« Өмір деген опасыз
Әркімдерден өтеді
Өлшеп берген демің бар
Бірте – бірте бітеді»
Досбол датқа.
«Көзден кетсе көңілден кетеді»- деген сөздің бары рас. Дегенде көргендер көңілінде ұзақ сақталатын жандар болады. Міне соның бірі менің жан досым Сыздықұлы Баянбай болатын. Мына дөңгеленген жарық дүниеге кімдер келіп кімдер кетпей жатыр. Өмір бар жерде өлім бар деп бекер айтылмаған керек. Біз арамызда жүрген адамдардың қадірін білеміз бе? «Адам өмірге қонақ» -деген қағиданы көп аса мән бермейтініміз шындық. Әр жыл өткен сайын қатарларымыздың саны кеміп бара жатқан жоқпа? Деген сауал да жоқ емес. Адам керуен белестерді кейінге тастап өте беретініне көзіміз жетіп жатыр. Сонау бала кезімізден дос болған Баянбайдың өткен өмірін жазуға тағдыр маған жазыпты. Адал досты еске алып, естелік жазу қиынның қиыны екен. Қанша қиын болса да өткен шақты жазуға тура келіп тұр. Жазымыштан озымыш жоқ. Бүгінде айналама қарап алаңдаймын, қатар жүрген кездер көз алдыма елестеп, көңілім құлазығындай болып қаламын. Ес білгелі 80- жылдай бірге жүріп, өмірдің қызығында, қиынында бірге көрген достан айырылу кімге болса да оңай болмаса керек. Көңілдің жабырқаулы күйде тұрғанын жасыра алмаймын.
Я, қандайда бір өлім болмасын өкініші болады. «Адам өмірге өзінің еркінен тыс келеді және өзінің не үшін туылғаны мен, неге тиіс екенін білмеген күйі дүниеден өтеді»- Омар Хайаль
Міне осы өмірге келу де, өмірден өлу де, өз еркінен тыс, құдіреттің күші- жазмыш.
Енді міне сол естеліктің бүкіл сапалы өмірін сыр елінің автотранспорт саласына жұмсаған. Досым туралы барлық жағдайын жақсы білемін, біле тұра не жазарымды білмей біршама отырып қалдым. Қолымдағы қаламсап жазба дейді, әйтеуір бір сезім көлденеңнен тұрғандай сезіндім. Бірақ жазу керек. Сонымен жерім елім деп соққан жүрек тоқтағанына бір жылдай уақыт болып қалыпты.
Бакең, 1938 жылы 14 мамыр айында, Сырдария ауданы «Тасарық» колхозында дүниеге келген. Туған жеріміз бір, ауылымыз бір, ежелгі 30-40 ұя түтіні бар. Тас бөгет қыстағы мен Бірқазан стансасының ортасы.
Әкелеріміз, ағаларымыз айырылмас дос болған. Содан бізге берілген қасиет болар, бізде достықтың туын жықпай келдік.
Достықтың астын сызып жатқаным менің Бәкеңді жақсы білетіндігім. Оның қадір қасыретін, адамгершілігін жақсы түсінген мен мен айтпағанда, кім айта алар екен? Дос болу екі жақтың жүрек қалауы. «Бір адал досы бар адам- бақытты» деген тағы бар. Өтіп жатқан өмір жолында әр пенденің өзіндік ерекшеліктері бар. Кімнің де болса өмір жолы тегіс болды деп айту артық болатын шығар. Өмірдің сәулелі күндері мен көлеңкелі, жақсылығы мен қадыгездігі, дауылы мен жауыны, қызығы мен қиындығы, жеңісі мен жеңілісін мойындауымыз керек шығар. Я, сонымен өмір деген өткел күрес, сынақ болса керек.
