары 1-қабатқа көшірілген. Бұдан бөлек, 148 мемлекеттік қызмет автоматтандырылып, өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштарының тұрғындар игілігін көруде. Басқосуда агенттіктің департамент директоры Ғанижан Асанұлы аймақта оң нәтижелер барын атап өтті. Бірақ, шаруаны ширата түсу керектігін айтты.
– Біздің мақсат – сыбайлас жемқорлық фактілерінің алдын алуға жұмыс істеу. Соңғы 9 ай көлемінде елімізде 1589 жемқорлық сипатындағы қылмыс тіркелген, оның 62-сі – Қызылордада, бұл өзге өңірлермен салыстырмалы түрде 2 процентті көрсетіп отыр. Мұның өзі нәтиже барын байқатады. «Ақмешіт – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі де тұрмыстық жемқорлықты жою мен оның алдын алу бағытындағы шараларды жүйелеуге жол ашты. Өңірдегі 9 әкімдіктің 7-еуі сервистік қызмет көрсетеді, енді Сырдария мен Жаңақорған ауданында да осы істі біріздендіруді жоспарлау қажет. Сонымен қатар ішкі талдау мен сыртқы талдаудың рөлі де зор. Мәселен, біз «Болашақ» ХБО сыртқы талдау жүргізудің нәтижесінде 1 миллиардтан астам қаржыны үнемдеуге мүмкіндік алдық. Осы қарқындағы жұмыстар жалғасса, бүгінгі қоғам дертінің тамырына балта шаба аламыз, – деді Ғанижан Асанұлы.
Штаб жетекшісі Ырза Тұрсынзада да бірлескен іске атсалысу міндетіміз екенін алға тартты. Кездесуде агенттіктің бюджет қаражатының шығысы бойынша ақпаратқа қол жеткізуді жеңілдету, азаматтардың мемлекетке деген сенімін арттыру, сондай-ақ тиімді диалог платформасын құру мақсатында «Ашық бюджеттердің интерактивті картасы» – publicbudget.kz жобасын жүргізіп жатқаны айтылды. Бүгінгі күні карта қоғамдық бақылау мен Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын құру жөніндегі тапсырмасын іске асырудың пәрменді тетігіне айналды. Айта кету қажет, карта іске қосылғаннан бері ел бойынша 8,3 трлн теңге көлемінде 17 мыңнан аса мемлекеттік мекеменің бюджет қаражаты жарияланған. Ал, облыс бойынша картада 1883 бюджет жарияланып, 706 ұйым тіркелді және 3 өтініш келіп түсті. Олардың барлығын мемлекеттік органдар дер кезінде қарады. Қоғамдық бақылауды жүзеге асыруда атқарылған жұмыстар мен бөлінген қаражат арасында сәйкессіздіктер туындаған жағдайда азаматтар осы картада пікірлерін қалдыра алады.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<