Асыраушы сала ақсамасын деп…

619

0

Қазақстанның аграрлық әлеуеті аса зор, сондықтан осы салада өнім мен экспорт көлемін алдағы жылдары 2,5 есе арттыру міндеті қойылған. Бұл мақсатқа жетуде агроөнеркәсіп саласына берілетін мемлекеттік қолдаудың маңызы өте зор. Жалпы субсидиялар фермерлердің тұқым, тыңайтқыш пен гербицид, асылтұқымды мал басын сатып алу секілді басқа да көптеген мақсаттарға жұмсалатын шығындары құнының бір бөлігін қаржыландырады.

Биылғы жылдың күрде­лілігіне қарамастан шаруалар назардан тыс қалған жоқ.

Елдегі төтенше жағ­дайға байланысты ауыл шаруа­шылығы саласының ақ­сауына жол бермеуге күш салынды. Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың тапсырмасына сәй­кес Ауыл шаруашылығын қар­жылай қолдау қоры («ҚазАгро» холдингінің ен­ші­лес компаниясы) төтенше жағдай кезінде бизнес иелерінің несие жүктемесін жеңілдету бағытында бірқатар шараларды жүзеге асырды. 2020 жылғы 16 наурыздан 15 маусымға дейінгі кезең­де қаржылық жағдайы на­шар­лаған шаруаларға төлем­дерді кейінге қалдыруға мүм­кіндік берілді. Төлемді уақытша тоқтата тұру клиент­тің несие тарихына кері әсер етпейді. Сонымен қоса, ауыл шаруашылығы өнім­дерін өндірушілер ауыл шаруашылығы мақсатында пайдалануға арналған жерлер бойынша жер салығын төлемейді.

Ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерді қолдау мақсатында 70 млрд теңге бөлінді. Мемлекет басшысының биылғы 31 наурыздағы тапсырмасына сәйкес қарапайым заттар эконо­микасы бағдарла­масы­ның аясында 1 жыл мерзімге көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге 100 млрд теңге бөлінді. Бағдарлама қатысу­шыларының облигацияларды өтеу мерзімі 7 жылдан 10 жылға дейін ұзартылады.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы маман­дарының берген мәліметінде көрсетілгендей, биыл облыс­тың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін мемлекеттік қолдауға 12,8 млрд теңге бөлінген. Оның ішінде, 4,8 млрд теңгесі егін шаруашылығын қолдауға, 2,4 млрд теңгесі мал шаруашылығын қолдауға, 5,6 млрд теңгесі басқа да бағыттарға төленді.

Осы көмектің арқасында облыс диқандары тыңайт­қышқа, тұқымға, гербицид­ке, суға жұмсалған шығын­дарының бір бөлігін жаба алды. Субсидия сондай-ақ өткізілген өнімге де төленуі тиіс. Өткен жылы субсидияның бұл түрі төленбей қалған болатын.

Мысалы, Шиелі ауданын­дағы «Ақмая» ШҚ  былтыр 5 мың тонна күріш өткізсе, биыл осы көлемге 17,5 млн теңге субсидия ала алды. Биыл 1300 гектарға күріш егіп отырған шаруашылық тыңайтқыш үшін 11 млн, тұқым үшін 4 млн теңге көлемінде субсидия алды. Гербицид үшін тағы да көмек алуы тиіс. Аудандағы ірі шаруашылықтардың бірі саналатын ұжымда  50 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Ал  маусым кезінде 130-дан астам адам жұмыс істейді. Шаруашылық төрағасы Дәулет Жұмбеков биыл су тапшылығы қиындық тудырғанын айтып өтті. Қиындықтан шығу үшін шаруашылық ішкі каналдарды өз күшімен тазалап шыққан. Соның арқасында өнім көлемі жылдағыдан кем болмайды деген үміт бар.

Мал шаруашылығында асылтұқымды мал сатып алуға субсидия беріледі. Жаңақорған ауданындағы «Келешек Плюс» ЖК төрағасы Тимур Әбілбашаров былтыр төлімен қосқанда 600 мал басының ішінен 300 аналық қойға 2,5 млн теңге шамасында субсидия алғанын жеткізді. Бұл жем-шөп бағасының күйіп тұрған шағында әжептәуір көмек. Енді өткен жылғы төл үшін берілетін субсидияны алдағы кезеңдерде алуы тиіс.

Биыл субсидия­ландыру­дың инвестициялық бағдарламасына біздің өңірге қатысты бірқатар өзгерістер енгізілгенін айта кету керек. Сол өзгерістерге сай кемінде 5 гектар қарқынды алма бақтарын, алма көшеттерін, жүзім бауларын еккен диқандарға субсидия төленетін болды. Оның өзінде 1 гектар алқапта 2 мыңнан 5714 көшетке дейін отырғызылған және тамшылатып суғару әдістері қолдануы тиіс.

Биылға дейін тек екі ауданға – Шиелі және Жаңақорғанға субсидия беріліп  келген болатын. Енді қалған аудандардағы субсидия талаптарына сай келетін шаруашылықтарға да берілетін болады. Мәселен, Жалағаш ауданындағы «Құрманбай ата» шаруа қожалығының  6 гектарлық алма бағы бар. Сырдария ауданындағы «Ақжарма» ЖШС бес жылдан бері 12 гектар алқапқа алма, алмұрт, өрік, шабдалы, шие, жүзім өсіруде. Ал Бесарық ауылында «Абай-Дәулет» ЖШС екі жыл бұрын 5 гектарға 10 мың алма көшетін отырғызды. Жалпы облыс көлемінде жеміс-жидек пен жүзім баулары 350 гектар аумаққа орналастырылған.

Ыдырыс Тәжіұлы,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<