Бәкеңнің де өмір жолы тегіс болды деп айта алмаймын. 1955 жылы Тас Бөгет қыстағындағы №11 орта мектепті бітіріп, 1958 жылы Қызылорда қаласындағыауылшаруашылық техникумын тәмамдап, жас маман Ұлы-Тау ауданы «Сары Кенгір» кеңшарында бас механик болып жұмысты белсенді бастап кетеді. Өмір талабына сай қабілеттілігін сездіріп, аянбай еңбек 21 жастағы жас жігіт келешегін де ойлай бастайды. Бір жарым жылдай еңбек еткен жері кеншар еңбекшілері жақсы сөздерін айтып, оң жол тілеп, жоғарғы ықыласпен шығарып салады. Елі Қызылорда қаласына келіп, жұмыс іздеп, сәті Қазалы ауданы «Бірлік» қыстағында орналасқан «Левобережный» кеңшарының бас инженері болып жұмыс атқарады. 1961 жылдың маусым айында жұмысын тапсырып, арманы жоғарғы оқу орнына түсу болады. Бұл арманына жетіп, Алматы қаласындағы Полетехникалық институтының металлургия факультетінің студенті аталады. Көп ұзамай теміртау қаласындағы металлургия заводында жұмыс қолының жетіспеуіне байланысты, жұмысқа жегіледі. Күндіз жұмыс, түнде оқу -1963 жылға дейін жалғасады. Өзінің армандап жүрген мамандығын Москвадағы политехникалық институтының автомеханикалық факультетін ойдағыдай бітіріп, «инженер механик» деген мамандыққа ие болды. Осылай ойда жүрген арманы орындалды. Ендігі өмір жолы Қызылорда қаласында өтіп жатты. 1968 жылы жылжымалы №42 колоннада бас механик, 1969 жылы №1 автотранспорт мекемесінде бас инженер, директоры болып қызмет атқарды. 1979 жылы «такспопарктің» бастығы болып тағайындалады.
Осы жылдары, 1985 жылы облыс басшылары өзгерді. Сырт жерлерден әр деңгейдегі басшылар келе бастады. Бұрыннан жұмысын атқарып келе жатқан бірсыпыра басшылар жұмыстан босап, жауапқа тартылып, абақтыға қамалды. Оның ішінде нақақтан, жаламен кеткендері де болды.
Жасынан еңбекке араласып, осы жылдары Қызылорда қаласының тұрғындарына танымал, қай мекемеде болмасын, абыройлы жұмыс атқарып, биіктен көрініп жүрген іскер Азаматты кенеттен сәтсіздік алдынан шықты. Өмір жолында, алдынан не күтіп тұрғанын кім білген, қалыпты жағдай «деген де жеміс құртының ең дәмді, піскеніне түсетін сияқты, адамның ең асылына оқ атылады» деген бар. «Егер жақсы атақтар алып, табысты болып жатсаң, ия болмаса ел ішіндн сіз жөнінде жақсы пікір айтылып жатса, дайындала бер, күндеушің табылады»- депті бір ғұлама.
Азаматтың артынан сөз ереді, тіпті еш нарсе істемесеңде жүре беретін көрініс көрінеді. Жақсы сөз еріп жатса бәр сәрі, ал жаман сөз-өсек ерсе ше? Мысалы, Мырзалиев бір өлеңінде «Өміріме көңілім толмас еді, Мен өлгенде біреулер қуанбаса» немесе Сұлтанбаев Құдайберген айтқандай «қиналмай өлгеніңді де күндейді-бұл қазақ». Я, ағайын, қалыптасқан заңдылыққа айналған сияқты. « Арадан шыққан жау қиын» деген бар. Атты өшсін дегің келеді.
Адамға қандай қорлық әсер қалдыратыны Бәкеңнің «Оттан да ыстық өмір» атты айдармен тағылған кітабынан толық түсінуге болады. Осы кітапта тар қапаста өткізген өмірінің толғауы, адамдық қасиетін сақтап, шындық пен намыс үшін қайсарлықпен күресін, сын- өткелдерден өтіп, адалдығын мойындатқан, абыройын қайтарып, өзіне өзі қуаныш сыйлаған Азамат ақтады. Бұл Ер Азаматтың басына түскен сын сағаттары болатын. Бұл сынақтан өте алмай, сынғандары да қанша. Ал, Бәкең өзінің туа–бітті болмысы мен, қайсарлық мінезімен,намысқойлығымен қандай да бір қауіпті жағдайларда жол тауып, Азаматтық мінез танытып, кімнің кім екенін көрсете білді. Атам қазақ жолдас көп, дос аз деп жатады. Осы айтқандай достың да досы бар.Дос болу жүрек қалауы, адамға берген ерекше бір қасиет, құдіреті,сиы болса керек. Менің осындай досым тұлғасы биік, болмысы бөлек жаратылысы ерекше, бір сөзді, берген уәдесіне берік, жүрген отасында сыйлы, төңірегіндегі азаматтардың ықыласына ие болған.Сөзге шешен, тура сөйлеп, керек жерінде азаматтық мінез де танытып, нағыз сегіз қырлы, бір сырлы, ақ жүрек Азаматтың өзі.
Қазақта «сенің кім екеніңді айтайын жолдасыңды көрсет»- деген ұғым бар. Бұл сөздің астарында көптеген мағұлмат жатқаны белгілі.
Бәкеңнің дос-жарандары көп болатын, солардың ішінде жиі қарым қатынасы болған азаматтары Алматы, Ақтөбе, Ақтау, Шымкент қаласының тұрғындары болатын.Әр пенденің өмірінде қиыншылық пен ауыртпалық болатыны анық. Қандай да бір қиыншылыққа езілмеді,тағдыр мен соққыларға төзе біліп шыңдалды, өз өлеңдеріне шерін тарқатқан. Өмір жолын өлеңмен сомдалған кітабы да бар. «Жақсының жауы көп, жаманның дауы көп» деп жатады. Бәкеңнің жауыда, жолдастарыда көп болатын. Бәкең кез келген ортада өзін емін еркін сезініп шешендігімен жұртты жаулап алатын. Фәни тірліктен өзінің адами қадір қасиетін берік ұстап, өмірінің соңына дейін, ұрпақтарына өсиет айтып жақсылық тілектерден шаршаған емес.
Міне, осы дос жарандарда Бәкең дүниеден озған шаралары жаназа, 40-күндік асына қатысып, өздерінің жылы-жылы лебіздерін айтып еске алып жатты. Оларға менің рахметтен басқа айтар сөзім жоқ.
Адамда жақсы қасиет болмаса, оған бақта, бақытта қонбайды-деген ғұлама Баласұғын. Олай болса азаматтың басында болатын абырой,атақ, бедел мен бақ, туған елге адал еңбектің нәтижесінде ғана келеді. Бұл тұрғыда Бәкеңнің басына бақта, бақытта қонған, жолы ақжолтай болған Азамат деп айта аламын. Бақ жұлдызы жанған пендесің жаратқан әу бастан-ақ тағдыр тезіне салып шыңдап,өмір өткелдерінен өрге сүйрейтіні белгілі жайт болса керек.
Қорыта айтқанда облыстың өркендеуіне әлеументтік-экономикасына үлесін қосқан білімді-білікті басшы болды десек артық айтқаным болмас.
Марқұм күйлестерін, еске алып толғанысқа түсетін кездері болатын. Жаралы жүрек ойынан қайдан кете қойсын. Басқа түскен бәлеге не амал бар. Кеште болса «Аққа құдай жақ» деген мәтел сірә өмірде осындай жағдай шығар. Ол жанын да, арын да қорғаған Азамат.
Еңбек талап кісіні жоғарылатады. Өкінішке орай, ерінбей еңбек етсеңізде, күншіл, ұрыс-керіс, көре алмас адамдар ортамызда отыратыны бар. Әрине, адалдықтың аты –адалдық, түбінде арамдық әшкерленіп, адалдық жеңеді. Қашан жеңеді деп,осы әділдікке жетпей кеткендері қаншама… Осы әділдікке жеткенше жазықсыз жандар қаншама психологиялық жан күйзелістеріне ұшырайды! Өлшеп бағалау мүмкіни емес. Сіздерде хабардар боларсыздар. Мен өзім талай жайсандардың жазықсыз жалаға шыдай алмай, жүрек инфарктына, инсульттерге тап болғандарын білемін. Тілге шешен, ақындығы да бар,домбыра шерітетіні де бар. Құралайдың көзінен ататын мергендігі де бар. Мінезінде қайсарлығы да бар, серілігі де, бөрілігі де бар.Бір сөзді Азамат. Марқұм Әлкей Марғұлан айтқан екен «Білеміз, білгесін айтамыз да» деп. Мен досымды жете білгесін жазып отырмын.
«Тағдырдың ауырлығын, қайсарлық көтереді» -деген бар.Қатал сын қатыгез кезеңінде, пенде болып азабынан қашқан жоқ.Жігер мен үміттің отын жағып, шындықпен әділдіктің туын берік ұстады. М.Мақатаев айтқандай: «Не жетеді тіршілікте көргенде, тек өмірім өтпесе екен шерменде» Жақсы айтылған сөз. Тағдырға да уақытқа да риза болу,шүкірлік жасау адамға парыз ретінде айтылса керек. Өткен өмір белестері, тек бақытты белестер емес.
«Жүйрікте де жүйрік бар, қазан аты бір басқа, жігітте де жігіт бар, Азаматы бір басқа» деген қазағымыздың мақалы осы Баянбай сияқты азаматтар үшін айтылған болу керек. Бәкең соңғы жылдары «Салтанат» Акционерлік қоғамының президенті. Мекемелер ұйымында үлкен жетістіктеріне жетелеп, сапалы қызмет көрсеткені үшін, бірнеше медальдармен, Қазақстан автотранспорт Министрлігінің «Құрметті автотранспортшысы» болып екі рект марапатталған. Қызылорда қаласының «Құрметті азаматы». Бірнеше рет қалалық советінің депутаты және пленум мүшесі болып сайланған. Осы жылдары 10 жетім балаларға, 5 қарттарды қарамағына алып, көмек көрсетуге келген болатын. Жаны жомарт, көңілі мәрт, алақаны ашық аптал азамат Баянбай Сыздықов аймағымыздағы рухани шараларға да қатысып, демеушілік жасап жүрді.
Бәкең әулиетіне пана болып, қамқоршы аға, ағайынның қуанышы мен қайғысына ортақ болып, көлеңкесін түсіріп жүрген жайы бар болатын. Адал жар болып, ата-аналық борышына жауапкершілікпен қарап, ұл-қыз өсіруде үлкен бақыт, жоғарғы мәртебе екендігін де, айта кету орынды болар.
Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады, деген мәтел осы Бәкеңдей Азаматтарға қарап айтылған сөз болу керек. Бәкеңнің жүріс тұрысынан, сөйлеген аталы сөздерінен, істеген істерінен сол тектіліктің көлеңкесі көрініп тұрады десем артық айтқаным болмас. Әке қасиетін, Ана сүтінен қазақтың салт-дәстүрінен шерін бойына тарата білген жан. Жоғарыда айтылған Бәкенің «Оттан да ыстық өмір» атты кітабын оқығанда шындық пен намыс ұшты күресте өмір үшін шайқасты жан дүниең қозғалысқа түсетіндей әсер қалдырады. Өмір жайлы жазылған өлең кітабы өз алдына бір төбе,оқырмандарды ойландыратын туындылар десем болады.
Кеменгер Абай Құнанбаевтың «Артыңда сөзің мен ісің қалса, өлсеңде өлмегенге боларсың тең» онда Бәкеңнің артында халқына жасаған қызметі, өшпейтін өлең сөздер кітаптары, өмірін жалғастырушы ұрпақтары бар. Оған қоса Чинғыз Айтматовтың жазғаны бар, « Адам өлмейді оның білетіндері тұрғанда»-деп. Мен үшін Бәкең өлген жоқ, тек жасырынып қалған сияқты.
«Досың дос болады-қосың болса, қосың қос болады- досың болса» деген бар. «Жігіттің қосы онбай, ісі онбайды» дегенде сөз бар.Ер азаматтың жанында жан ашыр жары, өмірлік серігі-оның өмір жолында жеңісіне қол соғып, жеңілісіне бірге мұңайып, кейде қайрат беріп,намысын оятып отыратын жолдасы Зейнегүл Балтабай қызы десек болады. Екеуі жұптасып 49 жыл өмір сүріп, ұзақ сапарды өмірдің қиындығына мойымай, қызығына масаттанбай, сабырлы қалпына сақтаған жан.
Зайыпты адамдар 10 жылдай бірге тұрса, бір –біріне тартып кетеді дейтініміз бар.Сүйікті жары Зейнегүл туралы осыдан 50 жыл бұрын осы шаңыраққа келін болып түскенінде білемін. Зина парасатты, марқабатты, инабатты, от басының ұйытқысы алтын қазығы бола білді. Қазіргі кезде қазақ әйелдеріне тән. Бәкеңнің артында қалған жұмыстарын ойдағыдай атқарып келеді.
Бүгінде ұл қыздарының рахатын көріп немерелер сүйіп отырған Асыл –Ана. Жақсы жар-Азаматтың бағы деген осы болар. Мен өз кезегімде досым Бәкенің бекзат болмасын осылайша бедерлеп жаздым, бұл менің достық парызым деп білемін.Бәкең бұл фәни өмірден өнегелі Әке, сүйікті жар мейірімді Ата болып өтті. Өмірден алған бағы да байлығы осы болар. Орнында бар оңалар деп, артында қалған ұрпақтарына абырой тілеп, от бастарына амандық,жағымды жағдайлары мен жақсылықтары мол болғанын қалаймын. Әкелерінің қасиетті есімін жалғастыра береді деген сенімім мол. «Түзу ағаштың көлеңкесі қисық болуға тиіс емес» шөпте шыққан жеріне шығады. Әке аманаты орындалуы тиіс. Ел жұрты сыйлаған,дархан жүректі, қимас дос, асыл Азаматтың мәңгілік мекені жарық, иманы жолдас, орны пейіштің төрінде болсын деген тілектемін. Пейіште нұрың шалқысын қайран досым Баянбай.
Тұрғанбай Маханов





